Жаһандық жарыста жеңіске жетіп, тұғырда тұрғанда Көк байрақ жоғары көтеріліп, Әнұран ойнағанда көзге жас үйірліп, өне-бой шымырлай түседі. Тұтас елдің намысын қорғап, оны абыроймен аяқтағандағы сезімді тап басып суреттеу мүмкін емес. Егемен елдің ұландары Атланта (1996 жыл, жазғы), Лиллехаммерден (1994 жыл, қысқы) бастап, кейінгі өткен Париж (2024, жазғы), Милан (2026, қысқы) олимпиада ойындарында жеңіске жеткенде осындай жүрек тебірентер көрініске сан мәрте куә болдық.
Бабы келіскен, бағы жанған спортшыларымыздың әлі талай додада топ жарып, егемендігімізді айқындап тұратын, көп алдында дербестігімізді көрсететін Көк Туымызды көтеріп, Әнұранымызды шырқататынына сенімдіміз.
Көк жәшікке телміріп, газет-журналдан спорт жаңалықтарын жібермейтін жан үшін Сидней төріндегі Бекзат Саттархановтың сол кездегі әлем чемпионы Рикардо Хуаресті айқын жеңіп, Көк Туды жамылып, шаршы алаңды айнала жүгіріп шығатын сәті естен кетпейтіні анық. Еліміз егемендік алып жатқан тұста Барселонадағы төрт жылдықтың басты додасына біріккен Олимпиада елдері құрамында қатысып, көп ішінде Көк Туымызды алғаш салтанатты шеруде алып шыққан Дәулет Тұрлыхановтың бейнесі ел жадында. Ал тәуілсіз ел есебінде ресми қатысып, алғаш олимпиада төріне Көк Туымызды көтеріп шыққан шаңғышы Владимир Смирновтың жетістігі бүгінде аңыз. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері 17 олимпиада чемпионын шығарды. Демек, еліміздің негізгі нышандары 17 рет әлем алдына шығып, тұғыр төрінде көтерілді. Бұл еліміз үшін зор мақтаныш екені анық. Мемлекеттің сеніп тапсырған Туын тік ұстап, жаһан алдында өзіңді мойындатып, еліңді таныту – үлкен бақыт.
Еркін күрестен қазақтан шыққан тұңғыш әлем чемпионы (2023 жыл, Белград, 92 келі) Ризабек Айтмұхан:
– Әр спортшының арманы – Қазақстанның Көк байрағын әлемдік аренада желбірету. Сол арман орындалған сәттегі сезімді сөзбен жеткізу қиын. Бұл – бала кезден келе жатқан үміт, тынымсыз еңбек пен табандылықтың нәтижесі. Жеңіс тұғырында тұрып, Көк Ту көкке көтерілгенде жүрегің толқымай қоймайды. Себебі бұл сәт тек жеке адамның емес, бір ұлттың үміті орындалған сәт. Сондықтан әрбір азамат осындай сезімді бір көруді армандауы керек. Қазақтың Көк Туы әрдайым биікте желбірей берсін, – дейді сұхбаттарының бірінде.
Спортшыларымыздың жаһан жарысында жүлде алып, тұғыр төрінде тұруы – ел абыройының бір көрінісі. Ұлттық нышандарымызды танытып, олардың әр сәт жұрт алдына шығуына себепкер жандардың еңбегі орасан.
Серік ҚАНТАЙ




