Жол салынған соң сапалы салыну керек. Көпшіліктің қарғысын арқалаған мердігердің әрменқарайғы ісі оң болуы неғайбыл. Облыстық мәслихат депутаттары Ескелді, Ақсу аудандарындағы күрежолдың құрылыс жұмыстарын тексеру үшін арнайы барды. Тұрғындардың пікірін тыңдап, жауаптыларға талап қойды. Халық қалаулылары аудандардағы балаларға арналған сауықтыру лагерлерінің де жай-күйін көзбен көріп, хабар алды.
Алдымен «Көктөбе» жазғы демалыс лагеріне бас сұққан депутаттар ондағы балалармен сөйлесіп, демалушылардың жатын орыны мен ойын алаңдарын аралады. Ас мәзіріне назар аударып, аспаздарға жұмыстарына ыждағатты болуды тапсырды. Сауықтыру лагері 200 жатын орынға арналған, асхана, спортзал, акт залы, тынығу орындары мен шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, теннис ойнайтын залдар бар. Сонымен қатар, бірінші және екінші қабаттарда дәретханалар мен жуынатын бөлмелері талапқа сай жабдықталған.
– Біз биыл үшқабатты бұл ғимаратты 51 387 000 теңгеге күрделі жөндеуден өткіздік. Десе де шатырын жаңалап, спорт залдың еденін ауыстыру қажет. Ол үшін смета жасап, бағасын есептеп, қанша қаржы керегін анықтауымыз керек. Халық қалаулылары көмек көрсететіндерін айтты. Жалпы біз 7 күнде 200 оқушы, жаздың соңына дейін 2000 баланы қамтимыз деп жоспарлап отырмыз, – дейді «Көктөбе» лагерінің директоры Әйгерім Баймұқанова.
Бұдан кейін облыстық мәслихат депутаттары Қоңыр ауылына ат басын бұрды. Абай көшесіне жасалып жатқан жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл мақсатта бюджеттен 70 млн. теңге бөлінген. Қазір мердігер мекеме асфальт төсеу үшін тегістеу жұмыстарын жүргізуде. Алайда ауыл азаматтары жаңа салынған тас жол көктемде қармен бірге ағып кете ме деп қауіптенеді. Себебі жол жиегінде арнайы арық жүйелері қарастырылмаған. Сонымен қатар ескі көпірді жаңартып берсе деген ұсыныстарын жеткізді.
– Көшеге қарасаңыздар котлаван болып кеткен. Біздің жақта қар мамырға дейін ерімейді. Ал көшенің екінші беті күнгей болғандықтан қар тез ериді. Сол себепті осы жағынан қар ерігенде өзен болып ағып, жолды шайып кетеді, – дейді ауыл тұрғыны Сырым Ержанов.
Бұл көшеде көпір мәселесі де өзекті. Ауыл тұрғындары көпірдің дұрыс жасалмағандығынан трактормен келе жатқан адамның қаза тапқандығын айтады. Алдағы уақытта көпірді су шаймас үшін құбыр арқылы ылдидан келетін суды бұрып ағызып, ұсақ таспен еңіс тұсты толтыру керек дейді. Депутаттар тұрғындардың талабын тыңдады. Сондықтан мердігер мекемеге төселетін тас жолдың бір жылдық емес екенін ескертті.
– Біз халық атынан сайландық. Сол үшін олар «жолдың сапасын көріңіздер, тексеріңіздер», – деп шақырды. Міне, келдік. Олар да өз ойларын, пікірлерін айтып жатқан соң оны да естіп, тыңдау керек. Өйткені тұрғындар бұл жақтағы ауарайын жақсы біледі. Ертең салып кеткен соң халық анау жолдарың анандай болды, мынадай болды деген сөзі естімеу үшін осы бастан жұмыстарыңызды дұрыстап істеңіздер, – деп Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева жауаптыларға ескерту жасады.
Қазіргі уақытта Қапал ауылына апаратын 26 шақырымдық жол күрделі жөндеуден өтуде. Бүгінде су өткізетін құбырларын орнату бойынша жұмыстар аяқталған. 1,5 шақырым жол төселген екен. Ал бұл жұмыстарға бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінген. Жол құрылысы аяқталған соң арнайы сынама алып, толық тексеріс жүргізіледі. Қандайда сын болса мердігер компания өз қаржысына оны қалпына келтірмек.
Сапар соңында депутаттар Қапал ауылындағы «Тамшыбұлақ» сауықтыру лагерінің жұмысын да көрді. Ондағы 55 оқушының қауіпсіздігі мен демалыстағы уақыттарын қаншалықты тиімді өткізіп жатқанын тексерді.
Медет ЖҰМАБАЙ
Ескелді-Ақсу аудандары