Кез келген дүние кездейсоқ пайда болмайды. Тамыры тереңге бойламаған бәйтерек дауылға шыдамайтыны секілді, тарихи жадына сүйенбеген мемлекет те болашағын бағамдай алмайды. Сондықтан бүгінгі Қазақстанның ең ұлы саяси жетістіктерінің бірі Ата Заңымыз да ойда жоқта өмірге келген құжат емес. Ол ғасырлар бойы Ұлы Дала төсінде қалыптасқан мемлекетшілдік дәстүрдің, құқықтық ой-сана эволюциясының және ұлттың тарихи тәжірибесінің заңды жалғасы. Конституцияның әрбір бабының ар жағында сан ғасырлық тағдыр, бабалардың аманаты мен халықтың арман-мұраты жатыр.
Осы себептен-ақ, заңға тек қағаз бетіне түскен нормалар жиынтығы ретінде қарап, шеңберін тарылтпаған жөн. Заң – қоғамның ар-ожданы, мемлекеттің қалыбы, ұлттың рухани мәдениетінің өлшемі. Заңы әлсіз елдің ертеңі қалай боларын тарих бізге көптеген оқиғамен дәлелдеп берген.
Тарихтың терең қатпарына көз жүгіртсек, қазақ халқы құқықтық мәдениетті кеш игерген жұрт емес. Керісінше, заңды тек жаза құралы ретінде пайдаланбай, елді ұйыстыратын моральдық тетік ретінде түсінген өркениетті халық. Ұлы Даладағы құқықтық тәртіп қорқыныштан емес, ардан бастау алды. Біздің құқықтық дүниетанымымыздың өзегінде «обал», «сауап», «кие», «намыс», «ұят» сияқты ұғымдар жатты.
Түркі дүниесінің қасиетті шежіресі саналатын Күлтегін мен Тоныкөк жазбаларында «төре» ұғымының мемлекеттік билікпен қатар аталуы бекер емес. Себебі мемлекет заңның күшімен ғана ұзақ өмір сүретінін бабаларымыз сол дәуірдің өзінде-ақ терең түсінген. «Елін, төресін ұстап, бекітті» деген тасқа қашалған сөздер уақыттан биік тұрған мемлекеттік философияның көрінісі.
Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» қазақ құқықтық танымының кемел шыңы. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді кемеңгерлер қатысқан бұл құқықтық жүйеде заң халықтың ар алдындағы жауапкершілігі ретінде қабылданды. Дау найзамен емес, парасатпен шешілді. Сондықтан «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген қағида сөз бостандығын ғана айғақтамай, әділеттің үстемдігін білдіретін құқықтық ұстанымға айналды.
Заң әлсіреген жерде мемлекет құлдырайды. Тарихқа зер салсақ, қанша мемлекет сыртқы жаудан емес, ішкі әділетсіздіктен күйреді. Әділет жоғалған жерде халықтың мемлекетке деген сенімі жоғалады. Сондықтан кез келген елдің қуаты әскерімен ғана емес, заңының беделімен өлшенеді. Бұл турасында тарих толқынында талай ойшыл қалам ұштап, ой тербеген. Кез келген мемлекеттің қуаты мен тұтастығы, баянды дамуы ең алдымен берік мемлекеттік билікке байланысты екенін сонау ежелгі грек ойшылдарынан бастап, Ұлы Даланың дара перзенті Әбу Насыр әл-Фараби мен Еуропаның көрнекті саяси ойшылы Никколо Маккиавелиге дейін терең толғанып, құнды мұра қалдырды. Ал Шоқан Уәлиханов қазақ қоғамындағы билер сотын зерттей отырып, оның басты артықшылығы халық сеніміне негізделгенін ерекше атап өткен. Қара сөздің жүйрігі, ұлтымыздың ұлы ақынына айналған Абай Құнанбайұлы «Әділет жоқ жерде береке жоқ» деген ойды өзінің қара сөздері арқылы ұлт санасына сіңірді. Бұл хақында М. Әуезов: «Әділдігі сонша, Абайға досынан гөрі, дұшпаны көбірек билік айтқызған» дейді. Осындай тұжырымдар бүгінгі құқықтық мемлекеттің де рухани іргетасы болып қала береді.
Бүгінгі Конституция – мыңжылдық мемлекетшілдік дәстүрдің жаңа тарихи белесі. Онда халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманы, Алаш арыстары көздеген демократиялық құндылықтар мен Ұлы Дала заңдарының рухы тоғысқан.
Әрине, Конституция – уақыттан тыс өмір сүретін, қатып қалған мәтін емес. Қоғам дамыған сайын заң да жетіліп, заман сұранысына үн қататыны айқын құбылыс. Соңғы жылдары Ата Заңға енгізілген өзгерістер де осы ұстанымнан туындады. Конституциялық Соттың қайта құрылуы, азаматтың конституциялық қорғанысын күшейту, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту, адам құқықтарының кепілдіктерін кеңейту секілді жаңашыл қадамдар құқықтық мемлекеттің іргесін бұрынғыдан да бекемдей түсті. Бұл реформалардың түпкі мақсаты – мемлекет пен азаматтың арасындағы сенімді тереңдету, заңның үстемдігін өмірдің өзегіне айналдыру.
Тарих бізге бір ақиқатты қайта-қайта дәлелдеп келеді: мемлекеттер шекарасынан бұрын заңынан айырылады. Әділет әлсіреген жерде алауыздық күшейеді, заңның беделі түскен жерде мемлекеттің беделі де әлсірейді. Сондықтан Конституцияның күші оның мәтінінде ғана емес, оны құрметтейтін азаматтардың санасында жатыр.
Біздің мұратымыз – заңнан ешкім биік тұрмайтын, әрбір азаматтың құқығы қорғалатын, әділет пен жауапкершілік қатар жүретін Қазақстанды нығайту. Сонда ғана бабалар аманаты орындалып, тәуелсіздігіміздің тұғыры бекем болмақ.
Айша ҚАДЫР





