Аға буын «Ел тыныш болсын» деген тілекті жиі айтады. Әлемдегі геосаяси ахуалға қарап, батыста, шығыста, сонау сан тау мен сан өзеннен ары жатқан елдердегі қантөгісті бажайлап, ағалар тілегінің орынды екенін ұғасың. Тыныштықты есерлер мен кеселділер бұзуға асық. Іштен де, сырттан да азғыруы һәм аздыруы тұрақты жүріп тұрады. Ондайда халыққа мықты қалқан керек. Қауіпсіздік қалқаны. Ол тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етуі тиіс. Ондай қалқан бар. Мемлекет қамтамасыз еткен. Арамызда жүрген соң еленбейді, еңбегі көрінбейді. Ол кім, бұл не? Нені және кімді меңзеп отырғанымызды ұқпай отырмысыз?! Әрине, ҚР Ұлттық Ұланы.
Ұлттық Ұлан – еліміздің ішкі тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сенімді құрылымдардың бірі. Ел тыныштығы мен азаматтардың бейбіт өмірін күзету – әр ұландық сарбаздың қасиетті борышы. Қоғамдық тәртіпті сақтау, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық нысандарды күзету, төтенше жағдайлар кезінде көмекке келу – олардың негізгі миссиясы. Ұлттық Ұланның сапында қызмет ету – ерлік пен адалдықтың көрінісі. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген азаматтың бірі – Серікжан Оралұлы.
Кейіпкеріміз 1993 Лепсі кентінде қарапайым отбасында дүниеге келген. Ата-анасынан еңбексүйгіштік, адалдық сынды қасиетті дарытқан азамат бала күнінен елге пайдасы тиер тұлға болуды арман еткен. Сол арманның айқын парақшасын Сарқан қаласында мектеп табалдырығын аттағаннан ашқандай. 2009 жылы 9 сыныпты аяқтаған соң Талдықорған агротехникалық колледжіне оқуға түседі. Оқуын тамамдаған соң ел алдындағы азаматтық борышын өтеуге аттанады. Өскемен қаласындағы 6699 әскери бөлімде қызмет етті. Әскери орта оның тәртібін шыңдап, төзімділігін арттырды. Қатардағы сарбаздан бастап өз ісіне адал болуды үйренді. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін де ол ел игілігі жолындағы жауапты қызметін жалғастырды.
2014-2019 жылдар аралығында Талдықорған қаласының Жедел құтқару жасағында құтқарушы болып жұмыс істеді. Қауіпті сәттерде адам өмірін құтқару, апаттар мен төтенше жағдайларда халыққа қолдау көрсету – кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік. Осы жылдарда Серікжан көптеген адамның алғысына бөленді.
2019 жылдан бері Ұлттық Ұлан сапында қызмет етуде. Қазір әскери ату алаңының бастығы. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жас сарбаздарға әскери машықтарды үйретеді. Еселі еңбегі ескерусіз де емес. Талай мәрте марапат биігінен көрінді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» дегендей, әріптестері арасында да абыройға ие.
Серікжан Оралұлы отбасында өнегелі әке. Жары 2-қалалық емханада психолог болып жұмыс істейді. Төрт ұл тәрбиелеп отыр. Үш ұл мектепте оқыса, кенжесі №42 балабақшада тәрбиеленуде. Бала-шағасына елін сүюді, еңбекқор болуды өз өнегесімен көрсетіп келеді.
– Көнеден жеткен: «Елдікті сақтау – ерлік, ел тыныштығын сақтау асқан ерлік» деген сөз бар. Қазір біздің міндет – ел тыныштығын күзету. Жұмысымыз көзге көріне қоймайды. Бастысы – балалар тыныш ұйықтап, таңды тыныштықпен атырса, ел бейбіт өмір сүрсе, осыдан асқан бақ жоқ. Сол үшін тер төгіп жүрміз, – дейді кейіпкеріміз.
Серікжан Оралұлы Отанға адал қызмет етуді басты өмірлік қағидасы еткен. Ел тыныштығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген азамат. Оның өмір жолы жастарға үлгі.
Дастанбек САДЫҚ





