«Көзден кетсе де көңілден өшкен жоқ» деген ерекше ілтипатқа, қимастық сезімге толы тәмсіл бар. Бұл сөз көбінесе өмірден озған, туыстарына, ел-жұртына аяулы жандарға бағышталады. Осыдан бір жыл бұрын дүние салған Азатхан Сәтбаева жайсаң мінезімен, жарқын бейнесімен Жаркент жұртының есінде қалған, елі ажалға қимас аяулы жанның бірі еді.
Азатхан Шаяхметқызы ауданда ұзақ жыл басшылық қызмет атқарды. 1994 жылы Қазақстанда мәслихаттар институты, – қос палаталы Парламент және облыстық, аудандық мәслихаттар құрылып, жаңа басқару құрылымының сайлауы да осы жылдың наурыз айында өткізілді. Панфилов аудандық мәслихатының алғашқы хатшысы болу бақыты да Азатханға бұйырды. Алғыр хатшы жергілікті депутаттарды өңір өмірінің өзекті мәселелерін шешуге жұмылдыра білді.
Азатхан Шаяхметқызы басқарған мәслихат көпшілік арасында өткізілетін жұмыс әдістерін жан-жақты жетілдіріп, оның қызметтік ауқымының кеңеюіне, тәжірибеге халықпен бітеқайнасатын елмен байланыстың ұтымды түрлерін енгізуге баса көңіл бөлді. Соның нәтижесінде, мәслихат жұмысында айтарлықтай оң тәжірибе жинақталып, ұтымды іске көмегін тигізді.
Жаңа құрылған аудандық мәслихат жергілікті өзін-өзі басқару саласында негізгі орын алатын пәрменді күшке айналды. Халық қалаулыларының басты міндеті қолданыстағы заңдарға сәйкес халықтың еркін білдіретін мәселелерді анықтап, олардың дер кезінде шешімін тауып, жүзеге асуын қадағалап, өз сайлаушыларының талап-тілектерін уақтылы атқарушы билік алдына көлденең тартты.
Азат аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарған жылдарда да көптеген игілікті іске, мәдени шараларға ұйытқы болғанын білеміз. Сол жылдарда Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің, жезтаңдай әнші Дәнеш Рақышевтың мерейтойлары ауданда айрықша атап өтілді. Өтпелі кезеңде қаржы тапшылығынан қаңырап қалған мәдениет үйлері мен клубтар, кітапханалардың қызметі қайта жанданды. Аудан орталығы мен ауылдарда жаңа балабақшалар ашыла бастады. Медицина мен білім беру салаларының жұмысы біртіндеп ретке келтірілді.
Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарындағы қиындықтарды еңсеріп, жалақыдан, зейнетақыдан мақұрым қалған жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін оңды шешуге сол кездегі аудан басшылары Әділшайық Ыбраймолдаев, орынбасарлары Азат Әбдікәрімов пен Азатхан Сәтбаева жоқтан бар жасап, елдің береке, бірлігін сақтап қалды десек артық айтпаймыз.
Жалпы ел басқару қызметіне қызыққанның бәрі қол жеткізе бермейді. «Тақыр жерге шөп шықпайды», – дейді дана халқымыз. Азаттың елмен бітеқайнасып, көшбасшы болуының негізі ата-бабаларының алғырлығында болса керек. Әкесі Шаяхмет Смағұлов ерекше қабілет-қарымымен елге аңыз болған азамат екен. Ол Қазақстанда алған білімін Шығыс Түркістанда жетілдіріп, мұғалім, мектеп директоры, аймақтық білім бөлімінің басшысы, болыпты. Кейіннен екі ел арасында жылымық саясат орнаған. өткен ғасырдың 20-30 жылдарында Кеңес өкіметінен қуғын-сүргін көріп Қытайға өткен қазақтарды қайта Отанына оралтуға ұйытқы болып, Кеңес өкіметінің елшілігінде қызмет етіпті.
Азатхан 1956 жылы 6 мамырда қарапайым отбасында дүниеге келген. Кейін бұл отбасы да Отанына оралып, Жаркент өңіріне қоныстанған.
– Ол жастайынан өте зерек еді, – деп еске алады Азаттың бірге туған әпкесі Науатхан Шаяхметқызы. – Азат жасы алтыға толмай мектепке барды. Мұғалімі оны ең соңғы партаға отырғызып, бірнеше күн алым-қарымын байқады. Ұстазының тексеруінен сүрінбей өткен ол оқуын жалғастырып, кейін мектепті үздіктер қатарында тамамдады. Ол алғырлығымен қатар жан баласының көңілін жықпайтын көкірегі көрікті жан еді.
Азат 1965 жылы ата-анасы қайтыс болған соң Жаркент қаласындағы Ы. Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебінің пансиондық интернатында тәрбиеленді. Мектепті үздік тамамдаған соң 1972-1976 жылдар аралығында Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтының физика-математика факультетінде білім алды. Институттан соң еңбек жолын өзі оқыған Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте физика-математика пәндерінің мұғалімі болып бастады. 1981-1986 жылдары аудандық білім бөлімінің әдіскері, инспекторы болып жұмыс істеді. 1986 жылы аудандық атқару комитетіне шақырылып, ұйымдастыру-кадр бөлімінің бас маманы, меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды.
1994 жылы наурыз айындағы сессияда баламалы түрде сайлау ұйымдастырылып, басым дауыспен аудандық мәслихаттың алғашқы хатшысы болып сайланды. 1998-2005 жылдар аралығында Панфилов ауданы әкімінің орынбасары, 2005-2007 жылдары Алматы қаласындағы Алмалы аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бас маманы, ұйымдастыру-кадр бөлімінің басшысы, 2007-2010 жылдары Бостандық ауданы әкімінің ұйымдастыру-кадр бөлімінің бас маманы, әлеуметтік сала бөлімінің бас маманы қызметтерін атқарды. 2010-2011 жылдары Талғар аудандық әкімдігінің ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы, 2011 жылдың маусым айында «Панфилов ауданының жұмыспен қамту орталығы» мемлекеттік мекемесінің директоры қызметіне тағайындалды. Осы мекемеден зейнеткерлік демалысқа шықты.
Азатхан Шаяхметқызы облыс, аудан әкімдерінің, облыстық мәслихат хатшысының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен, «Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астана қаласына 10 жыл», «Мәслихатқа 25 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған. Отбасында екі ұл бала тәрбиелеп, 8 немере сүйген бақытты ана еді.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы