Мұғалімдермен тілдесе қалсақ қазақша түсінбейтін, туған тілінде сауатты оқып-жаза алмайтын оқушы көбейгенін тілге тиек етеді. Тіпті әлеуметтік желіде сауатсыз ұрпақтың артқанын айтып, дабыл қағып, ұлт болашағына алаңдап жатқандары да бар. Бұл күрмеуі қиын мәселеге дәл бүгін назар аудармасақ ертең тым кеш болады. Ұрпақ тәрбиесін ұстазға ғана ысырып қоймай, қоғам болып атсалысатын уақыт әлдеқашан жетті.
Қолына кітап емес, смартфон ұстаған оқушыны жиі кездестіретініміз ақиқат. Соның салдарынан әлеуметтік желідегі қысқа хабарламалар, сөздерді ықшамдап, барынша қысқартып жазу олардың күнделікті әдетіне айналып үлгерді. Қысқа да нұсқа жазылған жазбаларынан тыныс белгілерді іздеудің өзі артық. Оқушы үшін бұл қалыпты дүниеге айналып үлгерген. Оған басы ауырып, балтыры сыздап тұрған бала жоқтың қасы. Бір қарағанда біз тілге тиек еткен тақырып соншалықты үлкен мәселе болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ кейінгі буын дәл осы жолмен жүрер болса, жарқын болашақ, кемел келешек күтуге асықпай-ақ қойғанымыз дұрыс.
Өмірінің қырық жылын жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруге арнаған зейнеткер-ұстаз Күнсұлу Манапқызының айтуынша, мектеп бағдарламасына түбегейлі өзгеріс керек.
Сауатсыз ұрпақтың күн санап көбейіп келе жатқаны алаңдатады. Мәселен, немерем 1-сыныпты бітірді. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды бір оқу жылының ішінде өтті. Әлі әріп танымай жатқан бала үшін бұл өте ауыр. Оқушы ең алдымен 42 әріпті тануы керек. Бастауыш сынып мұғалімі әрбір әріптің өзіне тән ерекшелігін оқытып, баланың санасына сіңгенше қайталау сабақтарын өтуі тиіс. Біз әліппедегі әріптерді жаттап үлгермеген балаға ауыр тапсырмалар ұсынуға мәжбүрміз. Бастауыш сынып мұғалімдеріне де оңай емес. Сондықтан мектеп бағдарламасын қайта өзгертпесек, жас ұрпақ сапалы білім алады деп айту қиын, – дейді ұлағатты ұстаз.
Жас ұрпақтың жазу сауаттылығымен қатар сөйлеу мәдениетінде де өзгерістер байқалады. Кейбір оқушы ойын қысқа сөздермен ғана жеткізіп, бөтен тілден енген сөздерді орынсыз қолданады немесе әдеби тіл нормаларын сақтамайды. Бұл олардың көпшілік алдында еркін сөйлеуіне, пікірін дәлелдеуге және қарым-қатынас жасауына кері әсер етеді. Жазу және сөйлеу сауатсыздығы оқу үлгеріміне ғана емес, болашақ кәсіби өмірге де ықпал етеді. Сауатты жаза алмайтын немесе ойын анық жеткізе алмайтын оқушы жоғары оқу орнында да, еңбек нарығында да қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондықтан бұл мәселе әрбір мұғалімнің, ата-ананың және қоғамның назарында болуы тиіс. Оқушылармен тілдескенімізде бұл мәселеге алаңдайтындықтарын жеткізді. Талдықорғандағы Шоқан Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының оқушысы Алима Қайратқызының айтуынша, замандастары әлеуметтік желілерде көп уақыт өткізгендіктен сөздерді қысқартып, қате жазуға үйреніп кеткен.
