Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бүгінде Талдықорған қаласы бойынша білім беретін 30 орта мектеп бар. Биыл сол мектерде білім алған 1442 түлек үлкен өмірге қадам басты. Олардың 45-і «Алтын белгі» иегері атанса, 68-і үздік аттестатпен мектеп бітірген. Ал ҰБТ-дан ең жоғары нәтижемен 136 балл жинаған Аяулым Мырзакелді мен Нұргүл Адамова есімді екі түлек үздік атануда. Сонымен қатар облыс орталығындағы Қ. Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейінің түлектері де жоғары нәтиже көрсетіп, грант игері атануда. Олар 11 «Б» сынып оқушысы Сабыр Абзал мен 11 «А» сыныптың үздік аттестат иегері Күмісбек Абылай. Олардың әрбірі 133-тен балл жинаған.
– Ал, 136 балл жинаған қос түлектің бірі Аяулым Мырзакелді қаладағы «Dostyq School Taldyqorgan» жекеменшік мектебінің түлегі. «Алтын белгі» иегері атанған ол SDU университетінің білім грантын жеңіп алып, болашағын математика мамандығымен байланыстырып, келешекте білікті ұстаз болуды мақсат етуде. Ал үздік балл иегері атанған екінші ару Нұргүл Адамова шаһардағы «Innoverse Taldyqorgan» мектебінде білім алған. Ол мектепті үздік аттестатпен тәмамдап, медицина мамандығын таңдаған. Қазір ол Қазақ ұлттық медицина университетінің грант иегері атанып, болашақ дәрігер болуға қам жасауда,–дейді білім саласының жауаптылары.
Еске салсақ, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу мамыр айының 16 мен 7 шілде аралығында өткен болатын. Осы орайда талдықорғандық түлектер де ҰБТ-дан жоғары нәтижеге қол жеткізіп, алған білімін ақтай білген.
Айдын КӘЛІМХАН





