Қандай заманда, қоғамда болмасын сөз мәнісінен терең еш нәрсе жоқ. Бәрі де сөзден басталып, сөзбен аяқталады. Төрткүл дүниені дүрліктіріп жатқан соғыс та уақыт өте келіссөздермен аяқталады. Ширығып тұрған шырпы-сөзден кейде өрт шығады. Іргеңді сөгіп, тұтастығыңды туталақай ететін де осы. Сондықтанда бабаларымыз «жақсы сөз жарым ырыс», – деп қашанда жақсы сөйлеуге шақырған.
Қазақ халқында «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз – сүйектен өтеді, таяқ еттен өтеді», «Жанды жаралайтын да, емдейтін де сөз», «Оқ жарасы бітер, сөз жарасы бітпес», «Тау мен тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар», «Басқа пәле тілден» деген мәтелдер бар. Неге осыншама құндылықты тізіп отырмын? Өйткені, адамның тұлғаланып, кемелденуінде сөздің атқаратын рөлі зор.
«Жылқы кісінескенше, адам сөйлескенше» дегендей, кісі баласы бір-бірімен сөз арқылы ұғысып, танысып, жақындасады. Өзгені де, өзін де осылай таниды. Сөзі құнсыз адамның өзі де бағасыз.
«Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», – деген тамаша мақал жағымды сөйлеудің қаншалықты маңызды екенін аңғартады. Өкінішке қарай қазір мұның бәрі тоқтау айтсаң аңыздай, естісең ертегідей болып қалды. Сөз қадірін түсіну үшін ақын-жыраулардың жырына жылынып, ауыз әдебиетінен сусындап, құйма құлақ қариялардың көкейіндегісін төкпей-шашпай түгел жинап, байыппен пайымдап, сақадай салмақтай білу керек. Алайда бұл бағыттағы сүрлеуді шөп басып, ұмытылып барады.
Қазір кей жастар бір-бірімен тіл табыса алмай, дөрекі сөйлеп, арты дау-дамайға ұласып жатады. Мұндай келеңсіз жағдай қыздардың арасында да жиі орын алатыны жасырын емес. «Басқа бәле тілден» дегеннің бір көрінісі. Отбасы мен қоғамда бұрқ ете түсетін үлкен-кіші кикілжіңнің түпкі себебі – дөрекі айтылған сөз. Расул Гамзатовтың «Сөйлеуге үйрену үшін адамға екі жыл керек, ал тілге ие болуға 60 жыл керек», – дейтін әзілінде өмір шындығы жатыр. «Тілімнен таптым», – деп өкінбес үшін алдын ала ойланып алуды әдетке айналдыру жақсы қасиет. Бұл ғылымда да дәлелденген. Адам денсаулығын сақтауда, әсіресе, жүрек қан тамырларының сырқатына айналадағы адамдар сөзінің әсері зор екенін анықтаған.
Менің әкем ҰОС-ның ардагері, өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көргендіктен бізге аманаттап: «Біреудің ала жібін аттама», «Жетімді жылатпа», «Қатықсыз қара су ішсең де біреудің ақысын жеме, адал бол», – деп құлағымызға құйып, «Ардың ісіне» жауапкершілікпен қарауды бұйырып отыратын. Осыдан-ақ, «Тіліңді, тәбетіңді, нәпсіңді тыйып ұста» дегендердің түп төркіні бір жерден шығып жатуы тілге абай болудың жүрдім-бардым қарайтын мәселе емес екенін көрсетеді.
«Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады» деген мақалда да тарих мақұлдайтын шындық бар. «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама» заманында ел шұбыра көшіп, мыңғырған малдың қонысы болған жайлауында қаңбақ қуған желден басқа ештеме қалмаған күндерде бір көк ала бие бес ауылды асырауға жарапты. Биеден бір сауғанда үлкен көнек сүт шығады екен. Иесі «көз тиер, тіл тиер», – деп сайдан-сайға жасырып жүріп сауыпты. Бір күні биені сауып отырғанда алыстан төрт кісі көрінеді. Көріп қалады-ау деп асыққанымен, жолаушылар келіп қалады. Сол кезде жерден бір қара тасты алып, «тіл болсаң, тасқа ти» – деп, сүттің ішіне тастап, көнектің бетін жаба қояды. Төрт кісі сәлемдесіп, амандық айтысып болған соң: «Біз бұрылғаннан бері биенің бұтында отырсың, содан бері сауып отырсың ба, жоқ жәй отырсың ба соны тамашалап білейік деп бұрылдық», – дейді. Сонда: «Биемнің жуырда иімейтұғын жаман мінезі бар еді, сол мінезі ұстап, күні бойы иімей, қазір ғана зорға иіді», – дейді. «Бәсе, солай шығар, бағанадан бері сауып отырсаң, бір көл болып ағатын уақыт болды», – дейді жолаушылар. Кісілер ұзап кеткенде, сүтті сабасына құйса, көнектің түбіндегі қара тас төртке бөлінген екен… Адамның тауып айтқан тапқырлығы үлкен рөл атқарады. Тауып айтқан сөздің арқасында биесі аман қалды.
Шыны керек, біз күнделікті өмірде басымыздан сөз асырмауға тырысамыз. Бұл ащы болса да шындық. Балаларымызды да солай тәрбиелейміз. Егерде Абайдың:
«Сөзіне қарай кісіні ал,
Кісіге қарап сөз алма.
Шын сөз қайсы біле алмай,
Әр нәрседен құр қалма», – деген өсиетін басшылыққа алып сөзге тоқтау, үлкеннің сөзін бөлмеу, жарыса дауыс көтеріп сөйлемеу сияқты жақсы әдеттері өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, өлең-жырлар мен шешендік ойларды, мақал-мәтелдерді жаттатып өсірсек үлкен белеске көтерілгендей болар еді. Ал бабалар айтып кеткен жақсы сөздерді саналы түрде таңдау – өз өміріңді өзгертуге жасалған маңызды қадамдардың бірі екені даусыз.
Ғалия Ақбасова
Кербұлақ аудандық аналар кеңесінің төрайымы,
Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы





