Мемлекет басшысының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы № 403 Жарлығымен Президенттің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 бақылау мәселелері жөніндегі Жарлығына (бұдан әрі – № 976 Жарлық) өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 98-тармағын орындау үшін енгізілді және Мемлекет басшысы және Президент Әкімшілігінің (бұдан әрі – Әкімшілік) басшылығы тапсырмаларының орындалуын мониторингтеу және бақылау процестері мен тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Осыған орай № 976 Жарлықтың жаңалықтарына қысқаша тоқтала кетпекпіз.
Тапсырмалардың жекелеген санаттары бойынша есептілік форматынан бас тарту тапсырмалардың келесі 4 санатына қолданылады:
– Бірінші санат – құрылыс объектілерін, монументтік өнер құрылысжайларын (ескерткіштер және т.б.) салу және пайдалануға беру немесе оларды реконструкциялау (жөндеу) жөніндегі тапсырмалар. Аталған тапсырмалардың орындалу барысына мониторинг ресми есептерді ұсынбай, жергілікті жерге бару, сондай-ақ қашықтан бақылау (бейнебайқау, фото және бейнетүсірілімдерді ұсыну) арқылы жүзеге асырылады. Бұлай тапсырмаларды бақылаудан алудың мынадай ерекшеліктері бар. Монументтік өнер құрылысжайларын салуға байланысты тапсырмалар бойынша да мемлекеттік органның орындау туралы есебін ұсыну талап етілмейді. Әкімшілікте бақылаудан алу туралы шешім құрылысжайды салу (орнату), соның ішінде оның БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланған ресми ашылу фактісі бойынша қабылданатын болады.
– Екінші санат – цифрландыру жөніндегі тапсырмалар орындалу барысының мониторингі ресми есептерді ұсынбай, бейресми кеңестерде, бейнеконференцияларда (мысалы, ZOOM, Qosyl, Microsoft Teams, Google Meet және т.б. арқылы) ақпараттық жүйені таныстыру арқылы, сондай-ақ, жүйенің функционалын көрсете отырып, оған әкімшіліктің жауапты қызметкерлерінің қол жеткізу құқығын (мүмкін болған жағдайда) беру арқылы жүзеге асырылады. Тапсырманы бұлай бақылаудан алу туралы шешім орындаушы мемлекеттік органның ақпараттық жүйеге жүргізілген тестілеу және оның пайдалануға дайын екені туралы түпкілікті есебі, сондай-ақ, әкімшіліктің жауапты бөлімінің растайтын сараптамалық қорытындысы негізінде қабылданады.
– Үшінші санат – заңнамалық түзетулерді немесе жаңа заңнамалық актіні қабылдау жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысын жедел мониторингтеу үшін жұмыс тәртібімен (электрондық пошта, телефон байланысы және т.б. арқылы) ақпарат сұрату қолданылатын болады.
2024 жылы өнеркәсіптік пайдалануға енгізуге жоспарланған бірыңғай орталықтандырылған бұлтты құжат айналымы (БҚА) ақпараттық жүйесінің жеке заң шығару процесі модулі ретінде «E-заңнама» жүйесінің мүмкіндіктері есепсіз мониторинг пен бақылаудың басты жаңа құралдарының бірі болады. Бұл жүйе заң жобасын қараудың кез келген сатысындағы (мемлекеттік органдарда, Үкіметте немесе Парламентте талқылау) жылжуын қашықтан қадағалауға және әкімшіліктің жауапты қызметкерін келісілген құжатқа енгізілетін өзгерістер туралы хабардар етуге мүмкіндік береді. Бұл ретте мемлекеттік органдар «E-заңнама» АЖ-да орналастырылған ақпараттың анықтығы мен толықтығы үшін дербес жауапты.
–Төртінші санат – қоғамдық маңызы бар, мерейтойлық және халықаралық іс-шараларды өткізу, көшелер мен мемлекеттік меншік объектілеріне атау беру жөніндегі тапсырмалардың орындалуына мониторинг электрондық пошта, телефон байланысы және ақпараттандыру объектілерінің басқа да мүмкіндіктері (ZOOM, WhatsApp, Telegram және т.б.) арқылы жұмыс тәртібімен жүзеге асырылатын болады.
Тапсырманы бақылауға алуға тиісті іс-шараларды өткізудің, атау берудің, оның ішінде БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланған факті негіз болады.
Мысалы, Президенттің ШЫҰ цифрлық форумын өткізу жөніндегі тапсырмасы (31.07.2023 ж. № 23-93-4.7, 1.4-тармақ) ендігі жерде мемлекеттік органның орындау туралы есебін ұсынбай, оны өткізу фактісі бойынша бақылаудан алынатын болады.
Сонымен қатар, жоғарыда көрсетілген тапсырмалардың барлық санаттары бойынша туындаған әртүрлі мән-жайларға байланысты жұмыстарды аяқтау мерзімдерін бұзу және (немесе) орындай алмау тәуекелдері болған жағдайда, орындаушы мемлекеттік орган бұл туралы әкімшіліктің жауапты құрылымдық бөлімшесін дереу хабардар етуге міндетті екенін атап өткен жөн.
Ендігі жерде № 976 Жарлықтың 66-1-тармағына сәйкес Президент тапсырмаларының орындалуын ресми аралық бақылау (қол қойылған ресми есепті ұсына отырып) әкімшіліктің басшы лауазымды адамдары (Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Президент кеңсесінің бастығы, Президенттің көмекшісі немесе кеңесшісі) деңгейінде жүзеге асырылатын болады.