Сауатты жазу – адамның білімі мен мәдениеттілігін көрсетеді. Ол үшін міндетті түрде кітап оқып, эссе, диктант жазу керек. Кітап оқу сөздік қорды байытып, сөйлемдерді сауатты құрастыруға көмектеседі. Сауаттылыққа ұстазым мен ата-анам ерекше көңіл бөлді. Қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі Анар Ахметова сабақ барысында дұрыс сөйлеу, сауатты жазу және ойды анық жеткізуге ерекше мән береді. Замандастарымның қате жазғанына ескерту жасасам ренжіп қалатындары да бар. Алайда сол қатемен жұмыс істемейтіндеріне ішім ашиды, – дейді оқушы.
«Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» деп ұрандағанда алдымызға жан салмаймыз. Бірақ осы білімді ұрпақ тек ұстазға ғана керектей көрінеді. Жә, ұстаз тарыдай боп мектепке кіріп, партаға жайғасқан балаға саналы тәрбиесін, сапалы білімін беруге міндетті. Алайда барлық мұғалім сабақ жоспарынан тыс жұмыс істеуге, көшке ілесе алмаған баламен қосымша сабақ оқуға құлықты емес. Оның да өзіндік себебі бар. Ең бірінші – мұғалімге артылған жүктеме көп. Сынып жетекшіліктен басқа кәсіби қызметіне жатпайтын міндеттері тағы бар. Қоғамдық шараның басынан соңына дейін жүруге, оны фотоға түсіруге, желіге салып жариялап, есеп беруге, ең соңы уақытпен санаспай «WatsApp»-тағы ата-аналардың сұрағына жауап беруге міндеттеп тастаған. Сондықтан сыныбындағы баламен жеке жұмыс істеуге ұстаздың уақыты жоқ. Сол үшін де жиі-жиі мінберлерде «мұғалімге артық қоғамдық жұмысты артуды тоқтату керек» деген сын-ескертпелерге жоғары жақтан көңіл бөліп жатқан ешкім жоқ. Өкінішті.
Ұстаз көзқарасы
Зоя ТОЛЕУБАЙ, №30 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі:
Баланың сауатты болуына тікелей бастауыш сынып мұғалімі жауапты. Сондықтан бізге артылатын жауапкершіліктің жүгі тым ауыр. Қолына алғаш қалам ұстап, «А» деп әріп таныған оқушы үшін мұғалімнің айтқаны заң. Ал осы заңның қалтқысыз орындалуына ата-ана да жауапкершілік алса, жақсы нәтиже шығаруға болады.
Қазіргі балаларды қызықтыру өте қиын. Сондықтан оларға сабақтың өзін ойын арқылы өткіземіз. Өткен оқу жылында бірнеше тиімді тәсіл қолдану арқылы балаларды оқуға, сауатты жазып, сөйлеуге машықтындырдым. Әуелі оқушыны күнделікті кітапты зейін қойып, түсініп, жылдам оқуға дағдыландырдым. Ол үшін «Бір шапалақ», «Жалғастыр», «Бір сөйлем», «Еркін қозғалыс» сынды әдістерді қолдандым. Мәселен, «Еркін қозғалыс» әдісінде оқушылар партада отырмайды. Терезеге, шкафқа сүйеніп, орындыққа шалқайып, жүрелеп отырып кітап оқиды. Яғни, тапсырманы әр оқушы өз қалауымен орындайды. Байқап қарасам, оқушыларыма ұнады. Балалардың түсініп оқыған, оқымағанын білу үшін он сөз бердім. Олар шығармада кездесетін сөздерді тауып қоршап сызады. Егер бала осы тапсырманы орындай алса, шығарманы түсініп оқығаны үшін мақтап, мадақтап қоямын. Содан кейін шығармадан үзінді көшіріп жазу, жатқа жазу, теріп жазу, үнсіз жазу түрлерін күнделікті қолдану арқылы сауатты жазуды біршама жетілдірдім. Әсіресе оқушылар ң-н, с-ш, ұ-у, ү-ө, л-р дыбыстары бар сөздерден қате көп жібереді. Себебі ол дыбыстар бала тілі енді дамып келе жатқанда дұрыс қойылмай, уақытысында түзетілмеген. Әр әріпті анық айта алмаған бала қате оқиды. Басқалар күледі. Оқушының осындай қиндықтармен бетпе-бет келмеуі үшін ата-ана баласының әрбір әріпті анық айтуына назар аударғаны жөн. «Мектепке барғанда үйренеді» деген қағиданы 6 жастағы ұл-қызға айту тым кеш.
