Мәслихаттардың жұмысын ақпараттық қолдау мақсатында ұйымдастырылған байқау жеңімпаздары марапатталды. БАҚ өкілдері арасында өткізілген дода да өңірдегі тілшілердің еңбектері бағаланып, үздік деп танылған жұмыстардың иелеріне сый-сияпат берілді. Шара аясында құттықтау сөз сөйленді.
– Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен Жетісу облыстық мәслихатының атынан шын жүректен құттықтаймын! Қоғамның дамуы мен жаңғыруында, ел тынысын халыққа жеткізуде, ақиқат пен әділдікті ту еткен журналистер қауымының еңбегі қашанда жоғары бағаланады. Аймақ өмірінің айнасына айналған облыстық телеарна мен басылымдарымыз уақытпен санаспай, күн демей, түн демей ақпарат таратудан шаршаған емес. Бүгінде бір ғасырдан астам тарихы бар «Жетісу» газеті мен облыс екі бөлінген уақытта құрылған «Вестник Жетісу» газеттері өңірдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық тақырыптарды қамтып, облысымыздағы орын алып жатқан әрбір жаңалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Облысымыздағы басты өңірлік арна – Жетісу телерадиокомпаниясы да күнделікті аймақтың маңызды жаңалықтарын, мәдени шараларын және өзекті тақырыптарын көрермен назарына ұсынып келеді. Облыстық бұқаралаық ақпарат құралдары осындай ақпараттық қарбаластың ішінде мәслихат депутаттарының да жұмысын назарда ұстап, түрлі жанрдағы бағдарламалар мен мақалалар арқылы ақпарат ұсынып, депутаттың халқына тағы бір қадам жақын болуына өз септіктерін тигізуде, – деді Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева.
Жиында Мәслихаттардың жұмысын ақпараттық қолдау мақсатында өткізілген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасындағы байқауда «Үздік мақала»номинациясы бойынша «Жетісу Шұғыласы» газетінің журналист – дизайнері Дауренқызы Диана III дәрежелі, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Мұхтар Күмісбек II дәрежелі, Жетісу облыстық «Jetisý» газетініңтілшісі Дастанбек Садық I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ 4 тілшіге Жетісу облыстық мәслихатының Құрмет грамотасы, 6 тіліші Алғыс хат табысталды. Мерекелік жиын соңында өңірдегі өнерпаздар ән шырқап, көпшілік көңілін серпілтті.
Медет ЖҰМАБАЙ