Жастар туралы сөз қозғалғанда, әдетте олардың болашағын айтамыз. «Жастар – елдің ертеңі», «Жастар – қоғамның қозғаушы күші», «Жастар белсенді болуы керек» деген қалыптасқан тіркестер бар. Ал жастардың бүгінін кім айтып жүр? Олардың жұмыс іздеген кездегі қиындықтары туралы кім сұрайды? Мамандық таңдаудағы күмәні ше? Ауылдан қалаға кету немесе туған жерінде қалу арасындағы таңдауы ше? Әлеуметтік желі қалыптастырған бәсекенің қысымы ше? Диплом алған соң өз орнын таба алмай жүрген жас ше?
Біз жастар туралы көп айтамыз. Бірақ жастардың өзімен қаншалықты сөйлесеміз? Бұл бүгінгі жастар саясатының ең маңызды сұрақтарының бірі. Қоғамдық іс-шаралардың санына қарап, жастардың белсенділігін бағалау оңай. Форум өтті. Кездесу ұйымдастырылды. Акция өткізілді. Жастар марапатталды. Жоба іске қосылды. Бірақ іс-шараның көп болуы жастардың мәселесі шешілді дегенді білдіре ме? Мәселенің мәні дәл осында.
Жас адамға бір күндік форумнан бұрын тұрақты жұмыс қажет болуы мүмкін. Тағы біріне кәсіби бағдар қажет. Үшіншісіне өз идеясын жүзеге асыратын мүмкіндік керек. Ал кейбіріне жай ғана өзін тыңдайтын адам қажет. Сондықтан жастар саясатының нәтижесін «қанша іс-шара өткізілді?» деген сұрақпен ғана емес, «қанша жастың өмірінде нақты өзгеріс болды?» деген өлшеммен бағалау керек. Бұл, әсіресе өңірлер үшін маңызды.
Ресми мәлімет бойынша, облыста 14-29 жас аралығындағы шамамен 124 мың жас бар. Олардың 69 пайызы ауылдық жерде тұрады. Бұл дерек бір қарағанда қарапайым статистика болып көрінуі мүмкін. Бірақ оның астарында маңызды сұрақ жатыр: Ауылдағы жас өзінің болашағын қайда құрады? Егер туған ауылында қалса, оған қандай мүмкіндік бар? Егер қалаға кетсе, онда өзін қалай орнықтырады? Егер мамандығы бойынша жұмыс таба алмаса, қайда барады? Бұл сұрақтардың жауабы жастардың жеке таңдауына ғана байланысты емес. Оған өңірдің экономикасы, еңбек нарығы, білім беру сапасы, инфрақұрылым, кәсіби бағдар және әлеуметтік орта әсер етеді.
Жастықтың оты, қайдасың,
Жүректі түртіп қозғамай?
Ғылымның біліп пайдасын,
Дүниенің көркін болжамай?
Абай Құнанбайұлы
Жастар мәселесінің өткірлігін NEET көрсеткішінен де көруге болады. 2025 жылдың бірінші тоқсанында Жетісу облысында 13 125 жас NEET санатында болған. Яғни олар жұмыс істемейді, білім алмайды немесе кәсіби даярлықтан өтпейді. 13 мыңнан астам жас – жай ғана сан емес. Бұл 13 мыңнан астам адамның жеке тарихы. Бірінің дипломы бар шығар, бірақ жұмысы жоқ. Бірі мамандығына көңілі толмайды. Бірі ауылда жұмыс таппаған шығар. Бірі оқуын жалғастыра алмаған болуы мүмкін. Ал енді бірі өзіне қай бағыттың сәйкес келетінін білмейді. Сондықтан NEET санатындағы жастарға қарап, бірден «жұмыс істегісі келмейді» деген қорытынды жасауға болмайды. Кейде жасқа жалқаулық емес, жол көрсететін адам жетіспейді.
Қазір жастар туралы сын көп айтылады. «Жастар жұмысқа шыдамайды». «Бірден жоғары жалақы күтеді». «Қолынан телефон түспейді». «Ауыр жұмыс істегісі келмейді». Бұл пікірлердің арасында шындықтың үлесі болуы мүмкін. Бірақ еңбек нарығының өзі өзгергенін де мойындауымыз керек. Бүгінгі жас бұрынғыдай тек дипломмен жұмысқа орналаса алмайды. Оған тәжірибе, тіл білу, цифрлық сауат, коммуникация, кәсіби икем қажет. Ал жас маманнан тәжірибе сұраймыз. Тәжірибені ол қайдан алады? Бұл еңбек нарығындағы белгілі бір қайшылық. Жасқа «тәжірибең жоқ» дейміз. Ал оған тәжірибе жинауға мүмкіндік бермейміз. Осы жерде жастар практикасы, «Алғашқы жұмыс орны», қысқамерзімді кәсіби оқыту секілді бағдарламалардың маңызы артады.
