Қазақ «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» дейді. Ел есінде есімі қалған азаматтардың ғұмыры көбіне олармен тағдырлас болған жарының жүрегінде жалғасып жатады. Өйткені адамның шынайы болмысын көпшілік емес, ең алдымен жанында жүрген серігі таниды. Оның қуанышы мен күйінішін, арманы мен азабын, азаматтық мінезі мен адамдық болмысын қатар көтеретін де – сол өмірлік жары.
Жетісу өңіріне белгілі журналист, қоғам қайраткері Тұрсын Әбдуәлидің жары Рәш Артыққызымен болған әңгіме осындай терең әсер қалдырды. Бұл – бір ғана отбасының естелігі емес, тұтас бір кезеңнің шындығы. Мұнда қазақ ауылының иісі, жоқшылыққа мойымаған қайсарлық, ата-ананың тәрбиесі, азаматқа сүйеу болған әйелдің сабыры, ел деп өткен ердің бейнесі бар.
– Мен 1940 жылдың 7 ақпанында Қаратал ауданы, Бірлік кеңшарының Бесағаш бөлімшесінде дүниеге келіппін. Бірақ құжат бойынша туған жылым 1939 болып кетіпті, – деп бастады әңгімесін Рәш апа.
– Негізі атымды Ләззат қойыпты. Әкемнің Ғазиз деген інісінің менен бір жас үлкен қызы болған. Кейін екеумізге бірге құжат жасатуға барған адам менің атымды ұмытып қалып, Күләшқа ұқсатып «Рәш» деп жаздырып жіберіпті. Сөйтіп менен бір жас үлкен Күләшпен құрдас, тіпті егіз болып шыға келдік… Әке-шешеден жалғызбын. Өзімнен бұрын туған ұл он бір айлығында шетінеп кетіпті. Кейін бес жасқа келгенімде әкем інісінің ұлы Нұрашты бауырына басып алады. Екеумізді ата-анамыз бірдей көрді. Өте тату өстік.
Рәш апаның әкесі Артық Жексенбеков – Жетісу өңірінің дүлдүлі, атақты айтыскер ақын. Ал оның тағдыры тым ауыр болса да, жігерін жасыта алмапты. Он үш жасында шешек шығып, екі көзіне ақ түседі. Кейін бақсы-балгерлердің сөзіне еріп, көзіне маржанның қырындысын салады. Соңы қайғылы жағдайға ұласып, қос жанарынан бірдей айырылып қалады. Бұл жайында ол:
– Оның көзі бұлыңғырлап болса да көретін. Маржанды көзге бітеудей тыққаннан соң тамырын қиып жіберген сияқты, ағып түсіп, мүлде соқыр болып қалған. Алайда ешқашан «кемтармын» деген емес. Ашаршылық жылдары түнімен жүріп масақ тереді екен. Кейін балық аулап, шешем қақтаған балықты қалаға апарып сатып, отбасын асыраған. Өте пысық адам еді. Суда жақсы жүзетін, – дейді.
Айтуынша, әкесі Артықтың ақындық қасиеті жайында айтылатын ел ішіндегі әңгіме де ерекше.
– Әкемнің түсіне Бақтыбай ақын кіріп, аузына түкірген екен. Бірақ өзі «өй» деп қайта түкіріп тастапты. Кейін түсін Қыдырәлі деген ақынға жорытқанда: «Қап, бекер түкірген екенсің. Дегенмен қалдығы қалған шығар, ақын боласың», – депті. Содан он тоғыз жасынан өлең айтқан екен, – деп ағынан жарылған кейіпкеріміз анасы Нысанбике Туғанбайқызы туралы ой қозғап, әкесі екеуінің қалай үйленгені жайында да айтты.
– Шешем жүрегі кең, көпшіл еді. Адамның бәрін бауырына тартып жүретін. Ал әкем екеуінің қосылуы ел аузындағы аңызға айналған. Шешем байдың қызы болғандықтан, оған сөз салуға бата алмай жүрген кезі екен. Бірде нағашы атам арықтан аттай бергенде галошын суға түсіріп алыпты. Сонда әкем: «Галошыңызды тауып берсем, қызыңызды бересіз бе?» – депті. Шешемнің әкесі: «Өзі соқыр болса, қайдан табар?» деп ойлап: «Беремін», – дей салады. Сөйтіп әкем галошын тауып беріп, шешемді алған екен… – дейді ол.
