Байрақты бәсекелерде Көк туы желбіреп, Әнұраны шырқалған тәуелсіз мемлекеттің тарихында ел намысын Желтоқсанда қорғаған қазақ жастарының ерлігі жатыр. Биыл Желтоқсан көтерілісіне 40 жыл. Желтоқсанды еске алу – өткенге тағзым ету ғана емес. Бұл – Тәуелсіздіктің қадірін ұғыну, ұлт рухын ұрпақ санасына сіңіру. Тәуелсіздік – Желтоқсанда жанын шүберекке түйген қазақ жастарының аманаты.
1986 жылдың 16 желтоқсаны – қазақ халқының жаңа тарихындағы ең шешуші күндердің бірі. Бұл күнді жай ғана алаңға шыққан жастардың билікке қарсылығы деп бағалау аздық етеді. Желтоқсан – бодандыққа қарсы бұғып жатқан ұлттық рухтың бұлқынысы. Алаңға шыққандардың басым бөлігі небәрі он сегіз-жиырма жастағы студенттер еді. Олар саясаткер де, көтерілісші де емес. Бірақ қыз-жігіттердің жүрегінде елдің болашағына деген жауапкершілік тұрды. «Қазақ елін қазақ басқаруы керек» деген талап сол күнгі жастардың ғана емес, тұтас ұлттың көкейіндегі арман еді.
Мен де сол студенттердің қатарында болдым. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің бірінші курсында оқимын. Таңертең профессор Тауман Амандосовтың дәрісі өтіп жатқан. Бір сәтте аудиторияға қазақы бөрік киген жігіт кіріп келіп, бір жапырақ қағаз тастап кетті. Қағазда: «Кеуделеріңде қазақтың қаны болса, түсте алаңға жиналыңдар» деген сөз жазылған. Осы бір сөйлем біз үшін үндеу ғана емес, намысқа шақырған ұран болды. Бізді ешкім мәжбүрлеген жоқ. Ешкім ақша да, атақ та ұсынбады. Көпті алаңға жетелеген – қазақ деген халықтың перзенті екенін дәлелдеу еді.
Алаңға барған кезде бейбіт жастарды күтіп тұрған көрініс мүлде басқа болатын. Әскери техникалар, қалқан ұстаған сарбаздар, ит жетектеген әскерилер… Кеше ғана ауылдан келген он сегіз жасар қыз үшін бұл соғыс көрінісінен еш айырмашылығы жоқ еді. Соған қарамастан алаңдағы жастардың ең үлкен қаруы – олардың бірлігі болды. Бір мезетте көше бойымен шырқалған «Елім-ай» әні бүкіл алаңды толқытты. Мыңдаған адамның жүрегі бір мезетте соққандай әсер қалдырды. Көп ұзамай орталық алаңнан «Менің Қазақстаным» әні естілді. Сол сәтте жастардың рухы бұрынғыдан да биіктеп, қоршауды бұзып, бір-бірін құшақтап, қандай жағдайда да бір болатындарын байқатты.
Қолында қалқаны, резеңке сойылы бар милиция жастарды аяусыз соққыға алды. Қыздарды қорғаштаған жігіттер ұрып-соғылғандарды арашалап қалуға тырысты. Мұздай қаруланған күшке жалаң қолмен қарсы тұрған қазақ жастарының қайсарлығы ешқашан ұмытылмайды.
Сол күндері қорқыныш пен үміт қатар жүрді. Бірақ қорқыныш ұлттық намыстан басым түсе алмады. Желтоқсан көтерілісі күшпен басылғанымен қазақтың рухын жеңе алған жоқ. Керісінше, халықтың ұлттық санасын оятты. Бұрын іште тұншыққан ой енді ашық айтыла бастады. Қазақ жастары елінің тағдыры үшін жауапкершілік алуға дайын екенін дәлелдеді. Көтерілістен кейін басталған қудалау да оңай болған жоқ. Жүздеген студент тергелді, оқудан шығарылды, түрмеге қамалды, тағдырына таңба түсті. Біз де қауіпсіздік органдарының сұрақтарына жауап бердік. «Алаңға не үшін бардыңдар?», «Кім ұйымдастырды?» деген сауалдар айлап қойылды. Бірақ сол күндердің ауырлығы жастардың сенімін өзгерте алмады. Бүгінде Желтоқсанға қатысқан азаматтың көбі әр салада еңбек етіп жүр. Олар мемлекет құрудың бейбіт кезеңінде де Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Өйткені Желтоқсан олар үшін біркүндік оқиға емес, өмірлік ұстанымға айналды.
Желтоқсанның тарихи маңызы оның нәтижесімен ғана өлшенбейді. Басты құндылығы – ұлттың еңсесін тіктеуінде. Егер Желтоқсан болмағанда тәуелсіздікке апарар жол әлдеқайда ұзақ әрі ауыр болуы мүмкін еді. Өйткені дәл осы көтеріліс Кеңес одағының мызғымас көрінген жүйесін дүр сілкіндірген ұлттық қозғалысқа айналды. Тәуелсіздіктің қадірін ұғынған ел ғана оның тұғырын биік ұстай алады. Желтоқсандағы жастар ерлігін еске алу арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен елдік рухты сіңіреміз.
Гүлжан ТҰРСЫН





