Жаңа мектеп – жаңа тыныс
Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл-ауылдарға жаңа мектеп салу дәстүрі жалғасып жатыр. Жетісу облысы құрылғаннан бері ондаған жаңа білім ордасы қаланып, бірнеше мектеп күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті. Бұрынырақта қаралмай келген шеткері аудандардағы білім нысандарына заманауи оқу-құралдары жетіп, тіпті IT технологияның ауыл баласына үйретуге мүмкіндік туды. Облыстық білім басқармасынның мәліметініше, осы жылы 2 білім беру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Атап айтсақ, Кербұлақ ауданына қарасты Көксай ауылындағы 60 орындық орта мектебінің дайындығы 26 пайыз құрап отыр. Оны жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Текелі қаласындағы Рудничный мектебінің дайындығы – 35 пайыз, аяқталуы – 2026 жылдың қаңтар айы.
«Жетісу облысында соңғы үш жылда әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту қарқынды жүргізіліп келеді. Облыстың қайта құрылуымен басталған жаңғыру жолы бүгінде нақты нәтижелерін беріп, елді мекендердің ең өзекті мәселелерінің шешілуіне жол ашты. Әсіресе білім беру саласында ауқымды жұмыстар атқарылып, өңірдегі оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытында тарихи қадамдар жасалуда», дейді облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев.
Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңірдеәлеуметтік нысандарды жаңарту көрсеткіші бүгінде 60 пайызға жақын. Бұл – мемлекеттік қолдау мен жергілікті басқару жүйесінің үйлесімді жұмысының нәтижесі. Соңғы үш жылда облыс бойынша 15 жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Жаңадан бой көтерген білім ордаларының жалпы сыйымдылығы – 5310 оқушы орын.
Мәселен, Ақсу, Сарқан, Қаратал аудандары мен Талдықорған қаласында – екі мектептен, Көксу ауданында – үш мектеп, Панфилов ауданында – төрт мектеп салынды. Осы орайда ерекше атап өтерлік нысан – Жаркент қаласында ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғызылған 1200 орындық заманауи білім ордасы. Бұл тек жаңа ғимарат емес, жаңа көзқарас, жаңа мүмкіндіктер мектебі десе болғандай.
Бейімделген мектептер саны азайды
Жаңа мектептердің ашылуы арқасында бұрынғы дүкен, кеңсе, балабақша сияқты бейімделген ғимараттарда білім алып жүрген оқушылардың жағдайы жақсарды. Егер 2022 жылы облыс аумағында 69 бейімделген мектеп болса, бүгінгі таңда бұл сан 39-ға дейін қысқарған. Мысалы, Сарқан ауданының Бірлік ауылында ашылған жаңа мектепте бүгінде оқушылар бір ауысымда оқып, түстен кейін түрлі үйірмелерге қатысуда.
Бұрын ескі ғимараттың тар бөлмелерінде екі ауысымда оқитын едік. Қазір кең әрі жарық сыныптарда сабақ оқимыз. Химия, физика, биология пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, асхана, спорт зал – бәрі заманауи талапқа сай. Тіпті футбол ойнайтын газон алаңы да бар, — дейді мектеп оқушысы Ақнұр Жалынбай.
Қалай десек те, 2025 жыл – Жетісу білім саласы үшін жаңа белес болмақ. Биылдың өзінде 1080 оқушыға арналған төрт жаңа мектеп ел игілігіне беріледі. Атап айтқанда, Алакөл ауданының Достық ауылында, Ақсу ауданының Көлтабан ауылында, Панфилов ауданының Лесновка ауылында және Кербұлақ ауданының Көксай ауылында жаңа мектептер салынуда. Бұл – ауыл мен қала арасындағы білім беру сапасын теңестіруге жасалған тағы бір маңызды қадам.
Үш ауысымды мектеп жоқ
Бүгінде Жетісу облысында үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. Алайда оқушы санының өсуі мен демографиялық көрсеткіштердің жоғары болуына байланысты облыс әкімдігі алдын ала әрекет етіп, жаңа мектептер салуды кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді. Бұл білім беру саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етудің маңызды алғышарты.
Білім беру нысандарын жаңғыртумен қатар, оқушылардың тәрбиесі мен құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында «Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы қолға алынды. Бүгінде өңірдегі мектептерде 108 ментор жұмыс істеп, 9 түрлі бағыт бойынша кешенді тәрбие жұмыстары жүргізуде. Бұл бағыттарға құқықтық білім беру, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіптік бағдарлау, креативті ойлау, қаржылық сауаттылық сияқты маңызды тақырыптар кіреді. Нәтижесі де көңіл қуантарлық. 2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Панфилов ауданында жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық 4,4 есеге, Талдықорған қаласында 4,3 есеге азайған, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әли Солтанбеков.
