Қазақстанда не көп – форум көп. Бірінің берері бар да, екіншісінің бергені туралы ауыз жарытып айтудың өзі қиын. Ал жыл сайын Астанада журналистерге арнайылап ұйымдастырылатын «Astana Media Week» туралы да пікір әр уақытта әр ауанда өрбитіні рас. Бір мұнша уақыт өтсе де «керемет» деген бір нұсқалы пікірге түспей келе жатқандай. Биыл да уақыты алдын ала пішіп кесілген құрылтайдай кешікпей өтті. Осы ретте көзбен көріп, көңілмен түйген біз де аталған жиын туралы оң-теріс бір сараптама ұсынғанды жөн көрдік.
Біз сөзіміздің «біссімілләсін» медиа апталықтың соңғы күні журналистерге арналған «ҮРКЕР– 2024» Ұлттық сыйлығының жеңімпаздарын марапаттауға келген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида БАЛАЕВАНЫҢ құттықтау сөзімен бастағанды жөн көрдік. Мақаламыздың «шымылдығын» бұлай түруіміздің себебін материал соңында сіз де бағамдарсыз.
Сонымен республика мен аймақ, басшы мен қосшы, журналист пен блогер нөпірінде сала министрі сала құлаш баяндама оқымады. Әуелі құттықтады.
– Өздеріңізбен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Бұл апта сала үшін мазмұнды шараларға толы болды. «Astana Media Week 2024» апталығының аясында медиа индустрия саласындағы жаңа жобаларды таныстырып, бұқаралық ақпарат құралдарының көкейтесті мәселелері талқыланып, оның шешімдері де ортаға салынды. Сондықтан осы апталықтың қатысушылары мен спикерлеріне және де бүгінгі бәріміз жиналып отырған ұлттық «Үркер» байқауының қатысушыларына, сондай-ақ осы айтулы шараға өңірден келген журналистерге үлкен рахметімді айтамын, – деді Аида БАЛАЕВА.
Министр жиналған жұрт алдында байқаудың бір сценаримен өтіп келе жатқанын байқағанын айтып, оны орынбасарына бір күн бұрын ескерткенін де жеткізді. Сонымен бірге шарадағы тұрақтылықты да атап өтуді ұмытпады.
– Дамудың ең басты факторы ол – тұрақтылық. Сондықтан тұрақты байқауымыз өте берсін. Тұрақты барлық саламызда жаңа жұлдыздарды аша берейік, марапаттай берейік. Тұрақты еліміз дами берсін! – деді Аида Ғалымқызы.
Бұдан кейін де «тұрақты» сөзі кейде «тұрақтылық» тұлғасымен әлденеше рет қайталанды. Бұл тұста сіздер «бұнымен не айтпақ болды екен» деп үңілген министрдің бұл мәтіндерді еш дайындықсыз айтпағаны белгілі. Жауапты тұлғаның топ ортада топтологияға тап бір бұндай ұрынатын жөні бар ма? Оның лексиконы кедір-бұдыр органның ия тілі шүлдір саланың өкілі емес екені сіз бен бізге мәлім. Сол себепті Балаева байыптап-баптап айтқан бір ауыз сөзді талқылау әсте әжуә рәуішіндегі ұсыным емес деп біліңіз. Әрі бұның ұзақ тәпсірі, мемлекеттік саяси шешімдер алды қандай да бір логикалық емеуріні болса оны да сіздің еншіңізде қалдырғымыз келеді, оқырман.
Енді сәл шегініс жасайық. Бұл тәсілге жүгінуіміздің себебі де А. Ғалымқызы айтқан «бір сценаримен» өтіп жатқан байқаудың алдында да «бір сценарилы» медиа апталық өткенін айтқымыз келеді. Біз өзге мақала жазғанымызда журналистік этикамен өз пікірімізді білдірмеуге тырысқанымызбен бұл «тойдағы» өзгерек «әнге» біздің де кей тұсында қосылғымыз келгенін жасырмаймыз. Әрине, сала мамандарының пікіріне ара тұздық есебінде деп түсініңіз.
