Бұл туралы 7-su.kz ақпараттық порталы Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, Шерзат Б.-ға қатысты іс бойынша қамтылған күдіктілерді ұстау жағдайларына байланысты жолданған өтініште көрсетілген деректер негізінде қызметтік тергеу жүргізілген. Нәтижесінде алты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
“Шерзат Б.-ға қатысты тергеу барысындағы күдіктілердің уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлағаны туралы бейнемазмұнның таралуы бойынша қызметтік тексеру жүргізілді. Бұл жағдайға байланысты кінәлі болған алты қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды”, — деп мәлімдеді министр Ержан Сәденов Мәжіліс депутаты Максат Толықбайдың сауалына жауап бере отырып.
Айта кетейік, Шерзат Болаттың өліміне қатысы бар күдіктілердің уақытша ұстау изоляторында туған күн тойлағаны бейнеленген видео әлеуметтік желілерде таралған еді. Бұл жағдай қоғамда резонанс туғызды. Артынша Алматы облысы Полиция департаменті мән-жайды түсіндірді.
“Уақытша ұстау изоляторынан бір тұтқынның туған күнін атап өтуі бейнеленген видеоның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды”, — деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Сонымен қатар, Шерзат Болаттың ісі бойынша күдіктілерден ұялы телефон мен Алиса құрылғысы тәркіленгені белгілі болды. Бұл туралы жәбірленуші тараптың адвокаты мәлімдеді. Адвокаттар құқық қорғау органдарына сұрау жіберген.
Желіде тараған оқиға Алматы облысындағы Еңбекшіқазақ ауданындағы уақытша ұстау изоляторында болған. Адвокат Ерлан Адаевтың сөзінше, бұл жағдай бойынша құзырлы органдардан толық ақпарат сұратылған.
“Еңбекшіқазақ ауданындағы лауазымды тұлғаларға қатысты қызметтік тексеріс аяқталды. Қорытынды Алматы облысының Полиция департаментіне жіберілді. Іске қатысты лауазымды тұлғалардың бәрі анықталды. Олар тәртіптік комиссия шешімімен жазаға тартылады. Тергеу изоляторында қолданылған заңсыз заттар – мобильді телефон мен Яндекс-колонка тәркіленіп, қызметтік тергеу материалдарына тіркелді. Бейнебақылау камераларының жазбалары зерттелді”, — деді адвокат.
Ресми дерекке сәйкес, бейнежазбаны бұрынғы изолятор қызметкері жеке телефонына түсірген. Ол қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін жұмысынан босатылып, арнайы атағынан айырылды. Сонымен қатар бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Министрліктің мәліметіне сәйкес, 16 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметінен босатылды. Олардың арасында изолятор бастығы да бар.