Сымбат РЫСДАУЛЕТОВА, М. Мәметова атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
Соңғы жылдары оқушылардың жазу және сөйлеу сауаттылығына байланысты мәселе жиі айтылады. Бастауыш сыныптың оқушыларын айтпағанда, жоғары сыныптың оқушылары төл дыбыстарды ажырата алмайды. Мұғалімдер сауаттылықты арттыру үшін түрлі әдіс-тәсіл қолданады. Сабақта эссе жазу, мәтінмен жұмыс, пікірталас, сөздік қорды дамытуға арналған жаттығуларды тұрақты жүргіземін. Былтыр оқушылардың білім деңгейіне қарай тапсырма әзірлеп, тоқсан соңында «Ең сауатты оқушы», «Үздік оқырман» сайыстарын өткіздім. Мықтылар жеңіс тұғырынан көрінді. Ал қалғаны сол жеңіске талпынуға да қызығушылықтары байқалмады. Тіпті ата-аналармен де осы мәселе бойынша жиналыс өткіздім. «Үйде баламен бірге кітап оқыңыздар. Мазмұнын сұрап, арасында шығарма жаздыртыңыздар. Сіз болып, біз болып осы сауатсыздықпен күресейік» деп айтуын айтамыз. Нәтижесі көңіл қуантпайды.
Сауатты ұрпақ тәрбиелеу – мұғалімнің ғана міндеті емес, ол мектеп пен отбасының бірлескен еңбегін қажет етеді. Егер балаға кішкентайынан кітапқа қызығушылық және ойын дұрыс жеткізу мәдениеті үйретілсе, бұл мәселені шешу жеңіл болар еді. Әріптестермен жинала қалсақ ең бірінші көтеретін мәселеміз де осы. Сауатсыздық адамзатқа ортақ мәселе.
Жазу және сөйлеу сауаттылығының төмендеуі – тек ұстаздың, оқушының ғана емес, қоғамның ортақ мәселесі. Алайда егемен елде өмір сүріп жатқан біздің қоғам әлі де өзге тілде шүлдірлейтіні айтпасақ та түсінікті. Онымен қоймай «Балам бірінші өзге тілді меңгеріп алсын. Қазақшаны үйде де үйренеді» дейтін «білгіш ата-аналар» орыс мектептерінің санын арттыруға атсалысып жүргенін айтпай кетсек, кінә болар. Көпшілігіміз «қайтсек сауатты боламыз?» деп жүргенде көгілдір экраннан өзге елдің өнімі жылт ете қалғанда «қайнайды қаным, ашиды жанымның» күйін кешетініміз ащы да болса шындық.
Бала үшін ең бірінші шырылдайтын ата-аналар осы оқу-тоқуға келгенде неге тартыншақтап қалатынын түсінбейміз? Олар үшін экран, телефон тәрбие құралы. Ал баламен сапалы уақыт өткізіп, әріптен сөз, сөзден сөйлем, сөйлемнен ой түзілетінін үйрету керек дей қалсақ, қара аспанды төндіре түседі. Баласына кітап оқып, сөйлесіп, ойын тыңдап, сапалы уақыт арнап жүрген ата-ана мүлде жоқ емес, бар. Бірақ тым аз. Содан болар олар бірден «баланың біліміне, тәрбиесіне мектеп жауапты» деп ысыра салуға бейім.
Ана-ана не дейді?