«Тұздық» демекші, аталған байқау аяқталған тұста «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы ұйымдастырған «маусымашар» шарасына да бас сұқтық. Ондағы ой – үш күнге созылған «Astana Media Week 2024» форумның не беретіні туралы «қызыл залдан» басқа жердің пікірін білсек деген есеп. Мұнда да сыйы бүтін, сөзі сөлді ау деген бір қауым жұрт жиналған. Оны кеуделеріне таққан «арнайы қонақ» белгісінен байқауға болады. Соның ішінен кешегі журналист, бүгінгі Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапиды көріп қолқа салдық. Тысқарыда қысқа қайырымға үлгердік. Ол жалпы бұндай шаралардың қазақстандық масс-медиаға мәйек боларлық мазмұн бермейтінін айтады.
– Біздің елде жыл сайын өтетін медиа форум бірінші кезекте медианың емес, саяси басшылықтың сойылын соғатын жиын. Бұндай әсіре жиын-тойдың тікелей Ақорда ұйғарымы емес екені де дәстүрлі әдет-амалдарынан аңғарылады. Жалпы мұндай форумдарды өткізуге бір үлкен ауданның жылдық бюджетіне пара-пар қаржы жұмсалады. Ал бұл дабыралы дүрмектің нәтижесі үрленген желбүйен болып тұр. Ең бастысы – әлемдік медиа мен ұсақ саясаттардың күйін күйіттеген күлбілте сөздер форум өткен күннің ертесі ұмыт болады. Сондықтан осы медиа-форум қазақстандық масс-медиаға мәйек боларлық мазмұн бермейді деп ойлаймын, – дейді мәжілісімен.
Тақырыпқа орай: Астанада жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан айтулы шара – «Astana Media Week 2024» басталды.
Бәлкім, депутат айтқан «мәйексіз мазмұн» мен министр көңілі толмағандай көп көзінше арнайы атаған «бір сценарий» лепесі бұл шараның ендігі жердегі деңгейіне тікелей саятын емеурін деуге болатындай. Біздің ойымызша да топ-топ адам жинап, ептеп спикер жалдап шара өткізудің соңында да нақты шешімге бастар тәп-тәуір із жатса керек-ті.
ЖУРНАЛИСТИКА БӨЛЕК МАМАНДЫҚ
Мәселе журналистиканың Қазақстанда қандай болуы керек екендігінде емес, журналистика дегенді біз (қазақтар) дұрыс атап жүрміз бе? Қазақстандағы барлық медиа ол журналистикаға жатады деген ұғым қалыптасқан. Негізінде журналистиканың басты мақсаты – ол объективті, таза ақпарат жеткізу. Сол үшін бізге журналистка және басқа салаларды дұрыс ажырата білу қажет. Мысалы, бізде көп шығатын ТВ-шоулар, Интертейнмент (көңіл-сауық) саласы, ал осы саланың журналистикаға қандай қатысы бар? Әрине, басында кадр жетіспеді, журналист болып жүрген азаматтар шоумен болып кетті. Сол үшін менің айтпағым, біздің қоғамда журналистика және басқа медиамен байланысты салаларды дұрыс ажырату. Мысалы, АҚШ-тағы университеттерде журналистика бөлек мамандық, студенттерді объективті, шынайы ақпаратты жеткізуді, іздеуді, жазуды үйретеді. Сонымен қатар ТВ-шоу, Интертейнмент, кино бойынша бөлек факультеттер бар. Ол факультеттерде контенттің халыққа қызық, өтімді болуын үйретеді. АҚШ-та шоу түсіретін адам өзін журналист деп санамайды.
Данияр Сүндетбай,
медиа-менеджер
Қазақтың «сырт көз – сыншы» қисынымен осы барыста түйген ойымызды тағы бір сабақтайық. Сонда дейміз айналамыздағы әріптестерге сұрақ қойып. Өңірдің өзінде әкім есеп берсе де өткен жылғы халық көтерген мәселе тізілген хаттама болатын. Сол негізінде істелген іс пен аяқталмаған жұмысты жіпке тізгендей айтпаушы ма еді шенділер. Соның арқасында жиналған бұқара бір көтерілген мәселені екі айтып ауыз ауыртпайтын да өзге мәселе қарала беретін.
