Жетісу өңірінде теміржол вокзалдарын заманауи талаптарға сай жаңғырту және құрылыс-монтаждау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту мен тұрғындардың жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыру маңызды бағыттардың бірі болып саналады. Осы орайда өңірдегі бірқатар маңызды теміржол тораптарын кешенді қайта жаңарту жобасы жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда Үштөбе, Лепсі, Сарыөзек, Бескөл, Жайпақ және Достық станцияларында құрылыс жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Ал Талдықорған, Көктұма және Ақши вокзалдарында жөндеу және жаңғырту шаралары толықтай аяқталды.
Жобаның сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Төрегелдин арнайы іссапармен келіп, өңір вокзалдарын жаңғырту барысын тексерді. Ол Сарыөзек пен Үштөбе станцияларына арнайы барып, жүргізіліп жатқан құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасымен егжей-тегжейлі танысты.
Тексеру қорытындысы бойынша жауапты мердігер ұйымдарға жұмыс қарқынын барынша жеделдету жүктелді. Атап айтқанда, құрылысты екі ауысымда ұйымдастыру, нысандарға жұмылдырылған қызметкерлер мен арнайы техника санын көбейту, сондай-ақ жүктелген міндеттердің орындалуына тұрақты бақылау жүргізу тапсырылды.
Сонымен қатар Талдықорған қаласында Жетісу облысы әкімінің бірінші орынбасары Әлібек Жақанбаевпен жұмыс кездесуі өтті. Жиынға қатысушылар теміржол вокзалдарын жаңғырту барысын, туындаған ағымдағы мәселелерді және алдағы жоспарларды кеңінен талқылады. Жұмыстарды белгіленген жоспарлы мерзімде аяқтау үшін объектілердегі жумысшылар мен техника санын арттыру қажеттілігіне баса назар аударылды.
Вокзалдарды жаңғырту жолаушылар үшін заманауи, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған. Құрылыс жұмыстарының уақытылы аяқталуы мен көрсетілетін қызмет сапасы жіті бақылауда болады. Сапалы инфрақұрылым өңірдің туристік әлеуетін арттырып, жергілікті тұрғындардың жол жүруін әлдеқайда жеңілдетеді.