Рәш апа өскен шаңырақта тәртіп пен тәрбиенің орны бөлек. Қазақы тәлімнің қаймағы бұзылмаған ортада өскен қыздың кейінгі болмысына сол тәрбиенің ізі терең сіңгені әңгімесінен анық аңғарылады.
– Тамаққа отырғанда төрт көзіміз түгел болмаса, ешкім ас ішпейтін. Әкем үнемі біздің пікірімізді сұрап отыратын. Кітап, дәптер алу үшін арнайы қой байлап, соны сатып, керек-жарағымызды алып беретін. Ал ата-анамыздың бір-бірімен ұрысқанын көрмедік. Сондай-ақ шешем той-томалаққа барса, дастарқаннан ештеңе алмайтын. Соны көріп өскен мен де осыны бойыма сіңіріппін. Бірде Тұрсын тойдан сарқыт алып келмек болыпты. Сонда: «Тәтең ұрыспасын десең, оны алмай-ақ қояйын», – деп тастап кетіпті, – деген кейіпкеріміз әңгіме ауанын балалық шаққа бұрды.
– Алты жасымнан мектепке бардым. Әкемнің үнемі айтатын «жақсы оқы» деген сөзімен құлақтанып, ауылдағы төрт кластық мектепті өте жақсы бітірдім. Бірлік кеңшарының орталығы Тастөбедегі мектепке жаяу барып оқыдық. Біздің бөлімшеден жүзге жуық бала таңғы төртте тұрып, бес шақырым жерге жаяу баратынбыз. Қазір ойласам, бәрі ертегі сияқты.Сегізінші сыныпта оқып жүргенімде Далбағаев Егеубек ағай әйелімен бірге институт бітіріп, Жамбыл атындағы мектепке жұмысқа орналасты. Ол кездегі мұғалімдердің қаталдығы да бөлек еді ғой. Әлі есімде, Үштөбеден келген бір мұғалім бар еді. Сол кісінің төбесі көшеден көрінсе болды, балалар арыққа жатып тығылып қалатын. Ал оның сабағында бір бала қыңқ етпейтін. Қолында қандай заты болса, сонымен ұрып жіберетін көрінеді. Ол кісі бізді оқытқан жоқ, бірақ одан оқыған балалар айтатын.
Жетінші сыныпта Досымбаев деген ағай тарихтан, әйелі биологиядан сабақ берді. Бұл ағайдан қатты қорқатынбыз. Бірде сабақ үстінде ағай қасымда отыратын балқар бала Байдаев Нәзірге ұрсып сала берді. Нәзір өте ірі денелі еді. Оның парталасы болып қасында титтей ғана мен отыратынмын. Содан әлгі Досымбаев оған: «Шық кластан», – деді. Нәзір шығуға ыңғайланып еді: «Ана қасыңда отырған қызды қолтығыңа қыса кет», – демесі бар ма?! Мен болсам: «Ой, ағай, ой, ағай…» – деп қала бердім әйтеуір. Сондай мұғалім еді жарықтық…
Өз сөзінде Рәш апа Досымбаев, Егеубек Далбағаев, Қошақан Абдрахманов, Мәлік Әйтенов сынды ұстаздары туралы талай тәтті естеліктерден сыр шертті.
– Досымбаев ағайдың маған жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймын. Мектепте өтетін жиналыстарға әкем баратын еді. Оныншыны бітіретін жылы әкем Досымбаев ағайдан: «Қызымды қай оқу орнына жіберсем болады?» – деп ақыл сұрапты. Сонда ол: «Қызыңызды ЖенПИ-ге жіберіңіз. Тамақ пен жатын орын тегін. Қиналмай оқиды», – депті. Осылайша Алматыдағы қыздар педагогикалық институтының физика факультетіне түсіп, 1961 жылы оқу орнын бітіріп, қолыма диплом алдым. Институтты тамамдаған соң туған ауылымдағы мектепке мұғалім болып орналастым, – деп тебіренген Рәш Артыққызы сөзін Құдай қосқан серігі Тұрсын аға жайлы жылы естелігімен өрді.