Ал Астанада жыр болып өтетін медиа апталықта ше? Ешкім есеп бермейді, ешкім «былтыр айтып едік қой» демейді. Алдыңғысына – «рахат екен» деңіз. Соңғысы – шарасыздық пен білместіктің «әдебі» іспетті. Өйткені аймақтардан бір келіп мәселе айтып кеткен журналистің қайта келмейтіні, дұрысы – көтерген мәселесіне сол күйі жауап та ала алмайтыны тағы анық. Сосын да жыл сайынғы шешілмейтін «дәстүрлі» түйіткілдер айтыла береді, айтыла береді. Кім ұтты, кім ұтылды сізше?!
Қош. Астанада ресми үш күнге жоспарланған, өңірлерден БАҚ қызметкерлері келеді, ұзын саны мыңнан аса қатысушы болады деп есепке негізделген шарада өтті, кетті. Жетісу облысынан барған біз де сол қою топтың ішінде жүргенімізден сіз де әбден құлағдар болдыңыз. Ендеше, мына бір жайды да ап-анық сол нөпірдің топ ортасында жүріп ұққандаймыз.
Мәселен, форумның алғашқы күнінде сөз сөйлеген вице-министр Қанат Ысқақов Қазақстанның цифрлық технологияларды қолдану рейтингінде әлем бойынша 24 – орында екенін атап өтіп, жалпы журналистиканың даму үрдісі әлемдік тәжірибе қағидаттарынан тыс өмір сүрмейтіні төңірегінде ой топтады. Бұдан кейінгі спикерлер де саладағы кәсібилік, ұстаным, этика қатарлы мәселенің, бір сөзбен айтқанда, отандық журналистика жаһандық БАҚ критерилерімен үндесіп-тіндесіп тұруы тиістей түсіндірілді. Жасанды интелект пен әлеуметтік желі әлеуеттері де сөздің сөліне айналды. Сөз тізгіндеушілер оған да сорғалап тұр.
Құп дедік. Қазақстандық БАҚ – саланың әлемдік тәжірибесіне айқыш та ұйқыш ұштасып жатады дегенге саятын емеурінге де бас шұлғыстық. Сөйттік те шарығы тесік жолаушыдай аздап қомсынатын, аздап құқығын қорғағысы келетін өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары жайлы аз-кем ойландық. Шартараптың аталған мамандық бойынша практикалық негіздері тұрмақ республикалық БАҚ-қа бұйыратын игіліктер туралы аймақта тұрып елестетіп көріңізші. Ондай жақсылықтардың «қолы» өңірдегі журналистерге келгенде иір бітетінін көз де көріп, құлақ та естіп болған дүние емес пе?!
Кейде ойлайтын кез болады: «өңірлік БАҚ» өкпелеп шығып енші алмай қалған үлкен ұлға да ұқсап кететіні бар. Олай дейін десең, еншісін ала алмай жүргені болмаса өкпелеп қай сайлаудан, қайсы бір референдумнан қалыпты өзі. Сөйте жүріп бір республиканың ішінде тұрып әлемдік «стандарттарға» тойғызып қойған «республикалық БАҚ» пен аймақтық журналистиканың жай-күйін салыстыруға логикаң жетсе кәні дейсің.
Айт десеңіз, әуелі екі «материктегі» материалдық, техникалық, кадрлық базаның салмағы жер мен көктей. Бірі – аузың күйіп кететін «миллиардтанған» цифрлық сомамен сөйлесе, бірі – бір футболшы немесе хоккейшінің бір айлығындай миллиондармен «қанағат» деп жүр-мыс. Онда «міндеттері қалай» дейсіз бе, мемлекет саясатын насихаттауда үлкен-кішілік, ауыр-жеңілдікке барометр бар ма? Жоқ та жоқ біздіңше. Бірдей жүк. Бірдей «пұшпақ». Тарт та тарт, иле де иле…
Біз осы ретте 8 жыл қатарынан ұйымдастырылған «дүбірлі» шара барысында «өңірлік БАҚ» үшін (негізі осы атаудың өзі дұрыс емес – Қ.Қ.) нақты қандай мәселелер шешілгенін еске түсіре алмадық. Мерзімді басылымыңызға сол тифография жайы мен дайын өнімді оқырманға тарату мәселесі әуен де әуен (тарату демекші, жиынға арнайы шақырылғанмен қазпочта өкілдері келмеді керек десеңіз – ред.). Айлықтың төмендігі, қаламақының заңдық тәртібінің дұрыс жолға қойылмауы, еңбек кодексіне сай заңдық қағидаттардың әлі де толық жетілдірілмеуі – жыр да жыр. Аймақтардағы тендр тентірегі – өз алдына бір баян.
