Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде Италияның Марке политехникалық университеті филиалының кампусы ресми түрде ашылды. Бұл шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Антонелло Де Риу қатысты.
Марке политехникалық университетінің филиалы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы тапсырмасының жемісі. Қазіргі таңда филиал «Агрономия» – «Ауыл шаруашылығы ғылымдары технологиялары» қосдипломды білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Салтанатты шарада сөз алған облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы облыс орталығында шетелдік жоғары оқу орны филиалының ашылуы жастар үшін зор мүмкіндік екенін айтты.
– Бұл өңіріміздің аграрлық секторын жаңа деңгейге көтеруге серпін беретін маңызды бастама. Жетісу – аграрлы аймақ болғандықтан, осы салаға жаңа инновациялар мен озық агротехнологияларды енгізетін мықты мамандар қажет. Сондықтан да аталмыш бағдарлама бойынша облыс әкімдігі бастапқы кезеңде 14 білім беру грантын бөліп отыр. Бірлескен жобамыз өңірдің кадрлық әлеуетін арттырып, екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты одан әрі дамытуға үлкен үлес қосады деп сенемін, – деді Б. Исабаев.
Қазақстанда ең мықты шетелдік университеттер филиалдарын ашудың маңызына тоқталған Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек өңірлерде жылыжай шаруашылығы дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
– Жылыжайлардың жоғары техникалық деңгейін қамтамасыз ететін, сандық платформаларын, жылыжайдың жалпы жұмысын жүргізетін мамандар керек. Сондықтан жуырда Талдықорғанға италиялық білімді де білікті профессорлар келген соң агрономия саласындағы бағдарламаны іске асырамыз. Алдағы уақытта магистратура, докторантура оқыту бағдарламасын іске қосу да жоспарда бар, – деді министр.
Италияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Антонелло Де Риу мырза да бұл бастама екі ел арасындағы білім-ғылым саласындағы байланыстарды нығайта түсетін маңызды қадам екенін жеткізді.
Мұнан соң қызыл лента салтанатты түрде қиылып, ресми қонақтар кампустың ішін аралап, түрлі зертханалармен, дәріс аудиторияларымен танысты. Мұнда филиал қабырғасында жүргізіліп жатқан аграрлық саладағы бірқатар зерттеу жобалары таныстырылды.
Университет ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Ермек Бурибаевтың айтуынша, Марке политехникалық университетінің филиалында алдағы уақытта тағам инжерениясы, туризм, экономика және цифрлық технологиялар бойынша білім беру бағдарламалары ашылатын болады. Қазіргі кезде Марке политехникалық университетінің қызметкерлері оқытушылық қызметке тартылып отыр. Шетелдік ғалымдар Sara Ruschioni «Agricultural entomology and zoology» (Ауыл шаруашылығы энтомология және зоологиясы), Luca Mazzoni «Fruticulture» (Жеміс шаруашылығы) бойынша дәріс оқып, алғашқы практикалық сабақтарын жүргізуде.
Малика Арынова Марке политехникалық университеті филиалында «Агрономия және ауыл шаруашылығы технологиялары» мамандығы бойынша 3-курс білімгері. Оларға шетелдік оқытушылар дәріс береді. “Филиал базасында түрлі заманауи құрал-жабдық орнатылған. Дәрістеріміз бен тәжірибе сабақтарында оларды пайдаланып, білімімізді шыңдап жатырмыз. Сонымен қатар бізде әртүрлі онлайн курстар жүреді, соның ішінде итальян тілін үйрету, Еуропаға барар алдындағы бейімделу курстары да бар. Осы оқу орнында білім алып жүргеніме қуанамын”,— дейді студент.
Мұнда білім алып, оқуды сәтті аяқтаған студенттерге ауыл шаруашылығы ғылымдары мен технологиялары саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын италиялық және ауыл шаруашылығы саласындағы бакалавр дәрежесін тағайындайтын қазақстандық диплом беріледі. Сондай-ақ, түлектер бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, халықаралық тәжірибе алмасу мүмкіндігіне ие болады.
Еңлік КЕНЕБАЙ





