Күн шақырая түсіп, ауа температурасы көтерілген сәтте қыбыр-сыбыр баяулап, тіршілік суға қаталап, көктің түбі қоңырқай тарта сағынышпен көктен тамшы сұрар еді. Ал үнемі бақылауда болып, күтімге әбден үйренген қызылды-сары гүлдер айналасына жайқала қарап, өзіне деген бар мейірімін ашық көрсетіп тұр. Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл облыс орталығындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Жаңа технологияның тиімділігіне тоқталып, уақытылы суарып, биіктей түскенде едірейіп шығатын бұтақтарын қысқартып, көгалдың белгілі өлшемнен асып өсуіне жол бермеу керектігін айтты.
Талдықорған қаласындағы орталық бассейннің маңы автоматты суару жүйесімен жүзеге асып жатыр. Оны көрген қала әкімі «тиімді әдіс» деп айрықша атап өтті. Одан кейін Ернат Дүйсенбекұлы «Аялы алақан» және «Көктем» саябағында егілген ағаштардың күтімін көрді. Қала басшысы барлық саябақтар мен скверлерді ақырындап автосуару жүйесіне көшіру қажеттігіне тоқталды.
– Жасыл желек – қала тынысы. Оларды күтіп-баптап, суару жұмыстарын жүйелі жүргізу маңызды. Бұл істі жауапты мекемелер тұрақты бақылауға алуы керек. Автоматты суару жүйесі осы бағыттағы тиімді шешімнің бірі, – деді өз сөзінде Ернат Дүйсенбекұлы.
Ал қала әкімінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша, ауа температурасының +30 жоғары болуына байланысты облыс орталығындағы көгалдар, гүлзарлар мен ағаштарды суару жұмыстары үнемі бақылауда болса, қала аумағындағы жасыл желектерді сақтау және оларды күтіп ұстау мақсатында суару жұмыстары күн сайын таңертең және түнгі уақытта екі мәрте жүргізіледі. Қаламыздың көркін келтіріп, сәнін әсемдей түскен жасыл желектерді күтіп ұстап, үнемі қарап отыру – ерекше еңбек.
Серік ҚАНТАЕВ