Мұндай аралық есептілік әкімшілікке Үкімет аппараты басшысы орынбасарының, мемлекеттік органның бірінші басшысы орынбасарларының (министр орынбасарларының (вице-министрлердің), агенттіктер төрағалары орынбасарларының, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері орынбасарларының) және алқалы органдар (ОСК, ЖАП және т.б.) мүшелерінің қойған қолымен енгізіледі. Сонымен қатар, қауіпсіздік кеңесі хатшысының атына жіберілетін аралық есептерге қатысты ерекшелік сақталады, оларға бұрынғыдай мемлекеттік органның бірінші басшысы ғана қол қояды.
Мемлекеттік органдардың дербестігі мен жауапкершілігін арттыру
1. Президенттің сайлауалды бағдарламасы мен жалпыұлттық іс-шараларының орындалу мерзімі Мемлекет басшысының шешімі бойынша ғана қайтадан ұзартылатын болады. Осылайша, мұндай тапсырмаларды орындау мерзімдерін кезекті рет бұзуға жол берген кезде (мерзімі бұрын ұзартылған болса) қайтадан ұзарту туралы тиісті өтінішхат барлық себептері көрсетіле отырып, Президенттің атына жолдануы қажет. Бұл ретте жауапты мемлекеттік органның немесе ұйымның бірінші басшысына (бұрын қолданылған практика бойынша – орынбасарға), сондай-ақ, бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының тиісті орынбасарларына тәртіптік жаза қолдану мәселесі міндетті түрде қаралады (№ 976 Жарлықтың 72-тармағы).
2. Президенттің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі ұйымдастыру іс-шараларының жоспарын (жол картасын) әкімшілікпен міндетті ресми келісу туралы норма алып тасталады (№ 976 Жарлықтың 57-тармағы).
Бұл шаралар Үкіметке шешім қабылдауда дербестік, түпкілікті нәтижеге қол жеткізу үшін аралық кезеңдерді белгілеу және жоспардың іс-шараларын түзету мүмкіндігін береді. Қажет болған жағдайда әкімшілік жол картасын 5 жұмыс күні ішінде жұмыс тәртібімен пысықтауы мүмкін.
Ішкі келісу процесінің жеделдігін арттыру үшін жол картасын бекітетін лауазымды адамдардың деңгейі де қайта қаралды. Енгізілген өзгерістерге сәйкес ведомствоаралық сипаттағы іс-шараларды қамтитын жол карталарын жетекшілік ету бағыттарына қарай Премьер-Министрдің орынбасарлары немесе Үкімет аппаратының басшысы бекітуі мүмкін.
3. Әкімшілікте тапсырмаларды бақылауға қою тәртібі түбегейлі түрде қайта қаралды. Мәселен, мемлекетті дамытудың стратегиялық бағыттарына күш-жігерді шоғырландыру мақсатында әкімшіліктің міндетті бақылауына жататын тапсырмалардың түрлері айқындалды (№ 976 Жарлықтың 42-1-тармағы).
Осыған байланысты бастапқыда бақылауды бекітуде (Президент актілеріне, хаттамаларға, іс-шаралар жоспарларына, тапсырмаларға) және қарарларда орындауды одан әрі бақылауды жүзеге асыруға жауапты мемлекеттік орган (Үкімет, министрлік, агенттік немесе өзге де мемлекеттік орган) айқындалатын болады. Мұндай аталған жағдайларда осы тапсырма бойынша әкімшілікке оның орындалу барысы туралы есептерді және бақылаудан алу туралы өтінішхаттарды ұсыну талап етілмейді.
Бұл ретте бақылау үшін бекітілген мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Президент тапсырмаларының толық, уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге жауапты болады.
Сонымен қатар, № 976 Жарлықтың бірқатар нормалары әкімшіліктегі басқарудың жаңа құрылымына және өкілеттіктердің аражігін ажыратуға сәйкес келтірілді, жекелеген ережелер редакциялық тұрғыдан жақсартылды.
Жоғарыда аталған өзгерістерге байланысты, осы уақытқа дейін қолданыста болып келген мемлекеттік органдарда Президент Әкімшілігінің құжаттарымен жұмыс істеу және олардың Президент Әкімшілігіне құжаттар жіберу қағидаларына (Президент Әкімшілігі басшысының 01.06.2022 ж. № 23-01-38.16 бұйрығымен бекітілген) да Президент Әкімшілігі басшысының 2023 жылғы 30 желтоқсандағы № 23-01-38.56 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Қағидаларға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар 2024 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енетінін хабарлаймыз.
Аталған мәселеге байланысты Президент Әкімішілігінен келіп түскен құжаттардың (2023 жылғы 7 желтоқсанда Д-10123, 2023 жылғы 23 желтоқсанда Д-10607, 2024 жылғы 3 қаңтарда Д-12, 2024 жылғы 5 қаңтарда Д-83) барлық облыстық басқармалар мен аудан, қала әкімдеріне «Документолог» жүйесімен жолданғанын ескертеміз.
Қазіргі уақытта мемлекеттік органдар басшылары алдында осы өзгерістер мен толықтыруларды іске асыруға бағытталған іс-шаралар қабылдау міндеті тұр.
Б. Ақылбеков,
Жетісу облысы әкімі аппаратының құжаттамамен қамтамасыз ету және
бақылау бөлімінің басшысы
Фото: gov.kz





