Адалдық пен ардың жолын бойтұмар еткен, қайсарлық пен қажырдың нышанына айналған Қажымұқан бабамыздың алып тұлғасы тағы бір мәрте халқымен қауышты. Бұл жолы – күмбірлеген көк аренада емес, кинематографтың көркем өрісінде.
Журналистер мәслихатында ұлттың рухани қоржынын байытатын ерекше оқиға – отандық «Қажымұқан» көркемфильмінің талқылауы өтті. Ежелден-ақ «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген халық даналығы бар емес пе?! Арыстан жүректі, темір білекті баһадүр бабамыз жайлы түсірілген бұл фильм – ұлт жадын жаңғыртқан көркем дүние, тасқа басылған тағылым.
Жиында алғаш болып сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов:
– Отандық киноны дамыту – мәдени тұтастықтың басты тетігі. Бұл фильм барлық ауданның Мәдениет үйлерінде көрерменге тегін ұсынылады, – деді.
Қазақ қашаннан-ақ қонағына құшағын ашқан, өнерге қошеметін аямаған халық. Бұл жолы да сол асыл қасиетінен жаңылған жоқ. Ешбір көрермен билет іздеп сабылмайды. Ешкім қалтасындағы қаржысына қарап тартынбайды. Себебі бұл – ұлттық мұрат жолындағы тұтас бастама. Елдің ертеңі – жастар. Ендеше, олар көретін кино – тәрбиенің темірқазығы болуы керек.
Жиында фильмнің режиссері Қанағат Мұстафин де сөз сөйлеп, туындының маңызын нақтылай түсті:
– Қажымұқан атамызды ұлықтау – ұрпаққа өнеге қалдыру. Көркем дүниеде қиял мен шындық астасып отырады. Біздің туынды 80 пайыз нақты дерекке негізделген. Ең қуаныштысы – фильмнен кейін отыз шақты ата-ана хабарласып, балаларының күрес үйірмесіне жазылғанын айтты. Міне, осы – ең үлкен жетістік, – деді ол.
«Жақсының артында сөзі қалар, ердің артында ізі қалар» дейді қазақ. Қажымұқан атамыздың сол ізімен жүріп, оның жолын жаңғыртқан бұл фильм – рухтың ресімі, тарихтың тереңге тартқан тынысы.
Басқосуда сөз тізгінін алған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, білікті медиаменеджер Нұржан Мұхамеджанова да жастарға бағытталған жобалар жайлы ой бөлісті.
– Бұл фильм жас буынға отансүйгіштік сезім сыйлайтынына еш күмәнім жоқ. Біз жастардың бойындағы рухани қуатты оятуымыз қажет. Алдағы уақытта «Тайқазан» атты анимациялық фильм жарық көреді. Бұл да – ұлт жадын серпілтетін үлкен жоба болады, – деді ол.
Осы орайда «Бала көргенін емес, көкейіне түйгенін іледі» деген нақыл еске түседі. Экрандағы образ бала жанына тұқымдай себілсе, оның жемісі елдік болмыспен көктейді. Қажымұқандай алыпты үлгі тұтқан жас ұрпақ – жарқын болашақ кепілі.
Кинода Қажымұқанның 16 мен 20 жас аралығындағы бейнесін сомдаған жас актер Диас Төлепберген де сөз алып, актерлік жолындағы қызықтармен бөлісті.
– Бұл рөлге түсу үшін бірнеше кезеңнен тұратын кастингке қатыстым. Ағам да Қажымұқанның егде шағындағы рөлін сомдайды. Бір отбасының екі мүшесі осындай қасиетті кейіпкерді сомдауы – біз үшін үлкен абырой, – деп, өнердегі сабақтастықтың, отбасылық рухтың жарқын көрінісін атап өтті.
Қажымұқанның бейнесін әкелі-балалыдай болып сомдаған ағайынды қос актер – ұлттық киноға үлес қосып қана қоймай, қазақы рухты ұрпақтан ұрпаққа жалғаудың үлгісін көрсететіні ақиқат.
Фильмнің көркемдік қуаты – Қажымұқанның тек палуандығын емес, адамгершілігін, елге деген махаббатын, әділдікке деген адалдығын ашып көрсетуінде. Бұл – білектің ғана емес, жүректің де күші.
Қазақ «Қанмен келген қасиет – термен бекиді» деп бекер айтпаған. Қажымұқан атамыздың тектілігі бүгінгі ұрпаққа өнеге. Ол – майдан көрмесе де, елге қызмет еткен ер. Ол – күресте қарсыласын ғана емес, күмәнді көзқарастарды да жеңген қайсар. Осындай тұлғаны таныту – ұлттың өз болмысын мойындату.
Қазақта «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді. Қажымұқан бабамыздың рухына тағзым ету – елдің еңсесін тіктеу. Демек, бұл фильм – жай ғана кино емес, бұл – халық жүрегіне жазылған рухани ескерткіш.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