Ұшы-қиыры жоқ ғарыш кеңістігінде бізден басқа да саналы тіршілік иелері бар ма? Жоқ, әлде мыңдаған сәттіліктер мен қолайлы жағдайлар ұштасып, ойда жоқ жерден өркендеп кеткен жалғыз ғана Жер өркениеті ме? Адамзат баласын соңғы жүзжылдықтар барысында нақ осы мәселе өзгеше толғандыра бастады. Жақында ғана жаһан түкпірінен жеткен жұмбақ дабыл бұл орайда отқа май құйғандай әсер етті.
Жер өркениеті жалғыз ба?
Ұшы-қиырына көз тұрмақ көңіл де жете бермейтін шексіз-шетсіз ғарыш кеңістігінде көгілдір ғаламшарымыздың жападан жалғыз дөңгелеп келе жатқанын көзге елестетудің өзі қорқынышты. Әлдебір ғаламдық апаттың, алапат экологиялық сілкіністің, ғалымдар мен дін ғұламалары болмай қоймайды деп жүрген ақырзаманның салдарынан бір замандарда өркениетімізге толықтай жойылып кету қаупі төнсе, жетпіс жеті мың ғаламның көзге ілінбес елеусіз бір түкпірінде тіршілік етіп жатқан адамзат баласына кім көмек қолын созғандай, жоғалып кетсек кім еске ала қойғандай?.. Бір ғана үміт – уақыт өткен сайын қарыштап дамып келе жатқан заманауи технология мен бар екендіктерін білдіруге онша асыға қоймайтындай көрінетін өзге өркениет өкілдерінде қалатын сияқты…
Бұл орайда көңіл түкпірінде әлсіз ғана жылтыраған мұндай үміттің де барлығын айта кеткен орынды. Ғалымдар жоққа шығаруға қаншама тырысқандарымен ондай өзге өркениеттің белгілері әлсін-әлсін жария болып та қалады. Мұндай белгілердің қатарына мыңдаған жарық жылына тең қашықтықтағы ғарыш қиырынан жеткен жұмбақ сигналдар мен адамзат баласының ұғымына сыя қоймайтын, бізге белгілі физика заңдылығына бағына бермейтін беймәлім ұшатын нысандар, т.б. жатады.
Заманауи технология дүниеге келтірген осы заманғы телескоптар, оның ішінде радиотелескоптар да бар, жыл сайын ғана емес, ай сайын дерлік тіршіліктің туындауына қолайлы жүздеген ғаламшарларды анықтауда. Қолынан келмейтіні, нақтырақ айтатын болсақ, білмейтіні жоқ Жасанды интеллект мыңдаған жұмбақ радиосигналдардың арасынан шын мәнінде назар аударуға тұрарлықтарын іріктеп, адамзатқа баға жеткісіз көмек жасауда. Әйтсе де ізденіспен өткен әрбір жыл бұл орайдағы үміт жібін бұрынғыдан да жіңішкертіп, біздің бүкіл Әлем бойынша алғанда жалғыз екендігімізге деген сенімімізді арттыра түскендей.
Әрине, жалғыздық деген ұғым мүлдем жалғыз деген түсінікті білдірмесе керек. Сондықтан үмітті үзілді-кесілді үзіп тастауға да болмайды деген ойдамыз. Соңғы кездері қиыр шеттен жеткен жұмбақ дабылдар бұл орайдағы үмітімізді ұштай түсетіндей.
Жұмбақ дабыл нені білдіреді?
Елең етер жаңалық – соңғы кездері Австралия құрлығындағы радиотелескоп ғарыштан әр сағат сайын (нақтырақ айтатын болсақ, әрбір 54 минут сайын) жұмбақ дабылдар қабылдай бастады. Біраз уақыттан кейін бұл дабылды Оңтүстік Африкадағы телескоп та тіркеді. Айрықша атап өтетін мәселе – осы кезге дейін дәл мұндай қалыпта бірде-бір радиоимпульс байқалмаған болатын.
Таңғаларлығы бұл да емес. ASKAP J1935+2148 деген ат берілген дабылдың сипаттамасы әр уақыт аралығында жұмбақ қалыпта өзгеріп тұрады. Соған қарағанда дабылды жіберіп отырған нысанның, әлде жабдықтың дейміз бе, үш режімі бар тәрізді. Алғашқы режімде радиоимпульс бір ғана бағытта «қозғалып», ұзақтығы 10-нан 50 секундқа дейін созылатын күшті жарықпен өзгешеленсе, екінші режімдегі импульс шеңбер жасай өрістеп, небары 370 миллисекундта аяқталады. Енді бір сәтте нысан ешқандай дабыл жібермей үнсіз қалыпқа көшкендей әсер қалдырады.
«Нысанның бір-біріне мүлдем ұқсамайтын үш бірдей қалыпта сәуле тарататыны таңғалдырады. Оңтүстік Африкадағы MeerKAT радиотелескопы осы үш қалыпты бір-бірінен ажыратуда шешуші рөл атқарды. Егер бұл дабылдар аспанның бір ғана нүктесінен жіберілмеген болса, біз әртүрлі сигналдар жіберіп отырған бір ғана нысан дегенге сене алмас едік, – дейді зерттеудің жетекші авторы доктор Маниша Калеб.
Ғалымдардың көпшілігі әркездегідей мұндай дабылдардың түп төркінін нейтронды жұлдыздан немесе ақ ергежейлі деп аталатын топқа жататын жұлдыздан іздеп отыр. Әйтсе де аталмыш сигналдың таңғаларлықтай өзгешеліктері мұндай екі типтегі нысандардың да физикалық қасиеттеріне тіптен сай келмейді. Олай дейтініміз, нейтронды жұлдыз да, ақ ергежейлі де белгілі дәрежеде бір-біріне ұқсас болып келеді – олардың екеуі де өздерінен айтарлықтай үлкен жұлдыздардың күйреуі, дәлірек айтсақ, жарылуы салдарынан туындайды. Олар да кеңістікке радиотолқындарын таратады, бірақ бұл толқындардың ерекшелігі бұған дейінгі импульстардың ешқайсысына ұқсамайды. Осылайша тығырыққа тірелген ғалымдар желкелерін қасып қойып, бүгінде дабылдың басқа себептерін қарастыруда. Ондай себептердің қатарына «Шынымен өзге өркениет өкілдері бізбен хабарласуға тырысып жатқан жоқ па екен?» деген күмән әзірше қосыла қоймаған сыңайлы.
Шындығында жұмбақ дабылды жатғаламшарлықтар жіберіп отыр-ау деген болжамға берік негіз бар. Радиотолқынның түп төркіні нейтронды жұлдыздан немесе ақ ергежейліден шығып жатпаса, дабылды жіберген нысанның (немесе әлдебір қуатты жабдықтың – Н. Ә.) жұмыс режімі таңғаларлықтай өзгеше болса, жасанды дабылға басқа да сәйкестіктері сай келіп тұрса, неге осындай мүмкіндікті де қарастырмасқа?..
Жұлдызды аспанға байыппен қарай бастағалы бері, телескоптарымыздың қиыр шетті көру мүмкіндіктері жоғарылай түскеннен бері таңғаларлықтай құбылыстарды жиі байқайтын болдық. Соған орай біздің алдағы уақытта екі бірдей нұсқаны қарастыруымызға тура келеді: жұлдыздардың эволюциясына қатысты түсініктерді түбірінен қайта қарауымыз керек немесе аспан түкпірінде жатғаламшарлықтардың шынымен барлығының белгілері жыпырлап тұрғанын мойындауға тиіспіз. Жаратқан қаласа, ондай күнге де жетіп қалуымыз әбден мүмкін.
Бұған дейін де болған…
Әрине, жұмбақ дабылдың ең алғашқысы да бұл емес, ең соңғысы да осы болмас деп үміттенеміз. Сөз орайы келгенде сондай мысалдардың бірнешеуін келтіре кеткен де орынды шығар.
Ғарыш нысандарындағы саналы тіршіліктің айқын белгілері әлі табыла қойған жоқ. Содан кейін бе екен, беймәлім ұшқыш нысандарға сенетіндердің қатарлары жыл санап азайып барады. Әйтсе де осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын қабылданған сигнал көпшілікті елең еткізген еді. Көпшілік оны адамзат баласына жатғаламшарлықтар жолдады деген пікірге тоқтады.
SETI жобасының аясында өзге өркениет өкілдерінен келуі мүмкін сигналды іздестірумен айналысатын, Огайо штатындағы мемлекеттік университетте орналасқан радиотелескоп Мерген шоқжұлдызынан келіп жеткен аса қуатты дабылды тіркеді. Небары бір минутқа жетер-жетпес уақытқа созылған бұл дабыл содан кейінгі уақытта бірде-бір рет қайталанбады.
