Буллинг – жеткіншектер арасында жиі кездесетін күрделі әлеуметтік проблема. Бұл тек күш қолдану ғана емес, психологиялық қысым, киберқорлау және әлеуметтік оқшаулау арқылы көрініс табатын кең ауқымды құбылыс. Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда буллинг тақырыбы кеңінен талқыланып, қоғамның назарын аударуда. Жергілікті БАҚ, әлеуметтік желілер, мамандар мен мемлекеттік органдар бұл мәселеге байланысты алдын алу шараларын қолға ала бастады.
Білім беру саласында қысым көрсету шешімін табуды талап ететін маңызды түйткіл. Қауіпсіз ортада білім алу әр баланың құқығы. Алайда бүгінде мектептерде қорлау, келемеждеу, шеттету сияқты әрекеттер жиілеп кеткен. Бұл жағдай жасөспірімнің психологиялық жағдайына, тұлғалық дамуына, тіпті болашағына теріс ықпал етеді.
Буллинг – бұрыннан бар, алайда бүгінгі күні ерекше қарқын алған әлеуметтік құбылыс. Қазіргі таңда оның ең қауіпті түрі – эмоциялық және психологиялық қысым. Егер физикалық зорлықты айналадағы адамдар бірден байқаса, эмоциялық қысым көп жағдайда көзге көрінбей, жасырын түрде жүреді. Бұл баланың ішкі жан дүниесіне еніп, ұзақ уақыт бойы жазылмас жара қалдыруы мүмкін. Сонымен қатар, буллингке бейім балалардың барлығы бірдей тұрмысы төмен отбасынан шықпайды. Керісінше, шектен тыс еркелетіліп, үнемі назарда өскен оқушылар арасында да буллингке бейімділік басым. Мұндай балалар өзін өзгелерден жоғары санап, өз билігін жүргізуге ұмтылады. Олар көбіне жалғыз емес, топпен әрекет етіп, әлсіздерді жәбірлеуді қалыпты нәрсе ретінде қабылдайды. Бұл – жәбір көрген бала үшін аса ауыр психологиялық соққы, – дейді психолог Назира Сейдахметова.
Мектеп қабырғасында кездесетін әлімжеттік білім беру жүйесінің ең өткір әрі алаңдататын мәселелерінің бірі. Қорқыту, мазақ ету, шеттету және психологиялық қысым көрсету сияқты әрекеттер тек құрбан болған баланың ғана емес, бүкіл сынып ұжымы мен оқу ордасының моральдық климатын бұзады. Бұл жай ғана балалар арасындағы ерегіс емес, жүйелі түрде бір оқушыны немесе бірнеше оқушыны қорлап, кемсітіп, психологиялық, әлеуметтік және кейде физикалық түрде қысым көрсету процесі. Мұндай әрекеттер ақыр соңында баланың өзін-өзі төмен бағалауына, сабақ үлгерімінің нашарлауына, психологиялық күйзеліске, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін апарады.
Буллингке қатысатын оқушылардың көбі шектен тыс ерке және еркіндікке үйренген балалар. Ата-аналар тәрбие барысында ең алдымен адамгершілік қасиеттерге мән беру керек деп ойлаймын. Оған қоса, мектептегі әр мұғалім оқушының психологиялық жағдайына үңіле отырып, әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізгені абзал. Менің байқауымша, көпшіліктің назарынан тыс қалған, тұйық оқушылар көбіне буллингтің құрбанына айналады. Мұндай жағдайдың алдын алу үшін олармен ашық сөйлесіп, ішкі проблемаларын анықтауға тырысу керек. Әлеуметтік жағдай да рөл атқарады. Жағдайы жақсы оқушылар қарапайым отбасынан шыққандарды киімі, сырт келбеті немесе жүріс-тұрысы үшін шеттетіп, келемеждеуі мүмкін. Кейбір балалардың табиғи ерекшеліктері болуы мүмкін. Мысалы, көзінің қылилығы немесе ақсаңдауы. Осы нәрселер де келемеждеуге себеп болып жатады. Адекватты ата-ана баласының бұндай қылық көрсетуіне жол бермейді деп олйаймын өз басым. Осындай сәттерде мектеп пен ата-ана бірлесе әрекет етуі қажет. Ұстаздар әр баланың әлеуетін байқап, тепе-теңдікті сақтап, ұжымда әділеттілік орнатуға ұмтылуы тиіс, – дейді Алакөл ауданы Екпінді ауылы М.Әубәкіров атындағы орта мектептің ұстазы, сынып жетекшісі Айбек Мұсанов.
Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиешілер балалардың қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. Осы кезеңнен бастап дұрыс әлеуметтік орта құрылмаса, бала мектепке барғанда өзара түсініспеушілікке бейім болып өседі. Сондықтан тәрбиешілер балалар арасындағы қарым-қатынасқа мұқият назар аударып, бірін-бірі келемеждеу, шеттету әрекеттеріне жол бермеуі қажет.
«Көпшілік буллинг тек мектеп қабырғасынан басталады деп ойлайды, алайда қазіргі таңда бұл құбылыс тіпті балабақша жасындағы балалар арасында да кездесуде. Баланың басқаны итеріп жіберуі, ұрып қалуы, ойыншықпен бөліспеуі немесе бір баланы топтан оқшаулау сияқты әрекеттер – балабақшадағы буллингтің бастапқы белгілері болуы мүмкін. Мұндай мінез-құлық кейде қалыпты жас ерекшелігіне байланысты деп қабылданғанымен, егер ол жүйелі түрде қайталанса және бір балаға ғана бағытталса, бұл жағдайға бейжай қарауға болмайды. Өкінішке қарай, кей тәрбиешілер осындай әрекеттерді жай ғана «бала ойыны» деп бағалап, назардан тыс қалдырады. Ал шын мәнінде, дәл осы кезеңде балаларға дұрыс әлеуметтік мінез-құлықты үйрету, эмпатияны қалыптастыру, бір-бірін құрметтеуді сіңіру аса маңызды. Тәрбиеші тек бақылаушы емес, тәрбие беруші тұлға ретінде әр баланың қарым-қатынас жасау дағдысын қадағалап, қажет болған жағдайда бағыт беруі тиіс. Егер тәрбиеші бір баланы жақтап, екіншісін үнемі шеттетсе немесе балалар арасындағы кикілжіңге көз жұма қараса, бұл әрекеті буллингке жол ашуы мүмкін. Сондықтан балабақша қызметкерлері де буллинг ұғымынан толық хабардар болып, ерте жастан оның алдын алуға атсалысуы қажет. Себебі мектепке дейінгі кезең – болашақ тұлғаның негізі қаланатын шешуші уақыт», – дейді психолог маман Назира Сейдахметова.
Білім ордасында қызмет атқаратын барлық ұстаз, сынып жетекші, тіпті қарапайым қызметкерлер де балалармен күнделікті тығыз байланыста болатын адамдар. Олар оқушылардың мінез-құлқындағы өзгерістерді, көңіл күйінің төмендігін, оқшаулануын байқап, оны буллингпен байланыстыра білуі керек. Оқушы өзіне сенімді болмаса, ұстаздан бастап қолдау таппаса, ол бұл мәселені айтуға қорқады.
«Бұл тек психологтың айналысатын тар шеңбердегі мәселе емес. Бала тек психологпен шектелмейді, ол күн сайын мұғаліммен, сынып жетекшісімен, директорымен, техникалық қызметкермен және басқа балалармен байланыста болады. Сондықтан әрбір педагог, әр қызметкер, тіпті қарапайым азаматтың да психологиялық сауаттылығы болуы шарт. Олар буллингтің қандай формада болатынын, оны қалай ерте кезеңде байқауға болатынын және жәбір көрген балаға қалай дұрыс қолдау көрсету керектігін білуі тиіс. Мектепте тазалықшыдан бастап директорға дейін әр адам балаға қамқор көзбен қарап, оның эмоциялық жай-күйіне немқұрайлы қарамаса, бұл – үлкен көмектің бастауы. Психолог – бағыт беруші ғана. Ал нақты нәтижеге жету үшін бүкіл орта, бүкіл қауымдастық бірлесіп әрекет етуі тиіс. Тек сонда ғана біз баланы буллингтен қорғайтын шынайы қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз», – дейді психолог.
