Жауаптылардың сөзінше, қоғам белсенділерінің және мүгедектігі бар азаматтардың арыз өтініштері аясында қолға алынған бұл жолғы рейд маусым айының 30 мен 11 шілде аралығында жүргізілген. Оған Жетісу облысы бойынша көлік бақылау инспекциясы, Талдықорған қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және шаһардағы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдері қатысқан. Басты мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы орта қалыптастыру.
–Тексеру барысында қала көшелеріндегі әрбір 5-ші автобустың талапқа сай еместігі анықталды. Нақтырақ айтқанда оларда аялдама атауын хабарлайтын дауысзорайтқыштар және пандус, көзі көрмейтін жолаушыларға арналған тактильді тақтайшалар, сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы орындар мүлде жоқ болып шықты. Осыған сәйкес, шаһардағы тасымалдаушы мекемелерге түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әкімшілік хаттама толтырылды,–дейді облыстық көлік бақылау инспекциясының өкілі.
Мамандардың мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша жолаушы тасымалдайтын 7 компания бар. Олар 26 бағытта халыққа 200-ден астам автобуспен қызмет көрсетеді. Осы жолғы тексеріс нәтижесі қаладағы 30 пайыз, яғни, 77 қоғамдық көлік ғана пандуспен жабдықталғанын көрсеткен. Ал, қалған 129 автобуста зауыттан шыққанда пандус қарастырылмаған. Азаматтардың өтінішіне сай бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаспақ.
Айдын КӘЛІМХАН





