Құмар ойынға құныққандардың болашағы бұлыңғыр. Сөйте тұра, барын бәске тіккен соң, басы бәлеге қалып, бағынан айырылғандардың саны жыл сайын өсуде. Оңай олжа іздеп, букмекерлік кеңсенің табалдырығын тоздырғандар мен слоттың соңына түскендердің трагедиясы туралы сөз қозғайық.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психологиялық ауытқу деп ресми түрде атаған. Бұл жай ғана «ерік-жігердің әлсіздігі» немесе «еріккеннің ермегі» емес, адамның санасын улап, отбасын ойрандайтын, соңы үлкен қылмыс пен суицидке апаратын қоғамның күрделі дерті.
Жарқ-жұрқ еткен жарық, қызылды-жасылды жарнама мен «дәл қазір бәс тік те, миллионер атан!» деген айқайлаған ұрандар… Сырт көзге жай ғана бағыңды сынау сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, осы сиқырлы әлемнің сыртында сананы жаулап алатын қауіпті қақпан құрылғанын біріміз білсек, біріміз білмейміз.
Құмар ойынның құлына айналған адамды көргенде, қоғам бірден кінә артуға дайын. «Ерік-жігері жоқ, өзіне ие бола алмайды» дейді. Бірақ мәселе адамның мінезінде емес, оның басындағы ең күрделі мүше – мида. Казино мен букмекерлік кеңселер адамның тәніне тиіспей-ақ, оның жан дүниесін қалай қақпанға түсіреді?
Адам ағзасында «дофамин» деп аталатын гормон бар. Дәмді тамақ ішкенде, жақсы хабар естігенде немесе мақсатымызға жеткенде бөлініп, адамға бақыт пен қуаныш сезімін сыйлайды. Сәттілікке сенген ойыншы алғаш рет бәс тігіп, азғантай ақша ұтып алған сәтте, оның миында нағыз «дофамин жарылысы» орын алады. Міне, қауіп те дәл осы жерден басталады. Адам миы бұл оңай әрі орасан зор ләззатты есте сақтап қалады да, оны қайта-қайта талап етеді. Уақыт өте келе лудоманның миы соншалықты уланатыны сондай өмірдің басқа бақытты сәттерін сезуден қалады.
Құмар ойынның ең қауіпті қақпаны – жеңіске бір табан жақындау феномені. Мәселен, рулетка ойнап отырсыз. Сіз тіккен сан «14», ал шар «15» деген санға барып тоқтады. Сәл ғана жетпей қалды! Қарапайым логика бұл жерде: «Сен ұтылдың, ақшаңнан айырылдың» деуі керек қой? Жоқ! Казино алгоритмдері бұл сәтті мидың «ұтылыс» емес, «мен жеңіске өте жақынмын, келесі жолы міндетті түрде ұтамын!» деп қабылдауына әдейі есептеп жасаған. Дәл осы сәтте мида тағы да дофамин гормоны бөлінеді. Ойыншы тақырға отырса да «жартылай жеңіске» мастанып, тиын-тебені қалғанша бәс тігуін тоқтатпайды.
Кез келген лудоманның «Менің өз стратегиям бар, мен процесті бақылап отырмын» деген соқыр сенімі бар. Шындығында, сіз телефон экранындағы батырманы басқан сәтте-ақ, барлық процесс сіз үшін емес, сізге қарсы жұмыс істейді. Әлемдік деңгейдегі математиктер мен психологтар бірігіп жасаған алгоритмді қарапайым адамның жеңіп шығуы екіталай. Математикалық есеп әу баста-ақ казиноның пайдасына шешіліп қойғанын ескерсек, бәс тігіп, бай болам деген үміт ақталмайтыны анық.
Бұрын құмар ойын тек арнайы казино мен автомат залдарында ғана болса, телефонда қолжетімді. Ал, цифрлық лудомания – мәселенің қызыл деңгейі. Соңғы жылдары елімізде құмар ойын айналымы триллиондаған теңгеге жетіп, тіпті жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Статистиканы сөйлетсек, Қазақстанда 400 мыңнан астам адам құмар ойынның құрбаны болған. Ең өкініштісі, 15 пен 30 жас аралығындағы жастар лудоманияға дәніккен.