Жетісу өңірінде жүргізіліп жатқан білім беру жобалары Мемлекет басшысының да назарында. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласындағы Ынтымақ ауылындағы жаңа мектепті республикаға үлгі ретінде атап өтуі – бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін дәлелдейді.
Үш жылдың ішінде облыста 270 әлеуметтік нысан жаңадан салынып, күрделі жөндеуден өтті. Бұл – тек сандар мен көрсеткіштер ғана емес, болашаққа салынған инвестиция. Жетісу облысы білім беру саласында айқын мақсат қойып, жүйелі түрде нәтиже көрсетіп келеді. Әрбір жаңадан ашылған мектеп – тек қабырғасы ғана емес, үміт пен сенімнің, болашақтың мектебі. Бұл мектептерде жаңа буын қалыптасып, жаңа Қазақстанның тірегі болатын азаматтар тәрбиеленеді, — дейді облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісов.
Шекаралық аудандарға көңіл көп бөлінуде
Жетісу облысының шекаралық өңірінде орналасқан Панфилов ауданы – бүгінде халық санының өсуі, әлеуметтік және экономикалық даму қарқыны жөнінен аймақта алдыңғы қатарда тұрған аудандардың бірі. Облыс қайта құрылған үш жыл ішінде бұл аудан көптеген жағынан жаңғырып, тың серпіліс кезеңіне аяқ басты. Мұнда бірнеше әлеуметтік және инвестициялық жобалар жүзеге асып, халықтың өмір сүру сапасы едәуір жақсарды.
Мәселен, Жаркент қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңадан салынған 1200 орындық мектептің жұмысымен танысты. Заманауи үлгідегі білім ордасы барлық талаптарға сай жабдықталған. Мектеп директоры Айгүл Дәрубаеваның айтуынша, білім ошағында 64 сынып, оның ішінде 6 жаңа үлгідегі, touch-экрандармен жабдықталған арнайы пән кабинеттері бар. Сонымен қатар екі информатика кабинеті, кең көлемді кітапхана, акт және би залы, үлкен асхана, шығармашылық пен демалысқа арналған коворкинг аймақтары мен шеберханалар бар.
Балалар мұнда бір ауысыммен оқиды, ал түстен кейін әртүрлі тегін үйірмелерге қатысып, өнер мен спортта дамуға мүмкіндік алады. Мүмкіндігі шектеулі балалар үшін де барлық жағдай қарастырылған.
Аудан әкімінің орынбасары Дидар Ешенов тілшілерге жаңа мектептің құрылыс барысы жайлы айтып берді. 2,7 млрд теңге көлемінде бөлінген мемлекеттік қаражат есебінен салынып жатқан бұл білім ордасы 2024 жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Құрылыс жұмыстары белгіленген мерзімнен ерте аяқталуы ықтимал. Ешеновтың айтуынша, жаңа мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, білім беру сапасы жоғары деңгейде ұйымдастырылады.
Үлкен Шыған ауылында 90 орындық заманауи спорт кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда онға жуық спорт секциясы ашылып, ауыл балаларының дене шынықтырумен айналысуына мол мүмкіндік жасалған. Соңғы үш жылда аудан бойынша алты жаңа мектеп салынса, тағы алты мектеп күрделі жөндеуден өтті. Білім мен денсаулық сақтау саласы бойынша нәтижелі жобалар жүзеге асқан: 21 жаңа медицина мекемесі салынып, 7 нысан күрделі жөнделген. Ауданда халық саны тұрақты өсіп келеді – жылына орта есеппен 3200-3500 бала дүниеге келеді. Осыған байланысты перзентхана ғимараты да жаңғыртылатын болады, — дейді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбеков.
Сондай-ақ аудан басшысы инфрақұрылымның да назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Көктал мен Сарыөзек арасындағы 78 шақырым жолға күрделі жөндеу басталған. Ауылішілік жолдар да біртіндеп жаңаруда. Биыл 25 елді мекенге газ тартуға қаражат бөлінсе, бес елді мекенге су құбыры жүргізілді. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан бойынша 15 мыңнан астам ағаш отырғызылған.
Панфилов ауданының бүгінгі бет-бейнесі – мемлекеттің қолдауы, жергілікті әкімдіктің жүйелі жұмысы және кәсіпкерлік бастамалардың үйлесімінен туған жарқын мысал. Бұл өңір әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытумен қатар, халықтың өмір сапасын арттыруда нақты нәтижелерге қол жеткізіп отыр.
Дереккөз: Baq.kz