Қазақтың біртуар ақыны Мағжан Жұмабаев: «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс-тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады», – дейді. Біздің байлығымыз, асыл қазынамыз,өшпес мұрамыз – тіл. Бірақ бүгінгі таңда тілімізді шұбарлап сөйлейтіндерді, қаланың қақ ортасында аймаңдай қылып іліп қойған қате жазылған жарнамаларды көргенде қынжылатынымыз рас.
Қала көшелеріне шыға қалсаңыз билбордтар мен жарнама тақтайшаларындағы, көгілдір экрандағы сауатсыз жазылған, калька түрінде аударылған жарнамалардан көз сүрінеді.Мағынасы жоқ, қатесі көп, өзге тілде жазылған мәтіндер менмұндалап тұр. Жалпы, мұндай қателердің, әсіресе, көпшіліктің қарасы көп болатын жерлерде кездесуі жанға батады. Ең сорақысы дұрыс аударылмаған жарнамалар айтыла беріп, қалыпты, құлаққа үйреншікті болып барады.
Жуырда Абай көшесінен өтіп бара жатып «Sulpak» дүкенінің қабырғасында батпандай болып жазылған «Сапа қолайлы бағаға» деген жазуға көзім түсті. Орысшасы «Качество по разумной цене». Мұнда мәтінді тікелей аудара салған. «Сапасы жақсы, бағасы қолайлы» немесе «Сапалы әрі қолайлы бағада» деп аударса түсінер едік. Әлгі жарнаманы оқыған соң көшеде өтіп бара жатқан бір топ жастан «мына мәтін дұрыс аударылған ба, мағынасын түсінбедім?» деп сұрадым. Олар бір қарады да «бағасы арзан деген мағына шығар» деді. Біз қате жазылған жарнаманы түзетуге емес, мағынасын өзімізше түсініп алуға тырысып жүргендейміз. Тіліміздегі сауатсыз жазылған жарнамалар мен көшедегі тақтайшалардағы қателіктерге бірте-бірте көзіміз де, тіпті,өзіміз де үйреніп бара жатқандай.
«Апама жездем сай» дегендей, «Sulpak-тың» жанындағы «Euro mebel»дүкенінің жарнамасы да дәл осылай тікелей аударылған. Олар «Цены для жизни» дегенді «Өмір үшін бағалар» деп жазыпты. Аты дардай дүкендерде төл әріптерімізді түзу жаза алатын адамның табылмайтынына қайран қаласың. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа» болмағаннан кейін, жеке кәсіпкерлер «Тіл туралы» Заңды белшеден басып, алабажақ, шаласауат тақтайшаларын орната беретіні өкінішті.
«LC Waikiki» дүкеніндегі «Біздің сөмкелеріміз бен сатып алу барысын жанға жағымды ете түсіңіз!». Тәржімалар тіл көсегесін көгертіп, қаланы көркейткеннің орнына қазақ тілінің қабырғасын қайыстырып тұрғандай.
Тізе берсең, көз ұялып, тілің күрмеліп, жүрегіңді қан жылататын жарнамалар өте көп. Қазақстан Республикасындағы «Тіл туралы» Заңға сәйкес көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мемлекеттік тілде, сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағында немесе төменгі жағында орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Яғни, жарнама алдымен қазақ тілінде жазылып, содан кейін басқа тілге аударылуы керек. Бірақ бізде тек орыс тілінде ғана жазылатын жарнамалар жетерлік. Мәселен, Ақын Сара мен Қабанбай бытыр көшесінде тұрған жарнамалардың басым көпшілігі орыс тілінде жазылған. Сауда үйінің алдында ағылшынша, орысша жазылған маңдайшалар да мемлекеттік тілді «менсінбей» тұрғандай. Аталған мәселені жарнама берушілер мен жарнама агенттіктері де қаперде ұстағандары абзал.
Мемлекеттік құжаттарды, заңды айтпағанда қарапайым ғана жарнаманың өзі орыс, ағылшын тілдерінен аударылады. Нәтижесінде он рет оқып түсіне алмайтын мәтін пайда болады. Тіл өлсе, ұлт жоғалады. Тіл – мәңгілік құндылық. Сондықтан қасаңдана, қарабайырлана бастаған ана тілін табиғи құнарына бүгін қайтармасақ, ертең бәрі кеш болады.
Айдар Қалиев