– Тұрсынды 1959 жылдан білемін.Ол кезде мен студентпін, ал Тұрсын Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен. Кейін хат жазысып жүрдік. 1961 жылы әскерден оралды. Көңіліміз жарасқан соң 1963 жылы шаңырақ көтердік. Оның ата-анасы қойшы болғандықтан, тоғыз сынып қана оқып, соларға көмектесемін деп ары қарай білімін жалғастырмаған. Ал менің туыстарымның арасында жоғары білімді азаматтар көп болатын. Соған намыстандым ба, әлде оның қабілетін ерте байқадым ба, әйтеуір Тұрсынды білім алуға үнемі жетелеп отырдым. Алдымен 10-сыныпты сырттай бітіріп, орта білім туралы аттестат алды.
Екеуміз қосылған соң Үштөбеге барып, редакцияда әуелі корректор, кейін тілші болып еңбек етті. Бірақ баспана мәселесі шешілмеді. Оның үстіне сол жылдың желтоқсанында тұңғыш сәбиіміз дүниеге келіп, жағдайымыз қиындап кетті. Жастық, тәжірибесіздік әсер еткен шығар, абайсызда нәрестемізден айырылып қалдық. Сол қайғыдан кейін 1964 жылы екеуміз Молалы стансысына мұғалім болып қоныс аудардық. Тұрсын неміс тілі мен денешынықтыру пәнінен, мен математика мен физикадан сабақ бердік. Сол жерде жүргенде Тұрсын қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзін басқа қырынан таныта бастады. Мектептерді тексеруге келген инспекторлар оның неміс тілін жетік меңгергенін байқап, жоғары оқу орнына түсуге кеңес береді. Сол жылы жазда қызымыз дүниеге келіп, маған көмектесетін енем ауылда болғандықтан, Мұсабекке көшіп келдік. Мен мектепке мұғалім болып орналастым, ал Тұрсынға жөні түзу жұмыс табыла қоймады. 1966 жылы қырықтық кезінде екі ай жүн өлшеуші болып еңбек етті.
Бұл жерде қойшылар жүнді дұрыс өлшеп беру үшін қолға ақша береді екен. Сол әдеттерімен Тұрсекеңе де ақша ұсынған ғой. Бірақ ол ат-тонын ала қашып, жолатпапты.
Сол жылы Тұрсын:«Бұлай жүргенім болмайды. Қалайда жоғары білім алуым керек», – деп Алматыға аттанды. Бұрын ҚазМУ-дың журналистика факультетіне сырттай түсіп жүргенімен, бақылау жұмыстарын уақытында жібермегендіктен оқудан шығып қалған екен. Бұл жолы күндізгі бөлімге, Шет тілдер институтына тапсырамын деп кеткен Тұрсын бір күні Мәскеудің педагогикалық институтының күндізгі бөліміне оқуға түскенін айтып келді. Сол сәттен бастап оның ұзақ та ауыр білім жолы басталды. Аталмыш институттың екі жылын күндізгі, кейінгі екі жылын сырттай оқып тамамдады. Бірақ қолындағы дипломымен мектепке барып мұғалім болып кеткен жоқ. Алғашында аудандық газеттерде, кейін облыстық «Октябрь туы» газетінде еңбек етті. Бұл кезде қазіргі Балпық би ауылында тұратынбыз. Бір күні ол үйге газеттің бір тілшісін ертіп келді. Қолтығына бір бума газетті қыстыра келіпті. Сол түні екеуі таң атқанша әлгі газеттерді ақтарып, мақала жазып шықты. Ертеңіне жұмысқа кетті. Арада екі күн өткенде: «Мені обкомға шақырып жатыр», – деді. Сөйтсек, облыстық партия комитетіне нұсқаушы қызметіне шақырылыпты. Осылайша оның өміріндегі жаңа кезең басталды. Жаңа қызметке қабылдануының себебі – әріптесі екеуі түні бойы отырып, Тұрсекеңнің орыс тілінде жазған баспасөзге шолу мақаласының жоғары бағалануы екен. Обкомдағыларға оның жазғаны ұнаса керек.
Осылайша біз 1972 жылдың шілде айында Талдықорғанға қоныс аудардық. Тұрсын обкомда лекторлар тобының жетекшісі, саяси-ағарту үйінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Кейін облыстық теле-радио хабарларын тарату комитетінің төрағасы болды. Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясында білім алды. Еліміздегі ең үлкен саяси оқу орындарының бірінде дәріс тыңдап, өзін жан-жақты жетілдірді. Сол жерде жүргенде Мұрат Әуезов, Болатхан Тайжановтар құрған «Жас тұлпар» ұйымына мүше болғанын кейін естідік. Бірақ ол бұл жайлы айтып ешқашан кеуде қаққан емес.