Жазира СЕРІКҚЫЗЫ, ата-ана:
Тұңғышым 8-сыныпты бітірді. Ол қызымыз мектепке барғанда отбасымызбен сабақ оқыттық. Халқымыздың «Алдыңғы арбаның дөңгелегі қалай жүрсе, соңғысы да солай жүреді» деген сөзі тегі рас екен. Үлкен қызымыз кейін сіңлісінің сабағына өзі-ақ қарады. Арасында бір тексеріп қоямыз. Оқу үлгерімі жақсы. Бірақ қосымша үйден диктант, шығарма, мазмұндама жаздырып, кітап оқытамын деп өтірік айта алмаймын. Қыздарыма «Құрбыңа «SMS» хабарлама жазсаң да қатесіз, тыныс белгілерін қойып жаз» деп отырамын. Өз басым қыз баланың сауатты болғанына қатты мән беремін. Себебі қыз ұлтты тәрбиелейді.
Төрт жасар кенжеміздің тілі «р» әрпіне келмей жүр. Арнайы мамандарға апарып, жұмыс істеп жүрміз. Отбасымызбен ұзақ жолға шықсақ міндетті түрде мақал-мәтел, жаңылтпаш айтып, жұмбақ жасырып, ойын ойнаймыз. Балаларды ойын арқылы өзімізше тәрбиелеп жүрміз.
Қазіргі балаларды құртып жатқан телефон. Бермейін десең қатарынан қалдырғың келмейді. Бізде басқа амал жоқ. Сабаққа телефон алып барады. Осыған мемлекет тарапынан тыйым салса, біраз мәселе шешілер еді.
Кейінгі жылы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіні пайдалануын шектеу мәселесі елімізде де қарастырылып жатыр. Ел ертеңіне алаңдаған халық қалаулылары желіге кіруді шектеуден бөлек мектепте смартфон пайдалануға түбегейлі тыйым салу керек деп жиі айтуда. Мәселен, Англия, Нидерланд сынды әлемнің қырықтан астам елінде мектептерде телефон пайдалануға тыйым салу туралы шешім қабылданған. Еліміздің бірқатар жетекші мектебі дәл осы тәжірибені енгізіп, оқу орнында смартфон қолдануға шектеу қойған. Нәтижесінде оқушылардың өзара қарым-қатынасы артып, үлгерім көрсеткіштері де жақсарған. Осы тәжірибені қазір көптеп ашылған «Келешек», «Жайлы мектептер» де қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.
P.S. Сауатсыздық – бір күнде пайда болған мәселе емес және ол бір ғана мектептің немесе мұғалімнің күшімен шешілмейді. Жазу мен сөйлеу мәдениетінің төмендеуіне қоғамдағы оқу дағдысының әлсіреуі, цифрлық ортаның ықпалы және отбасы тәрбиесінің өзгеруі ықпал етуде. Сауатты ұрпақ тәрбиелеу үшін мектеп сапалы білім берумен қатар ата-ана баланың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, күнделікті тіл мәдениетіне көңіл бөлуі қажет. Бала ең бірінші үйдегі үлкендерден көргенін қайталайды. Сондықтан оның сөздік қоры мен сөйлеу дағдысының қалыптасуында отбасының орны ерекше.
ҰЛТТЫҢ БОЛАШАҒЫ – ОНЫҢ БІЛІМДІ ӘРІ САУАТТЫ ҰРПАҒЫНДА. Әрбір сауатты жазылған сөз, әрбір мәдениетті сөйлем – ертеңгі тарих. Сондықтан сауатсыздықпен күресу – тек білім саласының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бүгін тілге деген жауапкершілікті арттыра алсақ, ертең ойын анық жеткізетін, сыни ойлайтын және ұлттық құндылықтарды құрметтейтін ұрпақ қалыптастырамыз. Ол үшін әрбір ата-ана ұрпақ тәрбиелеуді отбасынан бастауы керек.
Еңлік КЕНЕБАЙ





