Соңғы кездерде Бенджамин көкейдің көлеңкесі зорайып келеді. Дұрыс түсінбей қалмаңыз, Бенджамин Франклин доллар бетіндегі портрет қой. Жыл соңы жақындағанда доллар кетті қалықтап. Ештеңені тұсау құрлы көрмейді. Ендігісі баға кетпей ме шарықтап? Тізгін тартқандар алаңдамауға шақырып, бағаның өспейтінін алға тартуда. Сене алармыз ба? Әдетте әлемдік сауда долларға байлаулы, оның құны өссе, баға көтеріледі. Ал доллардың 30 жыл көлемінде төмендегенін ешкім көрген жоқ. Бағаны да солай.
Қалай болғанда да доллардың бағамының өсуі Қазақстан экономикасына әсер етпей қоймайды. Ал оған тиісті шаралар қабылданбаса «Осы кеткенің кеткенің, иығыңда кетпенің». Ал, әсер ету факторларын саралайықшы, әуелі бірнеше сыртқы фактор бар. Бірінші мұнай бағасының төмендеуі. Шыны керек, көп жағдайда ел экономикасы мұнай экспортына тәуелді. Экономиканың тірегі – қара алтын десек те болғандай. Ал оның бағасының төмендеуі ұлттық валютаға оң әсер бермейді. Екінші фактор – әлемдік нарықтағы тұрақсыздық. Мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ-тың валютасына пайыздық мөлшерлемесін көтеруі дамушы елдердің төл ақшаларын әлсіретіп, долларға сұраныс артады. Қай кезде де солай. Қазірдің өзінде сарапшылар валюта айырбастау пункттерінде доллар сатып алу жоғарылағанын алға тартуда. Үшінші фактор – Ресей рублінің қатты арзандады. Ресей Қазақстанның басты сауда әріптесі. Ал бұл елдегі экономикалық жағдай бізге ықпалсыз болмайды.
Әрине, мұндай жағдайда инфляция өседі. Ал, теңгенің сатып алу қабілеті төмендеген сайын доллар қымбаттайды. Мұндайда ішкі факторлар бой көтереді. Қазақстан экономикасы көп жағдайда импортқа тәуелді. Сарапшылар Кеңес заманынан шикізат базасы болған Қазақстан өз-өзін қажетті тауармен қамтамасыз ете алатын деңгейге жетпегенін айтуда. Көп тауарды шетелден сатып алатын болған соң бұл өз кезегінде шетел валютасына сұраныс артады.
Үкімет бұл жағдайды бақылауда ұстап отырғанын алға тартуда. Айтуларынша, Ұлттық банк қажетті интервенция жасаған. Базалық ставканы көтерген. Үкімет тарапына да тиісті шаралар атқарылып жатыр. Доллардың биылғы орташа бағамы 470 теңге ретінде жоспар жасалған. Үкімет әзірге бұл жоспарды өзгертейін деп отырған жоқ. Доллар қымбаттаса, әуелі азық-түлік, содан кейін өзге тауарлар қымбаттап кететін әдеті ғой. ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мұндай жайдың орын алмасын ашық айтты. Себебі, елімізде халық жиі тұтынатын тауарлар қатаң бақылауға алынған. Көкөніспен қамтамасыз ету мақсатында «жасыл дәліз» құрылғаны да өз қауіпсіздігін қамтамасыз етеді екен.
– Үкіметтің басты міндеті – азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайының нашарлауына жол бермеу, олардың әл-ауқатын қорғау, сондай-ақ кәсіпкерлерге келетін теріс әсерді азайту. Экономика мен халық үшін ықтимал теріс салдарды тұрақтандыру және барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданатын болады. Үкіметтің бұл үшін жеткілікті ресурстары мен құралдары бар, – дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.
Елімізде тағы бір алаңдаушылық тудырып жатқан жайт – шетел валютасының сыртқа ағылуы. Бұрын шетелге шыққан ел азаматтары едәуір көлемдегі шетел валютасын алып шыға алатын. Тек сол сома декларацияланса жетіп жатыр. 2022 жылғы 14 наурыздағы Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы» Жарлығына сәйкес шетелге қолма-қол алып шығуға болатын соманың көлемі 10 мың доллардан аспауы керек. Егер бұл сомадан жоғары болса, шетелге өткелі тұрған кеден қызметіне ескертіп, артық соманы уақытша сақтауға қалдырып кетеді. Бұл заң бұзушылық емес. Ал, 10 мың доллардан жоғары соманы жасырып өтуге тырысу – контрабанда. Ал, шетелден кез келген көлемде қаражат әкелуге болады. Оған ешқандай шектеу жоқ.
Ел ішінде рубль әсерінен әлсіреген теңгенің жайын айтып, Ресей валютасынан ажырауды ұсынып жүргендер де жоқ емес. Әлемдік қауымдастықтар тарапынан салынған санкциялар, геосаяси жағдайлардың негізінде Ресей экономикасы әлсірей түсуде. Соған сәйкес рубль де құлдырауда. Осындай жағдайда теңгенің «үзеңгісін» ағыту жайы жиі көтеріледі. Жоғарыда айтқанымыздай Ресей Қазақстанның сауда-саттықта ірі серіктесі. Осы елмен сауда айналымы тұрғанда бұл қадам мүмкін емес.
Доллардың қымбаттағаны бағаға әсерсіз болмайды. Базар бағамы көтеріледі. Бұл – нарық заңдылығы. Дейтұрғанмен, байбаламға салудың да қажеті жоқ. Еліміздің кешенді дамуын қалыптастырып жүргендер қарап қалмас.
Дастанбек САДЫҚ
Фото: pixabay.com