Ежелгі құрылыстарды, адамды еріксіз таңғалдыратын алып та жұмбақ нысандарды сол замандағы құрылысшылардың салғанына күмәнданатындар көп. Оларды көктен түскен құдайлар саналған өзгеғаламшарлықтар, осы жерде тірлік кешкен өзге өркениет өкілдері, мәселен атланттар немесе атлантидалықтар көтерген деген нұсқа да қисынға саятындай. Жаңағыдай нысандардың сырт келбетінің өзі ғана сан түрлі ойға жетелейді.
Стоунхендж құпиясы
Англия дегенде оның ерекше есте қаларлық ғажайыптарының бірі Стоунхендж ойға оралмай қоймайды. Неолит дәуірінің осынау монументальді археологиялық нысанын көру үшін ғана елге жыл сайын мыңдаған туристер ағылып келіп жатады.
5 тонналық мегалит пен 25 тонналық сарсен блоктарынан, 50 тонналық трилит тастарынан тұратын осынау мегалиттік кешен Ұлыбританияның Уилтшир графтығындағы Солсбери аңғарында орналасқан.
Мәселе біздің дәуірімізге дейінгі 3100 жылдары өмір сүрген ежелгі адамдар, 5 пен 25-ті айтпай-ақ қояйық, 50 тонналық тасты орнынан қалай қозғаған дегенге келіп тіреледі. Ондай тасты алуға болатын жердің 400 километр қашықтықта екенін ескерсек, соншама қашықтыққа тасымалдау үшін қаншама еңбек жұмсалып, тер төгілгенін көзге айқын елестетуге болады. Оны өңдеп, қырнап, әлденеше метр биіктікке көтеріп қою мүлдем басқа мәселе. Ғалымдар осынау қыруар еңбектің не үшін атқарылғанын ғана емес, ең алдымен, қалай атқарылғанын ойлап, әлі күнге дейін бас қатыруда. Бір ғалымдар мұны Рим храмының құландылары десе, екіншілері обсерватория деп дәлелдемек болады.
«Бұл өзгеғаламшарлық корабльдерге арналған ұшу алаңы» деген де нұсқа бар… Аталған тұжырымға дәлел ретінде Аддис-Абебадан 14 шақырым жердегі жартас суреттері келтіріледі. Онда Стоунхенджге ұқсас құрылыстың үстінде қалықтап тұрған ұшқыш тәрелкені еске салатын нысан бейнеленген.
Стоунхенджге қатысты тылсым оқиғаларды баяндайтын аңыз әңгімелер көп. Соның бірінде нысан тасына қол тигізген баланың құлап түсіп, сал болып қалғаны айтылса, басқа әңгімелерде фототаспаны шығарғанда әр тастан аспанға от бағаналарының шапшып тұрғаны байқалғаны, құрылыстың айналасында күшті магнит өрісінің барлығы, мегалиттің қай шетінде тұрсаңыз да компас тілінің құрылыстың ортасын ғана көрсететіні сөз болады. Мұндай әңгімелерді ұзыннан ұзақ тізе беруге болады.
Кешенді зерттеумен инженерлер мен құрылысшылар, биологтар, химиктер, астрологтар, астрономдар, геологтар, тарихшылар айналысқанымен олардың ешқайсы осы күнге дейін бұл жұмбақтың шешімін таба алған жоқ.
Ғарыш порты ма?..
Ежелгі өркениет өкілдерінен естелікке қалған ғажайыптардың бірқатары Наска үстіртімен байланысты. Мұндағы орасан зор, аумағы кейде бірнеше километрге созылатын геоглифтер бүгінде әлем ғалымдарының назарын аударып отыр.
Ең алдымен, геоглиф түсінігіне тоқталып өтейік. Бұл жер бетіне тастан қаланып немесе топырақ қабатына борозда түрінде тартылып, қолдан жасалынған алып кескіндер. Белгісіз өркениет өкілдері мыңдаған жылдар бұрын жасаған мұндай жүздеген кескін әлдебір құдіреттің күшімен осы күнге дейін сол қалпында жетіп отыр.
