Жетісу облысында ұлттық кино өнерін дәріптеуге бағытталған «Қазақ киносының онкүндігі» басталды. Мәдени шара Талдықорған қаласындағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында ашылды, деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ұйымдастырып отыр. Ашылу салтанатында көрермендерге Қажымұқан Мұңайтпасовтың өмір жолын баяндайтын «Қажымұқан» көркем фильмі ұсынылды.
Онкүндік аясында әртүрлі жанрдағы бірнеше отандық фильмдер көрсетіледі. Атап айтқанда, «Жамбыл. Жаңа дәуір», «Дос-Мұқасан», «Набат операциясы», «Патриоттар уақыты» және «Бауырына салу» фильмдері киноқұмар қауымға жол тартады.
Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық киноны насихаттап, ауыл-аймақ тұрғындарын отандық фильмдердің заманауи деңгейімен таныстыру. Бұған дейін осы тектес кино көрсетілімдер Қарағанды, Жамбыл, Солтүстік және Батыс Қазақстан облыстарында ұйымдастырылған.