2024 жылдың Қытайда Қазақстанның туризм жылы болып жариялануы -бұл еліміздің халықаралық беделінің өсіп келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға. Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және гуманитарлық байланыстардың осылай жанданып жатқаны қуантады. Қытайдың әртүрлі қалаларында өткізілген 30-дан астам ірі шаралар мен 200-ден астам келісім – бұл жай статистика емес, нақты әрекет пен қызығушылықтың белгісі.
Мені ерекше қуантқаны «Алтын адам» мен «Ұлы дала» көрмелерінің өтуі. Бұл біздің тарихымыз бен мәдениетімізді шетелге танытудың тамаша жолы. Осындай шаралар арқылы Қытай халқы Қазақстанды тек географиялық көрші ретінде емес, терең тарихы мен бай мәдениеті бар ел ретінде тани бастады деп ойлаймын.
Қытайдан келетін туристер санының 50%-ға өсуі де жақсы көрсеткіш. Туризм тек экономика емес, бұл адамдар арасындағы байланыс, түсіністік, ортақ қызығушылықтар. Қазақстанның туристік әлеуеті үлкен, және осындай бастамалар арқылы біз оны кеңінен көрсете аламыз.
2025 жылдың Қазақстанда Қытай туризмі жылы болып белгіленуі екі ел арасындағы осындай бастамалардың жалғасы. Бұл достықты нығайтатын нақты қадам.
Ал визасыз режимнің енгізілуі меніңше, ең маңыздысы. Бұл екі елдің бір-біріне сеніммен қарайтынын және қарым-қатынасты жеңілдетуге дайын екенін білдіреді. Қазақстанның Орталық Азия елдері ішінде Қытаймен бірінші болып визасыз режимге қол жеткізуі – үлкен жетістік.
Қорытындылай келе, туризм тек демалыс емес, ол елдер арасындағы көпір. Осындай жобалар мен шешімдер Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтады деп сенемін.
Шалкар Оразбаев,
Н.Тілендиев атындағы музыкалық мектептің директоры