Шомылу маусымы басталғалы бері өңірде 2 өлім дерегі тіркелген. Оның біреуі – бала. Екі оқиға да шомылуға рұқсат етілмеген жерде орын алған. Бұл жөнінде Б. Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Биылғы маусым айынан бері төтенше жағдайлар қызметкерлері су айдындарында 7 баланы құтқарып қалған. Осы ретте шомылу кезеңі аясында ТЖ департаментінің қызметкерлері полиция департаменті және еріктілермен бірлесіп 1571 адамның қатысуымен 967 патрульдеу мен рейд жүргізген. Шара барысында 9452 ақпараттық жадынама таратылған.
– ТЖД қызметкерлерімен су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 412 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке 42 адам тартылды. Биыл облыс әкімдігінің жұмыс тобы құрамында шомылуға рұқсат етілген 5, тыйым салынған 76 орынды ұлғайту жөніндегі жұмыс аяқталды. Бүгінгі таңда екі жобаны да облыс әкімдігі рұқсат етілген орындар бойынша және мәслихат тыйым салынған орындар бойынша бекітті, – дейді облыстық ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бағдат Тыныбек.
Облыс су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жедел-құтқару жасағының байланысында 16 моторлы жүзу құралы бар. 12 темір қайық, 4 катер. ТЖД құтқарушылары демалыс базалары мен балалар лагерьлері орналасқан су айдындары учаскесінің түбін тексеру және тазалау жұмыстарын жүргізіп, барлығы 23 су айдынын тексеруден өткізген.
Сарқан ауданы бойынша күн сайын кезекшілікке 3 құтқарушы, Балқаш көлінің бүкіл жағалауын 2 құтқарушы, ал Алакөл ауданы бойынша күн сайын кезекшілікке 2 құтқарушы, Алакөл көлінің бүкіл жағалауын 8 құтқарушы бақылайды. Сондай-ақ, демалушы туристердің көбеюіне байланысты бұл бөлімше қосымша тағы 4 құтқарушымен жасақталған.
ТЖД мамандары халықты су айдындарына барғанда ереже сақтап, сақ болуға шақырады.
Ясин ОРАЛБЕК