Қандай мәселе болса да, оның мәніне терең үңіліп, ақылмен шешуге тырысатын. Кейін «Жерұйық» газетінде қызмет етті. Газет жабылғанда қатты қиналды. Сол тұста жазған бір өлеңінде: «Білмеймін, күнде ме едім, айда ма едім, Қиялдың қанатына байлап едім. Өзгеден үні бөлек, түрі бөлек, Жыр-дидар «Жерұйығым» қайда менің?» – деп налитыны бар еді. Одан кейін «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі болды, – деген Рәш апа Тұрсын Әбдуәлидің өмір бойы халықтың сөзін сөйлеп өткенін, журналистиканы жай қызмет емес, азаматтық ұстаным деп түсінгенін айтады.
– Кейде түн ішінде де мазасызданып жататын. «Мына елдің жағдайы не болады?» деп ойланып жүретін. Жұмысынан келсе де, үйде отырып газет қарайды, кітап оқиды, жазу жазады. Бір мәселенің мәнісіне жетпей тынбайтын. Оның білімге деген құштарлығы да ерекше болды. Университеттерде философия пәнінен дәріс оқыды. Зейнетке шыққан соң да қол қусырып отырмай, Жетісу тарихын зерттеуге, энциклопедиялар шығаруға атсалысты. «Өмір өрінде», «Наркескен», «Тоқыраудан – толымды табысқа», «Тағылым», «Өмір оты өшпейді», «Азамат» сынды кітаптар жазды, – деп жан жары туралы ақтарылған апамыз ағаның бойындағы ерекшеліктерді де даралай кетті.
– Тұрсынның бір ерекшелігі – елдің мұңын өз мұңындай қабылдайтын. Үйге келген адамдарды жыл мезгіліне қарай төртке бөлетінмін. Жазда келетіндер – шынайы туыстар, қыста келетіндер – ем іздеп келгендер, ал күзге қарай келетіндер балаларын оқуға түсіру, жұмысқа орналастыру мәселесімен жүретіндер еді. Тұрсын олардың ешқайсысының бетін қайтармайтын.
Жоқшылық жылдары да аз болған жоқ. Бірде жеребемен бізге «Москвич-412» көлігі тиді. Қуанып жүріп сатып алдық. Бірақ кейін қарызға батып қалдық. Бір күні кешкісін Тұрсын келіп: «Машинаны сатып жібердім», – деді. Ал мен аң-таң болып қалдым. Бірақ ол: «Қарыздан құтылдық. Машинадан бұрын адамның ары таза болуы керек», – деді. Шынында да, елге жаны ашитын, жүрегі дарқан жан еді.
Әңгімемде бала кезден әкем мен шешемнің темірдей тәртіппен тәрбиелегенін айттым ғой. Дастарқан басына төрт көзіміз түгел отырмайынша ас басталмайтын. Тұрсын да сол тәртіпті сақтады. Бала тәрбиесіне қатты мән берді. Бес бала өсірдік. Гауһар, Ғалия, Жанар, Талғат, Фархад. Өкінішке қарай, кенжеміз Фархад жол апатынан қайтыс болды. Бұл біздің жүрегімізге жазылмас жара салды.
Қазақ күйеу баласын пайғамбарындай көрген ғой. Күйеубалаларымыз Ержан, Сандыбай, Марат, келініміз Гүлмира – Құдай бере салған жандар деймін. Ұл мен қыздан немере, немереден шөбере сүйдік.
…Тұрсын кейде сырт көзге қатал көрінетін. Бірақ оның жүрегі өте нәзік еді. Өз өлеңінде: «Жайшылықта жүрегім ақ мақтадай, қайшылықта қаттымын қара тастай», – деп жазғаны бекер емес. Ол ешқашан байлық қуған жоқ. Қолынан келгенше елге көмектесіп өтті. Талай адамның оқуға түсуіне, жұмысқа орналасуына, баспана алуына себепші болды. Қазақтың біртуар ақыны Сейітқали Ағыбаевтың:
«Әріптесін шалдырмай,
Лақ болса да қалдырмай.