Жетісуда мұндай бағыттар бойынша нақты жұмыстар жүргізілуде. 2024 жылы облыста 35 жасқа дейінгі 7 695 жас жұмысқа орналастырылған. Оның ішінде жастар практикасына 1 150 түлек, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 575 жас тартылған. Бұл мүмкіндік бар екенін көрсетеді. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар, гранттар, жастар практикасы, кәсіпкерлікті қолдау тетіктері де бар. Мысалы, 2025 жылы NEET және ауыл жастарына бағытталған жоба барысында жастарға бос жұмыс орындары, мемлекеттік бағдарламалар мен гранттар туралы ақпарат беріліп, кәсіби бағдар және soft skills бойынша жұмыстар жүргізілген. Жоба аясында 3 мың жас жұмыспен қамтылған. Мұндай нәтижелерді атап өткен жөн. Бірақ осы жерде тағы бір мәселе туындайды: мүмкіндіктің болуы жеткілікті ме, әлде оған жету жолын да жеңілдету керек пе? Мысалы, грант бар екенін білмейтін, жобаға қатысу тәртібін түсінбейтін, құжат жинауға қиналатын, ауылда отырып ақпаратты уақытында ала алмайтын жастар ше? Демек, жастар саясатының бір бөлігі – мүмкіндік жасау болса, екінші бөлігі – сол мүмкіндікті жастарға түсінікті әрі қолжетімді ету.
Қазіргі жасқа жиі айтылатын сөз өз мамандығыңды, өз ортаңды, өз кәсібіңді, өз жолыңды тап. Бірақ 18-20 жастағы адамнан өмірлік жолын анық білуді талап ету қаншалықты дұрыс? Мамандық таңдаған кезде оның еңбек нарығындағы жағдайды білмеуі, университетке түскенде таңдауының дұрыс-бұрыстығын түсінбеуі, ал диплом алған соң басқа салаға қызығуы мүмкін. Бұл қалыпты. Дей тұрғанмен жастардың қателесуіне мүмкіндік беру керек. Өйткені мамандық таңдаудағы қателік өмірдегі жеңіліс емес. Кейде адам өз жолын бірден таппайды. Оны іздейді, өзгертеді, қайта бастайды. Бұл үдерісті қоғам сәтсіздік емес, даму жолы ретінде қабылдауы керек.
Жастардың бүгінгі өмірін әлеуметтік желіден бөлек қарау мүмкін емес. Бірақ әлеуметтік желі бір қауіпті иллюзия қалыптастырады. Барлығы үлгеріп жатқандай… бәрі табысты… саяхаттап жүр… барлығы ақша тауып жүр… өзіне сенімді. Тек сен ғана орныңда тұрғандайсың. Мұндай салыстыру адамның өзіне деген сенімін азайтуы мүмкін. Әлеуметтік желі адамның өміріндегі бірнеше секундты көрсетеді. Ал сол секундқа дейінгі бірнеше жылдық еңбекті көрсетпейді. Сондықтан жастарға «әлеуметтік желіні қолданба» деуден бұрын, әлеуметтік желідегі ақпаратты дұрыс қабылдауды үйрету маңызды. Өйткені цифрлық сауат дегеніміз – тек технологияны пайдалану емес, ақпараттың адамға қалай әсер ететінін түсіну.
Жетісуда жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытында нақты жобалар жүзеге асырылуда. Мәселен, өңірде 2024 жылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына 10 грант беріліп, әрқайсысына 3 млн. теңгеден қаражат қарастырылған. Ал басқа жұмыспен қамту шаралары арқылы мыңдаған жас қолдауға ие болған. Бірақ кез келген бағдарлама өз мақсатына жастардың өз дауысы ескерілгенде ғана толық жетеді. Сондықтан бүгінгі ең маңызды сұрақ: Жастар неге белсенді емес? Біз олардың белсенді болуына не кедергі екенін білеміз бе? Мүмкін, осы сұраққа шынайы жауап іздесек, жастар туралы көзқарасымыз да өзгерер. Өйткені жастарға үнемі «Сен – елдің болашағысың» деп айту жеткіліксіз. Оларға: «Сен бүгін де осы елге керексің. Сенің пікірің маңызды. Сенің идеяңның орны бар. Сенің болашағыңды бірге құруға дайынбыз», – деп айта алатын қоғам керек. Ал мұндай қоғамда жастардың үні жоғалмайды.
Сарби ӘЙТЕНОВА





