Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға Құрық портында бірлескен жүк терминалын салуды ұсынды. Бұл туралы ол Астанада өткен екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қазақстанның көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытының (ТХКБ) тартымдылығын арттыру мақсатында елде бірқатар жүйелі шаралар қолға алынған.
«Каспий теңізіндегі порттарды жаңғырту және цифрландыру, жүк терминалдарын салу, тасымалдау кемелерін шығару – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Осыған байланысты Қытаймен бірлесіп Құрық портында жүк терминалын салу мәселесін қарастыруды ұсынамыз», – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қытайдың қолдауымен Қазақстанда бірнеше ірі жоба іске асқан. Атап айтқанда, «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінде қозғалыс ашылды, Алматыда «Жетісу» контейнерлік терминалы және Ақтауда контейнерлік хаб құрылды.
Бұған қоса, Қазақстан батысында – Ақтөбе қаласында жүк авиация хабын құруға дайын екені де айтылды. Бұл бастама Қазақстан арқылы Еуропа елдеріне әуе тасымалымен транзит жасауға мүмкіндік береді.
Тоқаев трансшекаралық өзендерде өзен кемежайларын дамытуда да қытайлық серіктестердің қатысуын күтетінін жеткізді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда көлемін еселейтін көлік-логистика бағытындағы жаңа жобалар күн тәртібінде тұрғанын атап өтті.
«Біз көлік-логистикалық дәліздерді кешенді дамыту стратегиясын әзірлеу үшін сарапшылар платформасын құруды ұсынамыз. Сондай-ақ, тауарларды жедел кедендік рәсімдеуді енгізу жөніндегі жол картасы қажет», – деді Тоқаев.
Президент Қазақстанның Қытай мен Орталық Азия елдері арасында өңірлік логистика саласында сенімді серіктес болып қала беретінін баса айтты.
«Жетісу-Ақпарат»