Ең бір таңғалдыратыны, мұндай кескіндерді жер бетінде тұрған адамдар толықтай көре алмайды. Оны қыран қалықтайтын биіктіктен – аспан көгінен ғана толықтай тамашалауға болады. Осыдан келіп мұндай кескіндерді не үшін, ең бастысы, кімдер үшін жасаған деген сұрақ та туындамай қоймайды…
2019 жылы Наска үстіртінен тағы бір таңғажайып табылды. Нақтырақ айтатын болсақ, осындағы таудың бірінің ұшар басының әлдебір түсініксіз әдіспен, тәсілмен кесілгені немесе тегістелгені белгілі болды. Таудың 2 километрге жуық бөлігі, жоғарыда айтып өткеніміздей, ұшар басы пышақпен кескендей етіп алынып тасталған. Биіктен қарағанда бұл көрініс ежелгі ұшып-қону алаңын көзге елестетеді…
Мұндай ғаламат жұмысты заманауи техникамен қаруланған адамзат баласының қазіргі заманның өзінде атқара қоюы неғайбыл. Олай дейтініміз, бұл биіктік өте берік тау жыныстарынан тұрады. Оны тақтайдай тегіс қалыпқа келтіру оңайлықпен бола қоймайтын шаруа деуге болады.
Жаңағыдай қыруар жұмыстың қай кезде жасалынғанын анықтау мүмкін болмаған екен. Ал таудың өзінің құралғанына 15 миллион жылдай уақыт өткен.
Жаңағыдай жұмыстардың одан кейінгі уақытта атқарылғаны белгілі. Әйтсе де оның нақты не үшін жасалғаны жұмбақ күйінде қалып отыр.
Ғылымға сенетін болсақ, бұл өңірде металл мен әйнек дегенді білмейтін тұрғындар тірлік кешкен. Олардың жаңағыдай жұмыстарды жасай қоюы мүмкін емес. Соған орай Наска үстіртін 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеп жүрген ғалымдардың бір тобы «Жергілікті тұрғындарға басқа ғаламшардан, мүмкін, басқа уақыт кеңістігінен келімсектер қонаққа, көмекке келген» деген пікір айтады. Олар көктен түскен құдайлар қатарында саналған. Демек, тауды бұзып, тасты кесіп, өзіндік бір ғарыш портын жасаған да солар болуы мүмкін…
Пирамидаларды кім салған?
Бүгінге дейін сақталып, аман жеткен әлем кереметтерінің бірегейі Египет пирамидалары алып құрылыс қана емес, тылсым сырға толы жұмбақ нысан саналады. Сондай жұмбақтың бірі қазаққа да қасиетті 7 санына қатысты болып келеді. Негізгі 7 пирамида, о дүниенің патшасы Осиристің кешкі сағат 7-де өлгендердің жанын қабылдайтыны, дүниеден қайтқан адамның жанының 7 бөлмеден, 7 есіктен өтіп барып о дүниеге енетіні жайындағы түсінік халқымыздың 7 санын жайдан жай қастерлемейтінін көрсетеді. Мұның өзі пирамиданың о дүниемен байланысатын портал тәрізді тылсым қызмет атқарғанын да көрсететіндей…
Кейбір ғалымдар пирамиданың негізін құраған әктас блоктарын байланыстыратын ерітіндінің құрамында өзгеғаламшарлық құрам бар дегенді айтады. Оның рас-өтірігі белгісіз, анығы – оның кереметтей беріктігі. Беріктігі соншалық, осы күнге дейін блоктардың арасына пышақтың қыры да сыймайды, ине де өтпейді. Арада өткен мыңдаған жылдар ерітінді ерекшелігін аздап өзгерткенімен ол пирамида құрылымын қазір де мызғымастай қалыпта ұстап тұр деуге болады.
Әлемнің бізге аман жеткен кереметтерінің бірі саналатын Хеопс пирамидасының қырлары бір заманда алмас жүзік секілді жарқырап тұрды деген де дерек бар.
Әйгілі Хеопс пирамидасының жалпы салмағы 5 миллион тоннаны құрайды. Мұның өзі 700 Эйфель мұнарасының салмағына тең өлшем. Әрқайсы 15 тонна, кейбірі 200 тонна тұратын 2,3 миллион блокты қиыр шеттен жеткізіп, оларды бейне бір ойыншық кубиктер тәрізді соншалықты дәлдікпен құрастыру, нысан қырларының ұзындығы мен көлбеу градустарын кереметтей дәлдікпен келтіру, нысанның ішкі бөлігіне атқаратын қызметі беймәлім тоннельдер мен басқа да жұмбақ жайттарды орналастыру жайының қыр-сырларын 4500 жыл бұрын, мүмкін, одан да бұрын өмір сүрген құрылысшылар қалай жақсы білген десеңізші! Одан да үлкен жұмбақ – құрылысшылар соған дейінгі де, содан кейінгі де кезеңдерде мұндай күрделі құрылыстарды салмаған, дәлірек айтатын болсақ, сала алмаған… Құрылыс салуға қатысты барлық білім мен технология бір-ақ сәтте пайда болып, бір-ақ сәтте толықтай жоғалып кеткен сияқты…
Бұл жерде біз пирамидалар жұмбақтарының барлығын тізбектеп шығуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Көзі қарақты оқырман ол жайында жеткілікті хабардар шығар деген ойдамыз.