Сигналды алғаш байқаған астроном Джерри Эманның таңғалғаны соншалықты, оны қызыл сиямен қоршап, жанына «Wow!» (қазақшаға аударатын болсақ «Керемет!» деген ұғымға келеді) деген сөзді жазып қойды. Көпшілік арасына тез тарап, жарылған бомбадай әсер еткен бұл дабыл көп уақыт бойы жатғаламшарлықтардың бар екеніне дәлел ретінде келтіріліп жүрді.
2006 жылы NASA-ның Аэростаттарды зерттеумен айналысатын колумбиялық орталығының оқымыстылары көк жүзіне метеорологиялық зонд жіберді. Олар атмосфераның ғарыштық кеңістікке ұласатын жоғарғы қабатындағы құбылыстарды анықтауды мақсат тұтқан болатын. Алайда соншалықты биіктіктен өздері күтпеген өзгеше бір радиогуілді естігенде зерттеушілердің таңданысында шек болмады. Оның себептері де, қайдан шыққаны да осы күнге дейін анықталған жоқ.
Bloomberg жаңалықтар порталының хабарлауына қарағанда, Қытайдың мемлекеттік Science and Technology Daily газеті өз сайтында арнайы есеп жариялап, оны аз ғана уақыттан кейін алып тастады. Аталған есепте Қытайдың бұрынғылардан өзгеше ғарыштық сигналдарды қабылдағаны, олардың зерттеліп жатқаны айтылады. Тоқетеріне келер болсақ, алып Sky Eye телескопы Жер шегінен тыс өңірлерден тіршілік белгілерін тапқан сыңайлы.
Қазіргі кезде табиғаты өзгеше осынау тар жолақты электромагниттік сигналдар да зерттелу үстінде. Біраз уақыт өткен соң оларға да ғылыми түсініктеме беріліп, сигналдардың жасанды сипаты болған күннің өзінде жоққа шығарылуы әбден мүмкін. Оған таңғалуға да болмайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, ғалымдардың көпшілігі әлдебір түсініксіз себептермен бұл орайдағы азды-көпті жаңалықтардың бәрін жоққа шығаруға тырысып бағуда. Мүмкін, оларға да жоғарыдан сондай тапсырма беріліп отырған шығар…
Бізді де естіп қалуы мүмкін
Бүгінде біздің радиотелескоптарымыз Жер бетінен мыңдаған жарық жылына тең қашықтықтағы жұлдыздармен де байланыс орната алады. Әрине, қайтарылуы мүмкін жауаптың да сонша уақытқа кешіктірілуі заңды. Бірақ, басқа амал жоқ… Мұндай радиобайланысты да әйтеуір бір мезгілде бастауға тура келеді. Кім біледі, біз өзімізге бағытталған сигналдарды қабылдауға тырысып жүргенімізде өзге ғаламшарлықтарға біздің де «сәлемдемелеріміз» барып қалған болар… Бұл орайда Жер бетінен ғарыш кеңістігіне 1962 жылы алғаш рет жолданған ұғынықты сигнал ойға оралмай қоймайды.
Рас, ол кездегі сигналды жолдаудағы мақсат та басқа болатын. Нақтырақ айтатын болсақ, сол кезде бізге жақын маңдағы Шолпан мен Марс секілді ғаламшарларға дейінгі қашықтықты дәл өлшеу қажеттігі туындады. Сол мақсатпен кеңестік ғалымдар аталған ғаламшарларға жеткен соң кейін шағылатын қуатты радиосигнал жолдау талпынысын жасады. Сигналдың жетіп, кейін шағылатын уақытын есептей келе қашықтықты да анықтауға болатын.
Сигналды басқа радиотолқындармен шатастырып алмау үшін ғалымдар оны Морзе әліпбиімен жолдауды ұйғарды. Осылайша ғарыш кеңістігіне сол кездегі КСРО үшін ең маңызды саналатын «Мир, Ленин, СССР» деген үш сөз жолданды.
Радиотолқынның бір бөлігі ғаламшарларға шағылып кері қайтқанымен олардың қомақты бір бөлігі ұшы-қиырсыз ғарыш кеңістігіне жол алды. Бүгінде бұл радиосигналдар Жерден 62 жарық жылына тең қашықтыққа ұзады.
Әлемнің бұл бөлігінде миллиондаған жұлдыз бар. Ғайыптан тайып олардың бірінде қолында радиоқабылдағышы бар саналы тіршілік иесі болса, дәл қазіргі кезде оның жаңағыдай үш сөзді оқып отыруы да әбден мүмкін-ау…
Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
«Jetisy» газетінің ардагер журналисі