Миллиардтар қайда кетіп жатыр? Ресми деректер қазақстандықтардың букмекерлік кеңсе мен онлайн-казиноға тігетін ақшасы жыл сайын еселеп өсетінін көрсетеді. Бұл сома еліміздегі білім беру немесе денсаулық сақтау саласына бөлінетін кейбір мемлекеттік бюджеттерден де асып түседі екен. Демек, азаматтарымыз маңдай терімен тапқан табысын құмар ойынның қазынасына еш ойланбастан құйып жатыр.
Ойынға тәуелді әрбір лудоманның мойнында кем дегенде 3-4 банк пен шағын несие ұйымдарынан алған берешегі болады. Ең сорақысы олардың 80%-дан астамы бұл қарыздарды жаңа ставкалар арқылы «қайтарып аламын» деп былыққа белшесінен бата береді. Ал, соңғы криминалдық хроникаларға көз жүгіртсек, еліміздегі алаяқтық пен пәтер ұрлығының, тіпті қызметтік ақшаны жымқыру оқиғаларының әрбір үшіншісінің артында құмар ойынға ақша іздеген лудомандар тұрғаны анықталған. Мәселен, прокуратураның соңғы жылдардағы ресми мәліметі бойынша, тіркелген барлық қылмыстардың шамамен 20 пайызына (жылына 30 мыңнан астам) құмар ойын себеп болған.
Цифрлық лудоманияның қаупі – білінбеуінде. Егер ішімдік ішкен немесе есірткі тұтынған адамның өзгерісі сырт көзге бірден байқалса, телефонға телмірген лудоманды соңғы тиынынан айырылып, отбасы теріс айналып, үйін кепілдікке қойғанға дейін тану мүмкін емес. Құмар ойынға тәуелді адамдардың көбінде «жеңіске жету» емес, «жеңілгенді мойындамау» қажеттілігі басым болады. Олар ақшаны қайтаруға емес, өздерінің қателеспегенін дәлелдеуге тырысады. Бұл жерде адамның эгосы, намысы және өзін бағалауы рөл ойнайды. Сондықтан олар ұтылған сайын тоқтамай, керісінше тағы ойнайды. Психологиялық тұрғыдан бұл – эмоцияны қабылдай алмаудың көрінісі. Адам жоғалтуды, өкінішті және дәрменсіздікті қабылдай алмаған кезде, ми оны қайта-қайта «түзетуге» ұмтылады. Ал шын мәнінде сауығу ұтқаннан емес, жоғалтқанын мойындай алған сәттен басталады, – дейді Q University психология магистрі, гипнотерапевт Элмира Кадирбергенова.
Құмар ойынның құрбаны құрдымға қалай кетеді? Ешбір адам ойынды «мен ертең бәрінен айырылып, қарызға батып, отбасымды далаға тастаймын» деп ойнамайды. Керісінше, бәрі де қызығушылықтан, бес-он теңге бәс тігіп, «бақ сынап көруден» басталады. Психологтар мен наркологтар құмар ойынға тәуелділіктің адамды күйзеліске түсіретін 4 кезеңін бөліп көрсетеді.
Адамды тұзаққа түсірудің алғашқы жолы – ұтыс кезеңі. Ешқандай тер төкпей, бірнеше минуттың ішінде бір айлық жалақысындай ақша ұтып алады. Дәл осы сәтте мида «мен ерекшемін», «менің жолым болады», «ақша табу оңай екен» деген жалған сенім ұялайды. Ойынның қызығына кіреді, бәс бағасы өсе береді. Осылайша тұзаққа түскен кезде кезекті ойыннан ұтылады. Бұл кезеңді психологтар шындықпен бетпе-бет келу дейді. Жоғарыда айтқандай, математика заңы өз дегенін істейді. Алғашқы сәттілік үлкен ұтылыстарға ұласады. Бірақ ойыншы тоқтамайды. Бұл кезеңде ол «отырған орнын толтыруға» талпынады. Ол ұтылған ақшасын қайтару үшін тағы тігеді. Өз ақшасы таусылғанда жақындарына өтірік айтып, достарынан қарыз алады, банктерден несие рәсімдейді. Ойын барын жасыра бастайды, мінезі күрт өзгеріп, ашушаң болады. Жұмысында, отбасында ұрыс-керістер басталады.