Айта кететін бір ғана мәселе – әйгілі құрылыстарды Египет фараондары салған жоқ деген де қызғылықты нұсқа бар. ХІХ ғасырдағы француз археологы Огюст Мариетт тапқан Инвентарлық стелада храмның (пирамиданың деп оқыңыз – Н. Ә.) әйел құдай Исидаға арналғаны, Хуфу билік құрған кезеңнің өзінде оның ежелгі құрылыс саналғаны, құрылысты одан бұрынғы фараондардың да салмағаны тайға таңба басқандай анық жазылған. Демек, кейінгі фараондар оны өзіміз салдық деп иемденіп алған…
Расында пирамидаларды Египет патшалары, яғни фараондары Хеопс пен Хефрен, Менкаур салды деген Гередоттың дерегінен басқа ешқандай мәлімет табылмаған екен. Кейінгі тарихи тұжырымдар Гередоттың осы бір тезисіне ғана негізделген.
Стеладағы жазулар ежелгі тұрғындардың аталған храмды Нил өңіріне қоныс тепкен құдайлардың салғанына сенетінін айғақтайды. Қазақ мұндайда «Жел соқпаса шөптің басы қимылдамайды» демейтін бе еді?..
Қазақ жерінің де құпиясы аз емес
Кереметті көбіне сырттан іздейтін әдетпен әлемге әйгілі ғажайыптарды сөз етудеміз. Әйтсе де ондай ғажайыптардың қазақтың кең-байтақ даласында да аз еместігін айтпай болмайды. Соның бірі – әйгілі Бектау ата балқыған мегалиттері.
Бұл жерде біз «балқыған мегалиттер» дегенде жаңылысып отырған жоқпыз. Әдетте гранит тасын қатты қыздырған кезде ол құм болып қирап, үгітіліп түседі. Содан кейін де табиғатта балқыған гранит кездесе бермейді. Ал Балқаш қаласынан 60 километр жердегі таңғажайып таулы қыраттың нақ осы балқыған граниттен тұратынын айтсақ сенбеуіңіз де мүмкін. Бірақ көзге көрініп тұрған фактіні жоққа шығара алмайсыз.
Таулы қыратқа қарасаңыз, көз алдыңызда нақ сол балқыған гранит тастары тұрады. Демек, әлдебір жоғары температура шындығында тасты балқытып жіберген, не болмаса бұл тау-тасты жұмсартатын жұмбақ технологияны қолданудың нәтижесі.
Кейбіреулер тастың өн бойында саусақ іздері қалған деп тұжырымдайды. Расында тастардың көпшілігінде саусақ таңбаларына ұқсайтын көріністер көзіңізге шалынады. Мұндай жерлердің қасиетті, әулиелі орындар саналатыны да осындай тылсым сырларына байланысты. Сондай орындардың бірі Бектау ата өңірі жайындағы аңыз әңгімелер көп айтылады.
Әділіне көшетін болсақ, нақ осындай бірді-екілі нысан әлемнің басқа жерлерінде де кездеседі. Бұл орайда Таулы Шория мегалиттерін мысалға келтіруге болады. Аталған жерде тастардың әлдебір тылсым күштің әсерімен еріп, төмен сауғалап тұрғандай көрінісі көзге шалынады. Оның жоғары жағында, жаңа сөз еткеніміздей, алып блоктар қаланған.
Балқыған граниттен тұратын бұл таулардың қалай пайда болғанын әзірше ешкім де түсіндіріп бере алмайды.
ТҮЙІН ОРНЫНА: Мұның өзі бұрынырақта өткен өркениеттер технологиясының бізбен салыстырғанда өте жоғары болғанын немесе есте жоқ ескі замандарда жер бетіне өзгеғаламшарлықтардың келіп-кетіп жүргенін дәлелдейді. Ондай жұмбақтардың сырын әлі күнге дейін аша алмай отырмыз, болашақта да аша қоюымыз неғайбыл-ау. Әйтсе де, кім біледі?.. Ғылым мен техника қарыштап дамыған заманда бұл жұмбақтардың да сыры ашылып жатса ештеңеге таңғалуға болмайды…
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
ардагер журналист
Фото: Matt Cardy / Getty Images