Біз осы кімнен кембіз? Бір кем дүниеде кім-кімнен кем болыпты? Тең болмаса, кем болмапты. Болмайды да. Есесіне, бізде қазір бір артықшылық бар. Басбармаққа жанай біткен алтыншы саусақ тірлікке қаншалықты икемі жоқ, қаншалықты мəні жоқ болса, біздің бұл артықшылығымыздың соншалықты мағынасы жоқ. Тек бар əйтеуір. Сол бардан озып жатқанымыз жоқ, тозып жүрміз. Екі қолға бір сайман бола тұра тірлікте босып жүрміз. Кейде ұядағы сарыауыз балапандай ауыз ашамыз келіп. Құдды мемлекетке өткізіп қойғанымыз бен міндетіміз бардай. Одан қалды болмаған мен алға баса қоймаған тірлігімізді тағдырдан көріп, жалған «шүкірге» көңіл тояттаймыз. «Тағдырдың жазғаны болар деу – ақымақтықтың белгісі. Адам не тілесе, құдай соны тағдыр қылмақшы.Тікен еккен жерге бидай шықпақшы емес» демеп пе еді Міржақып Дулатұлы. Бұл сөзге де иланбадыңыз ба? Онда іс қылғанды мысал қылалық. Кербұлақ ауданында Асхат Талғарбаев есімді азамат бар. Құдай берген «шектеулі мүмкіндігін» шек көрмей, тірлігінде талаймен тең, талайдан озып жүр. «Жетісуда жасалған» айдарының келесі кейіпкері осы кісі болмақ.
Қоғам болғасын бәрі болады. Ала да, құла да. Мүмкіндігін құдай шектеген азаматтар сол қоғамның ажырамас бөлшегі. Ғалымдар он екі мүшесі сау жандарға қарағанда мүгедектердің өмірге құштарлығы басым болатынын алға тартады. Шыны сол. Тіршілікке құштарлықты Отарда туып, Сарыөзекте қалыптастырған Асхат Талғарбаев есімді тұлғадан көрдік. Құдай туабітті тіл бермеген, құлаққа да дімкәстік салған кейіпкеріміз қазір қарап жатқан жоқ. Талайдың кәдесіне жарап жатыр. Біреудің жыртылған етігін жөндейді, біреуге су жаңа аяқкиім тігіп береді. Жаңсақ оқымадыңыз. Саусағынан бал тамған азаматтың қолынан шыққан бұйымын әрісі Алматы, берісі Жетісу облысының тұрғындары тұтынып жүр. Құдды фабрикадан шыққандай. Заманауи. Рuma, adidas, patrizia, luca guerrin, valentino, giampieronicola, henderson сынды танымал брендтерді мың орайды. Таза былғарыдан тігілген соң, нағыз шебердің қолына түскесін осал болсын ба?! Негізі кейіпкеріміз жүгірген баладан еңкейген қарияға дейін киерге кебіс, етіктің сан түрін даярлайды.
Ертеректе, яғни кеңес заманында етікшілікті көбіне тіл мен құлақ мүкістігі бар жандар кәсіп ететін. Ал қазір ше? Қазір қолының ебі барлар да былғары мен бізді жанына серік етеді. Біздің кейіпкер әу баста етікшілікке бет бұрамын деп ойламаған. Жамбыл облысы, Отар елді мекеніндегі мектепті тамамдаған соң Ресейге аттанып, 3 жыл сонда әр салада тер төгеді. 1987 жылы елге оралған соң 10 жылға жуық пойызда нәпақа табады. Жолсерік немесе шойын жолдың қызметкері болып емес, әрине. Бұрын пойызға кірген бетте ұсақ-түйек зат сатып жүретін кісілер болушы еді ғой. Дәл сол кәсіпті тұрмысына арқау етеді. Ал Сарыөзекке 1989 жылы қоныс аударған.
Көзі қарақты оқырман, тілі мен құлағы мүкіс жанмен мына журналист қалай тілдескен деп отырмысыз? Мылқау жанмен сөйлесу «құдіреті» дарыған жоқ. Асхат Талғарбаевтың шағын ғана шеберханасына барғанымызда біршама қиналдық. Қытайдан алдырған арнайы планшеті бар екен. Сонда жазып, аз-маз сәлем-сауқат сұрасқанымыз болмаса, жөнді әңгімелесе алмадық. Осындайда тілсіздің тілін ұғар жан іздедік. Бақсақ, кейіпкерімізге жан-жақты қолдау білдіріп жүрген азамат бар екен. Есімі – Дәурен Әбдірәсілов. Өзі «Саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жетісу облыстық филиалында судаудармашы болып еңбек етеді екен. Көп жылдан бері Асхат Әлімханұлына жәрдемдесіп жүр. Өзі көбіне Талдықорған қаласында, жұмыс орны да сол жерде. Дейтұрғанмен, кейіпкеріміздің жанынан табылады. Қалай дейсіз бе? Мәселен, етікші шикізат іздеп Өзбекстанға немесе Қытайға барды делік. Мақұл, алысқа емес, мына іргедегі Алматыға барды. Сол жерде өзіне ұнаған тауарды таңдайды да саудаласу, сатып алу үдерісіне Дәурен Қадырбекұлы телефон арқылы араласады.
