Кербұлақ ауданына қарасты ауылдардың жағдайы мәз емес. Маусым-шілде айларындағы жауын-шашын мөлшерінің аздығынан шабындықтар қурап, күйіп кеткен. Қоғалы ауылдық округі таулы аймақта орналасса да шаруалар шөп шығымы жылдағыдан сирек екенін айтады. Десе де қамсыз қарап жатпай шөп шабу науқанына білек сыбана кірісіпті.
«Жасұлан» шаруа қожалығының басшысы Қайратбек Жансұлтанов шабындыққа дер кезінде шалғы салмаса күннің ыстығынан аз шөптің өзі күйіп кететінін алға тартады. Дегенмен жеткілікті түрде қор жинап алуға болады деген пікірде. Енді түсер жауын-шашыннан жердің көктеуі неғайбыл мәселе екені анық.
– Биыл қуаңшылық болып жатыр, шөптің шығымы жылдағыдан аз. Қазір ел осы шөп науқанына бел шеше кірісуде. Жалпы екпе шөп те бар, ол да халықтың бір жыртығын жамайды. Біз 200 тонна сүрлем дайындадық, Енді 100 тонадай шөп жинау керекпіз. Негізінде одан артығырақ қажет. 100 тонна сабан жинасақ біразға жетіп қалады, – дейді ол.
Кербұлақ ауданында 15 ауылдық округ бар. Аудан тұрғындарын шөппен қамту үшін 313 мың тоннадан астам шөп жинау керек. Бүгінде оның тек 97 мың тоннасы жиналыпты. Ірі фермерлерден бөлек ауыл орталықтарында мал ұстайтын тұрғындар бар. Оларға жемшөп дайындауға шаруа қожалықтары да жәрдем беруде.
– Аудандағы шаруа қожалықтар мен ауылдық округ әкімдері шөпті қажетті мөлшерде жинау бойынша жиын өткізді. Барлық шаруалардан мал тізімі жасалынып қанша жемшөп керектігіне талдау жасалды. Қазіргі кезде ауарайының қолайсыздығына байланысты ауданның жазықтағы елді мекендерінде шөп мәселесі күрделі. Оның шешу жолдарын қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар көршілес ауылдардан мал азығын тасу жолдарын да қарастырудамыз, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Еркебұлан Жармұхаметұлы.
Жалпы Қоғалы аулдық округінде қыс ұзақ болады. Осыны негізге алған шаруашылықтар жыл сайын шөпті жоспардан асырып шауып жүр. Бірақ, биыл жауын-шашынның аздығынан ауданда шөптің шығымы нашар. Соған қарамастан жылдық қор әзірленеді – деп сендіреді сала мамандары.
Медет ЖҰМАБАЙ





