Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Аталған заң арқылы Жер кодексіне, Кәсіпкерлік кодекске, Азаматтық процестік кодекске, Әлеуметтік кодекске, Су кодексіне және тағы 23 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Түзетулердің негізгі бағыттары:
Бірінші бағыт — көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесін жетілдіру. Заңға сәйкес, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқарудың жай серіктестік нысаны жойылып, басқарудың екі түрі ғана қалды: меншік иелері бірлестігі (МИБ) және тікелей бірлесіп басқару (ТББ).
Екінші бағыт — салық заңнамасына енгізілген өзгерістер. Бұл өзгерістер салық салу және декларациялау мәселелерінде құқықтық айқындықты қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар Салық кодексінің ережелеріне сілтеме жасайтын нормалар өзектендірілді.
Бұдан бөлек Мемлекет басшысы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл түзетулер тұрғын үй саласындағы заң бұзушылықтарға қатысты әкімшілік жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.
Заңдардың толық мәтіні ресми баспасөз беттерінде жарияланады.