– Менің міндетім – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамнан оқшауланбай, көппен қатар жүруіне жәрдемдесу. Асхат Әлімханұлына көптен «тіл көмегімді» тигізіп келемін. Мәселен, сырттан келген кісі шебердің ымдағанын түсінбеуі мүмкін. Сол уақытта ағамыз маған хабарласады, бейнебайланысқа шығады. Ал мен өз миссиямды орындаймын. Бұл үшін ағамыздан ақы алмаймын. Шебер даярлаған өнімнің өзін сатып аламын. Одан бөлек, Асхат Әлімхан-ұлы бірнеше мәрте мемлекеттік гранттарға қатысты. Мұндай кезде құжат даярлау, құзыретті орган өкілдерімен сөйлесу, тиісті құрылымдармен байланыс орнату жағынан да аянып қалғаным жоқ, – дейді Дәурен Әбдірәсілов.
Кейіпкеріміз аяқкиім жөндеуді 2005 жылы қолға алады. Аядай дүңгіршегі Сарыөзек орталығында орналасыпты. Өзінің айтуынша, Ресейден елге оралған соң біршама уақыт Алматы қаласындағы базарда сауда істеген. Сол кезде етікшілердің өнеріне тәнті болып, үйренген. Осылайша Кербұлақ ауданының орталығына келіп, талай жыл көптің алғысын арқалаған. Айтуынша, сапасыз кебіс, етіктерді жөндеп жүріп сапалы һәм көптің сұранысын қанағаттандыратын өнім шығаруды ойлай бастайды.
– Қытайдан ағылған материалы нашар талай аяқ киімді жөндедім. Сонда көкейде неге Қазақстанда жеңіл өнеркәсіп дамымаған деген сұрақ тулайтын. Қанша жыл тәжірибе жинадым. Тігіншілікті меңгердім. Жобалауды, материалдан нобайды пішуді үйрендім. Бұл өндірісті зерделеп, зерттедім. Негізі аяқкиім тез тозатын бұйым ғой. Оны сапалы ету үшін төзімді шикізаттан жасаған абзал. Осындай тәжірибе жинақтаған соң «Көз қорқақ, қол батыр» ұстанымымен 2017 жылы аяқкиім тігуді қолға алдым, – дейді шебер.
«Аяз би» ертегісін білетін боларсыз?! Адам жаманы хан болған соң сарайының төріне ескі шапанын ілдіріп қойған екен. Сондағы мақсат – қанша жерден билеуші болғанымен бұрын кім болғанын ұмытпау. Біздің кейіпкер де қарапайым азамат. Ол да өткенін ұмытпас үшін ескі дүңгіршегін жаңа шеберханасының алдына қойыпты. Қанша табысты болса да, қанша жетістікке жетсе де, уақытында күннің ыстығы мен суығына қарамай жұрттың ескірген кебісін қалыпқа келтіргенін ұмытпауды мақсат еткендей. Ал жаңа шеберханасы да аса үлкен емес. Ол да Сарыөзектің орталығынан орын тепкен. 90 шаршы метрдей ғимараттың іші етікшілік өнерге қажетті құрылғыларға толы. Бұл ретте де ескі құрылғыларын далаға тастамаған. Шеберхана ашқанда қолдан жасалған қондырғылары сонадайдан менмұндалайды. Фанера мен ағашты, темірді қолданып істелген агрегаттар әлі де кәдеге жарайтынын алға тартты шебер.
Айтпақшы, Асхат Талғарбаев шеберханасын өзі салған. Ғимараттың жоспарын да өзі сызған. Аяқкиім тігуге шыдамы жеткен шебер құрылысты да меңгергені анық байқалады. Төрт бөліктен тұратын шеберхананың іші үлкен терезелердің есебінен жап-жарық. Ғимарат ішінде әр дүние өз орнында. Төрт-бес жасар баладан бастап еңкейген қарияға дейінгі адамдардың аяқ нобайлары сөреде самсап тұр. Өлшем-өлшемімен, мөлшер-мөлшерімен. Әуелде, біз бұл ғимаратты шеберхана емес, сауда дүкені деп ойлап қалған едік. Себебі, қызу жұмыс жүріп жатқан талай нысанмен таныспыз. Кейде сондай ғимараттың ішінде аяқ алып жүру мүмкін болмайды ғой. Ал мында белгіленген тәртіп бар. Жұмысшылар да сол тәртіпті құп көретіндей. Аядай шеберхананың іші мұнтаздай.