Жасөспірімдер арасындағы әлімжеттік әрекеттері заң жүзінде де маңызды мәселе ретінде қарастырылады. Қазақстан Республикасының «Бала құқықтары туралы» Заңы әрбір баланың ар-намысы мен психологиялық қауіпсіздігін қорғауға кепілдік береді. Қорлау, мазақ ету, шеттету сияқты мінез-құлық түрлері тек педагогикалық емес, құқықтық бағаға да ие болуы мүмкін. Егер мұндай жағдайлар жүйелі сипат алса және оған жауапты тараптар – мектеп әкімшілігі немесе ата-аналар – тиісті шара қолданбаса, бұл құқық бұзушылық ретінде тіркеліп, жауапкершілік жүктелуі ықтимал.
Соңғы жылдары мектеп жасындағы балалар арасында психологиялық қысым мен қорлау әрекеттері айтарлықтай жиілегені байқалады. Бұл жай ғана балалар арасындағы кикілжің немесе жанжал емес, бұл баланың психикасына, өзін-өзі бағалауына, болашақ өмірге деген көзқарасына ұзақ мерзімді зиян келтіретін әлеуметтік зорлық-зомбылықтың түрі. Сондықтан кез келген әлімжеттік әрекет заң бұзушылық болып саналады. Егер бала қудалауға ұшыраса, ең алдымен оны тыңдап, қолдау көрсету қажет. Мектеп әкімшілігі бұл жағдайға бейжай қарамай, тиісті шара қабылдауы тиіс. Ал егер мектеп тарапынан әрекет болмаса, ата-аналар білім бөліміне немесе құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет. «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің» 127-бабына сәйкес, бала тәрбиесі бойынша міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін ата-аналарға айыппұл салынатынын да ескерте кеткім келеді. Осындай ортақ қадамдар арқылы ғана біз жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, олардың құқықтарының қорғалуына нақты үлес қоса аламыз, – деп түсіндіреді заңгер Меруерт Қойайдарова.
Сонымен қатар, заңгер буллинг құрбаны қандай қадамдар жасау керектігін де айтты.
Буллинг құрбаны болған жағдайда заңгер келесі қадамдарды ұсынады:
- Баланы тыңдау және кінәламай қолдау көрсету;
- Мектеп әкімшілігіне ресми түрде жазбаша шағым түсіру;
- Психологтан кеңес алуу;
- Егер нәтиже болмаса, білім басқармасы немесе полицияға хабарласу.
Оның айтуынша, буллингке қатысқан оқушылар мен олардың ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Мектеп әкімшілігі де әрекетсіздігі үшін тәртіптік жазаға тартылуы ықтимал.
Мектеп тарапынан буллингтің алдын алу үшін келесі шаралар ұсынылады:
- Мәселені шұғыл түрде назарға алу;
- Барлық тараптардың ата-аналарын хабардар ету;
- Психолог және мектеп комиссиясының қатысуымен жағдайды талдау;
- Оқушылармен жеке түсіндіру жұмыстары жүргізу;
- Құқық бұзушылық белгілері болса, тиісті органдарға хабарлау;
- Жәбірленуші балаға психологиялық көмек көрсету;
- Қайталанбау үшін алдын алу шараларын ұйымдастыру.
Қоғамдағы бұл өзекті мәселе жай ғана жасөспірімдер арасындағы қақтығыс емес, тұтас ұрпақтың болашағына төнген қауіп. Салдары ұзақ жылдарға созылып, баланың психикасына, білімге деген ынтасына, әлеуметтік бейімделуіне кері әсер етеді. Сондықтан бұл мәселенің жауапкершілігін тек білім ордасына артып қоймай, қоғам болып шешу қажет.
Мақпал Әділханқызы