Биыл Жетісу облысындағы қардың бұрынғы жылдармен салыстырғанда қалың түсуіне байланысты аймақта көктемгі су тасқынына қарсы жұмыстар ерте қолға алынған. Соның нәтижесінде осыған дейін аймақта су басу қауіпі жоғары 47 елдімекен анықталса, дер кезінде қабылданған шаралардың арқасында оның 44-інде қауіп азайған. Ал қалған өңірлерде жоспарға сәйкес қауіпті сейілту жұмыстары жалғасуда.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бүгінде аймақта 113 гидротехникалық нысан бар. Оның 72-сі республикалық, 28-і коммуналдық, 13-і жеке меншікте. Осылардың арасындағы 8-і су қойма, 16-ы тоған, 10-ы бөгет, 20-сы су торабы болса, ал 59-ы магистральдық канал. Өңірде қазір апатты жағдайдағы су қоймалары жоқ. Ірі су қоймаларын толтыру барысын тексеру және басқаруды су ресурстары комитетінің Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы жүзеге асырады. Жыл сайын облыс аумағының су тасқынына бейім учаскелеріне комиссиялық тексеру жүргізіліп отырады. Онда арық-канал желілерін ашу, су бұру арналарын орнату, қорғаныс бөгеттерін салу және жөндеу, жағалауды нығайту, өзен арналары мен бассейндерін тереңдету және түзету бойынша жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. Осыған сай қазір өңірде:
— Су тасқынына қарсы алдын ала болжамдар дайындау;
— Облыстың елдімекендері мен аумағын қорғау жөнінде қажетті шаралар қабылдау үшін неғұрлым су тасқыны қауіпті төнген учаскелерді айқындау;
— Халықты хабардар ету жүйесін дайындап, су тасқыны кезіндегі мінез-құлық ережелері туралы жұртқа жеткізуді ұйымдастыру;
— Арық-канал желілерін, жолдағы су өткізу құрылыстары мен көпірлерді бекемдеу;
— ГТҚ-дың меншік иелерімен жұмыс режимін сақтауын бақылау сынды жұмыстар пысықталып, қатаң қадағалануда.
Сондай-ақ, жауаптылардың сөзінше, 2025 жылға облыстағы су тасқынына қарсы іс-шараларға бюджеттен 1,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Бүгінгі күнге дейін қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде 17 шақырым су бұру каналы, 10 шақырымнан астам өзен арнасы, 5 шақырымға жуық каналдар тазартылып, тереңдетілген. Әрі 400 м қорғаныс бөгеттері жөнделіп, салынған. Сонымен қатар, 3892 шақырым арық, 823 шақырым канал, 3195 су өткізу құрылысы тазартылған. Бұл жұмыстарды атқаруға 1563 құтқарушы, 415 бірлік техника, 189 мотопомпалар, 28 жүзу құралдары жұмылдырылған. Қазір Жетісу облысында төтенше жағдай кезінде тұрғындарды қабылдайтын 235 эвакуациялық пункт бар. Бұдан бөлек сел жүру қаупінің алдын алу бағытында 136 мың қап, 16 мың тонна инертті материалдар, 112,5 тонна жанар-жағар май қоры дайындалған.
– Жетісу облысының басым бөлігінде температураның жоғары болатынын ескерсек бұл өз кезегінде қарқынды қар еруі, көлбеу ағынның қалыптасуы, мұз құбылыстарының өзгеруі және өзендерде су деңгейінің көтерілуіне әкеліп соғатыны белгілі. Осынған байланысты бүгінде төтенше жағдайлар саласының жетекші мамандары жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, әр жылы су тасқынына қарсы дайындыққа ерте бастан қамданады. Аймақта «Қазселденқорғау» және «Қазгидромедтің» арнайы гидропсоттары құрылған. Қазір қауіпті учаскелерді анықтау және сол жерлердегі апаттың алдын алу мақсатында бүгінде бірлескен профилактикалық іс-шаралар жалғасуда. Бұл өз кезегінде шұғыл оқиғалардың орын алуына жол бермейді,– дейді сала басшылары.
Айдын КӘЛІМХАН