Міне, осындай мәселенің бір парасын көтеруге сол шараға келген, өңірдегі ұжымдық тың бастамаларына орай спикер ретінде таңдалған «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысы Марат Аралбаев былай дейді.
– Елордада өткен Astana Media Week-2024 медиа апталығында биыл өңірлік БАҚ-қа басымдық берілді. Біз осы форумда мерзімді басылымдардың қазіргі ахуалын сөз етіп, аймақтардағы редакциялардың жағдайын қайтсек жақсартамыз деген сауалға жауап іздедік. Қазақстан бойынша өңірлік БАҚ-тағы өзекті мәселенің бірі – кадр тапшылығы. Басты себеп – жалақының аздығы. Оның үстіне өңірлерде Алматы мен Астанадағы журналистерге жасалғандай әлеуметтік қолдау аз болып тұр. Әрине, облыс, қала, аудан әкімдігі тарапынан марапаттар беріледі. Тіпті, Қызылордада «Сыр жастары» бағдарламасы арқылы баспаналы болып жатқан әріптестеріміз де бар. Әйтсе де, бұл жалпылама қолдау емес. Ал Алматы мен Астанада жыл сайын ондаған журналист үйлі болады. Кәсіби мереке қарсаңында Президент өзі табыстап жатады. Дәл сондай қолдау аймақтарда да жүзеге асса деп ойлаймыз. Қазір білесіздер, «Дипломмен ауылға» деген бағдарлама бар. Тым болмаса аудандық редакцияларда еңбек ететін тілші қауымды осы бағдарлама арқылы ынталандырса дейміз. Бұл – жалғыз біздің емес, бүкіл Қазақстанның аймақтарында қызмет ететін журналистердің жанайқайы.
Қиып беруге қиғың келмейтін пікір бұл. Аудандық басылымдардағы сүреңсіз жұмыстан қызметкерлердің кетуі, соның салдарынан туындайтын кадр тапшылығы – бәрі Африканың емес, Қазақстанның журналистика саласындағы өзекті, кезек күттірмес мәселесі. Әрі жоғарыда айтқанымыздай, олардың мойнына артылған жүк те мемлекеттің, елдің мүддесіне тірелетін дүние екенін айта кету ләзім-дүр. Ал Отан қалай отбасынан басталса, журналистиканың мәселесі де жергілікті жерден бастан шешілуі тиіс пе дейміз.
Түйін. Сессияда «Қазақ газеттері» ЖШС директоры Дихан Қамзабекұлы басылым туралы: «Бұрынғыдай газеттердің тісі, азуы неліктен көрінбейді. Себебі, атқарушы билік онда шыққан сынды қадағаламайды», деген пікір айтты. Былай қарасаңыз, бір мақаланың қортындысына сыймайтын, бір қарасаңыз – бір үлкен тақырыптың түйіні секілді пікір. Әлде бұл біз жалғыз шеше алмайтын «ТҰРАҚТЫЛЫҚ х ТҰРАҚТЫЛЫҚ = ФОРУМ + ?» есебіндегі бір теңдеу ғана ма еді?!
Қозыбай ҚҰРМАН
Суреттіерді түсірген автор
Редакциядан: Материал елгдегі маңызды саяси оқиғаларға байланысты өз уақытан кейіндеп шыққанын ескертеміз. Әрі бұндағы көтерілген түйіткілді мәселелер шешілмейінше өз өзектілігін жоғалтпайтыны анық.