Игілікке жаратқан,
Ұжымға теңдей таратқан…» – деп жазған жолдары Тұрсынның болмысына дәл келетіндей. Меніңше, Тұрсынның ең үлкен қасиеті – адамды алаламауы еді, – дейді Рәш Артыққызы.
Жары жайлы жүрекжарды естелік айтқан кейуана ата-енесінің адамгершілігін, келін болып түскен алғашқы жылдарын да ерекше ықыласпен еске алды.
– Атам – Әбдуәли Жапарқұлұлы, енем – Битай өте мейірімді, кең пейілді жандар еді. Мен өз үйімде жүріп аса көп шаруа істеген адам емеспін, келін болып түскенде де қолымнан келетіні тек үй жинау ғана. Оның үстіне ата-енемнің қолында да көп тұрған жоқпыз. Бір күні енем: «Бақшаға жуа егейік», – деді. Мен ондай істі білмейтінімді айттым. Ол кезде Тұрсын Мәскеуде оқып жүрген. Өзім мектепте мұғаліммін. Содан мектептегі балаларды көмекке шақырып, әйтеуір солардың күшімен жуаны егіп шықтық.
Күзде әлгі пиязды жинайтын уақыт келді. Сөйтсек, оның сабағын қиып алу керек екен. Үйдегі төртеуміз отырып, пияздың сабақтарын қидық. Сол сәтте мен: «Пиязды өткізіп болған соң, Тұрсынға барып келемін», – деп қалдым. Сонда атам: «Ой, әкеңнің аузы-ай, ұлды өлімге айдап жіберіп, енді соған тағы барамын дейді…» – деді. Ол кісінің сөзін тура мағынасында түсініп қалып, жылап шығып кеттім. Ертеңінде әкеме барып: «Атам мені «әкеңнің аузы» деп боқтады», – деп ренжігенімді айттым. Сонда әкем: «Қой, балам, ол сені емес, мені айтып отыр ғой. Екеуміз құрдаспыз, қалжыңдасқаны ғой. Оған ренжіп, жылама», – деп сабырға шақырды. Қазір ойласам, бұл да үлкендердің даналығы мен кеңдігі екен.
Кейін атамның әлгі сөзін өзім де әзілге айналдырып: «Ата, өлімге жіберді деген ұлыңыз келіп, міне, бастық болып отыр», – деп күлетін едім. Ол кісі де менің бұл сөзіме мәз болатын…
Жарының өмірден өткеніне бес жыл өтсе де Рәш апаның жүрегіндегі сағыныш басылмаған.
– 2021 жылы екеуміз бірдей коронавируспен ауруханаға түстік. Мені ертерек шығарды. Ал Тұрсынға: «Екі күннен кейін шығасыз», – деген. Кетерімде ол маған ұзақ қарап: «Енді сені көрем бе, жоқ па…» – деді. Сол сөз оның маған айтқан соңғы аманаты болып қалды… Кейде үйде жалғыз отырғанда есіктен кіріп келетіндей болады. Даусы естілетіндей… Ендігі бір тілегім – Талдықорғанда Тұрсынның атынан көше яки мектеп аты берілсе деймін. Ол өмір бойы халыққа қызмет етті. Егер соны көзімнің тірісінде көріп кетсем, азамат еңбегінің еленгені болар еді…
Әңгіме соңына қарай Рәш апаның дауысы баяулап, жанарына мұң ұялады. Сағыныштың салмағы сезіліп тұрды.
– Біз елу сегіз жыл бірге өмір сүрдік. Қуанышы да, қиындығы да көп болды. Бірақ бір-бірімізге деген сыйластық жоғалған жоқ. Тұрсын тіршілікте ешкімге зәбір көрсеткен емес. Сол тап-таза қалпында өмірден өтті…
Рәш апаның әңгімесін тыңдап отырып, қазақ әйелінің қандай биік болмыс иесі екенін тағы бір аңғарғандай боласың. Сабыр мен парасатты серік еткен, азаматтың артында үнсіз тіреу болған аналардың бейнесі осындай шығар. Ал Тұрсын Әбдуәли секілді азаматтардың ғұмыры – халық жадында мәңгі қалатын тағылым.
Сарби ӘЙТЕНОВА