Қазір шебер күніге 5 жұп аяқкиім тігеді. Одан артыққа тер төкпейді. Себебі, кейіпкеріміз сан емес, сапаға жұмыс істейді. Сонымен қатар, мұнда келушілер де көп. Әсіресе, әскери қызметкерлер жиі бас сұғады. Тілсіз болса да тірлігі тындырымды жүріп жатқан шебердің базынасы да жоқ емес екен. Аядай ғимараты жауын-шашын күні кіл-кілдеген суға толады. Оған себеп, «Кербұлақ су құбыры» мекемесі. Шеберхана аталмыш мекеменің ғимаратынан әлде қайда еңісте, бірақ іргесінде тұр. Жауын болған күні су ылди іздейді. Содан кейіпкеріміздің ғимаратына құйылады. Әкімдікке бірнеше мәрте өтініш білдіріпті. Онысынан нәтиже жоқ. Көктем болғанымен сәуірде де жауын-шашын көп болмады. Ал шеберхананың құзыретті мекеме бетіндегі топырағы әлі балшық күйде. Ғимараттың ішкі қабырғасы ызаланып, көгере бастаған. Едендегі төсеніш асты да әлі шылқып тұр. Асхат Әлімханұлы қарғын судың бетін қайтаруға өз күшімен әрекеттенген. Арық қазған, ғимарат іргесін биіктеткен. Одан еш қайыр жоқ. Аудандық әкімдік өкілдеріне «шектеулі» дегенді шектеу көрмей, дені сау азаматтардан оқ бойы озық қарекет етіп, кәсіп жүргізіп отырған Асхат Талғарбаевқа жәрдем беруін біз де өтініш қылдық.
Шебер 2 мәрте қайтарымсыз грант иемденген. Бірін – 2017 жылы шеберханасының негізін қалауға, екіншісін жуырда жаңа қондырғылар үшін алған. Айтуынша, жаңа қондырғылардың көмегімен даярланған өнімдерге сұраныс артқан. Негізгі тұтынушысы – жетісулықтар болғанымен ай сайын Алматы қаласынан көлемді сұраныс түседі екен. Жұмысты тиімді ету үшін жанына көмекші алған. Екеуі де дімкәс жандар. Бірі – жары Сәуле Бекбаева, екіншісі – Бақытжан Кәрімбаев. Олар аудандық «Мансап» орталығының көмегі арқылы орналасқан. Шеберханада әркімнің өз міндеті бар. Сәуле ішкі тазалыққа, келіп-кетушілермен тілдесуге машықтанған. Себебі, бұл кісі аз-маз сөйлей алады. Ал Бақытжан мүлдем «тілсіз». Бірақ, құдай оған да ептілік пен үлкен сабырды дарытқан. Қазір өз бетінше аяқкиім тіге алады.
Асхат Әлімханұлы бала күнінен сөйлемеген. Бірақ, бірге туған төрт бауырының 12 мүшесі сау. Жары Сәуле екеуі 1 сәби сүйген. Баласы да «тілсіз» емес. Банк саласында еңбек етеді. Қазір ұрпағы отбасылы, Алматы қаласында тұрады. Екі немересін алып, демалыс сайын келіп тұрады. Шебердің өзі табиғат аясында демалғанды жақсы көреді. Цех төрінде бірнеше қармақ және балық аулау құрал-жабдықтары тұр. Өзінің айтуынша, үнсіздермен тілдесуден асқан ләззат жоқ екен.
Әдетте кез келген кәсіпкермен тілдессең, алға қойған жоспарын білмекке ұмтыласың. Олар өз кезегінде кәсібін ірілетуді, ілгерілетіп, дамытуды көздейді ғой. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз сапалы өнім шығаруды ғана мақсат тұтқанын, жоспары да сол болмағын алға тартты. Қарапайымдылық деп осыны айт. Бастысы, Асхат Талғарбаев мүмкіндігі шектеулі бола тұра онысын шектеу көрмегені, ешкімнен кем қалмай, қарымды қарекет етіп жатқаны көз сүйсіндіреді.
Дастанбек САДЫҚ
Кербұлақ ауданы





