Алакөлде жүзу құралдарының бақылаусыз қозғалысы өз шешімін тапты. Осы мәселені реттеу үшін жалпы су пайдалану қағидалары бекітілді, онда тиісті түсініктемелер беріліп, су айдынындағы қауіпсіздік ережелерін сақтамағандарға жауапкершілік белгіленетіні көрсетілген. Көліктік бақылау инспекторларының саны және тиісінше шағын көлемді су құралдарының қатары да артпақ. Сонымен қатар, жазғы шомылу маусымы барысында көл жағалауының санитарлық жағдайына ерекше назар аударылатын болады. Алакөл және Балқаш көлдеріндегі туристік шомылу маусымына дайындық, демалушылардың қауіпсіздігін, туризм нысандарына көлікпен барудың қолжетімділігін және бірқатар маңызды инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын қамтамасыз етуге баса назар аударылды.
– Туризм саласын дамыту Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облысқа 2 млн. турист келген. Облыс экономикасы үшін маңызды саланы өрістету Алакөл және Балқаш көлдері, «Алтынемел», «Жоңғар Алатауы» ұлттық табиғи парктері, Жетісу Алатауының тау жоталары бағыты бойынша жүзеге асады. Қызмет көрсету сапасын жақсарту және туристер үшін қолайлы жағдай жасау үшін жол және инженерлік инфрақұрылым салу бағытында бірқатар шаралар қабылдануда, – деген облыс әкімінің орынбасары өңірде туризм объектілеріне көлікпен жету мүмкіндіктерін дамыту жұмыстарына егжей-тегжейлі тоқталды.
Талдықорған қаласынан Алакөл жағалауына дейінгі жолды және Үшарал – Достық жолын қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды. Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағы қайта жаңартылды. Алакөл бағытына Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Қызылорда қалаларынан 12 пойыз қатынамақ. Лепсі – Балқаш автомобиль жолының жөндеу жұмыстары және басқа да бірқатар инфрақұрылымдық жоба бітті. Ш. Уәлиханов мұражай кешеніне реконструкция жүргізіліп, объектіге дейінгі жол жөнделсе, ұзындығы 20 шақырым «Тополевка – Жалаңаш кордоны» жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Республикалық бюджеттен Жетісу өлкесінің тағы бір інжу-маржаны – Бұрқанбұлақ сарқырамасына дейін жол салуға қаражат бөлінді.
Өңірде туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақовтың айтуынша ақылы туристік-сауықтыру қызметтерінің көлемі 60,8%-ға, ал бюджетке салық түсімдері 58,7%-ға өсті.
Электрмен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету үшін жаңа «Ақши» қосалқы стансысының құрылысы жүргізілуде. Бескөлден Ақшиге дейін жоғары вольтті электр беру желілерінің құрылысы 80%-ға аяқталды. Ақшидегі кәріз-тазарту құрылыстарын салу жұмыстары басталды. Жағалауды нығайту, ұялы байланыс пен интернетті үздіксіз қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, жол қозғалысы қауіпсіздігі, төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелері бойынша облыстық полиция департаменті мен ТЖД өкілдері баяндап, курорттық аймақтарда, туристер көп жиналатын орындарда медициналық қызмет көрсету мәселесі ерекше бақылауда екенін тілге тиек етті.
«Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы – облыстағы тағы бір маңызды туристік бағытқа жатады. Жазғы демалыстың басталуына орай орталыққа келушілер саны еселеп артып, оларға сапалы қызмет көрсету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдануда.
Кездесу соңында жауапты тұлғаларға туризм объектілерінің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз етуге және инфрақұрылымдық жобаларды іске асырудың мерзімдерін сақтау мен сапасына ерекше назар аударуға, сондай-ақ туристік объектілердің туристерді қабылдауға, жалпы шомылу маусымын өткізуге дайындығына қатысты тапсырмалар берілді.
Еңлік КЕНЕБАЙ