Үшінші кезеңде қарыздар шаш етектен келеді. Банктер мен коллекторлар мазалай бастайды. Ойыншы тек қана құмар ойын туралы ойлайды, оның санасын «ақшаны қайдан табам?» деген бір ғана сұрақ торлайды. Осы сәтте адамның ішкі моральдық құндылықтары сынып, ар-ұят шетке ысырылады. Ол қарызды жабу немесе жаңа бәс үшін алаяқтыққа барады, үйіндегі бағалы әшекей-бұйымдарды ломбардқа өткізеді, туған-туыстарын алдайды, қызметтік ақшаны жымқырады. Алайда, тығырыққа тірелгенін сезсе де, тоқтай алмайды. Ең соңғы кезең. Ойыншы қолындағы барынан да, бағынан да айырылады. Беделінен, жұмысынан, достарынан, ең басты – отбасыдан айырылады. Несие тарихы бүлінген, ешкім қарыз бермейді. Адам өзін қоғамға керексіз, ешкімге пайдасы жоқ бейшара сезінеді. Сананы үмітсіздік пен қорқыныш билейді. Осы кезеңде лудоман мәселеден құтылудың жалғыз жолы – өз-өзіне қол жұмсау деп ойлай бастайды. Бас прокуратураның мәліметінше, еліміздегі суицид оқиғаларының елеулі бөлігі дәл осы үмітсіздік кезеңіне тірелген лудомандардың үлесінде.
Лудомания – тек бір адамның ғана басына келетін қасірет емес. Ол өзінің айналасындағы ондаған, жүздеген адамның өмірін улап, қоғамның іргетасын сөгіп жатыр. Құмар ойын құрбанының артында жылап ата-анасы, шырылдап баласы, түнімен көз ілмей, тағдыры тәлкекке түскен жары қалады. Кеселдің зардаптары ұлттық трагедия деңгейіне жетті.
Қазақстандағы ажырасу статистикасына көз жүгіртсек, шаңырақтың шайқалуына себеп болатын негізгі факторлардың көшін дәл осы құмар ойын тұр. Лудоман бар ақшасын ойынға салады, үйіндегі заттарды тасиды, баласының ризығын қияды. Отбасындағы сенім толықтай жойылады. Күнделікті ұрыс-керіс, коллекторлардың қоқан-лоқысы мен туыстардың алдындағы масқаралыққа шыдай алмаған ерлі-зайыпты ақыры екі бөлек кетуге мәжбүр болады. Ең сорақысы осы ұрыс-керісті көріп өскен балалардың психологиясы түбегейлі уланады.
Күйеуім құмар ойын ойнайтынын, үйге ең алғашқы рет көлемді қаражат әкелгенде ғана білдім. Басында ақша көп тапты. Біраз уақыт өткен соң үйге мүлдем ақша әкелмейтін болды. Керісінше, алтындарымды өткізіп, достарымыздан қарыз ала бастады. Ұрыс-керіс көбейді. Балаларға зияны тимес үшін, солардың болшағы үшін ажырасып кетуге мәжбүр болдым. Бұлай тәуелді болып кетеді деп ойлаған жоқ едім, – дейді Талдықорған қаласының тұрғыны Ажар Тұрсынқызы (аты-жөні өзгертілген).
Қарызға белшеден батқан сәтте лудоманның миындағы тежегіш істен шығады. Ол ақша табу үшін қылмыс әлеміне қалай қадам басқанын байқамай да қалады. Таныстарына «бизнес ашамын» немесе «жақыным ауырып қалды» деп өтірік айтып, ақша жинау лудоман үшін үйреншікті жағдайға айналады. Оған қоса, мемлекеттік қызметте, банктерде немесе ірі компанияларда кассаға, қаржыға жауапты лудомандардың миллиондап, миллиардтап бюджет ақшасын жымқыруы жиілеп кетті. Хроникаға көз жүгіртсек, «бір түнде пәленбай миллион теңгені тігіп жіберіпті» деген хабарлардың артында дәл осы тәуелділік тұр.
Құмар ойынның құлына айналмас үшін, сананы сергек ұстау қажет. Рухани аздырып, тағдырыңның тас-талқанын шығаратын дүниеден адам бойын аулақ ұстаса екен дейміз. «Азарттың» соңы азапқа апаратынын есте ұстайық.
Мақпал Әділханқызы





