Сарқан өңірінде ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды науқан – жоңышқаны екінші рет шабу жұмыстары бастау алды. Көктемгі өнімнен кейінгі бұл кезең шаруалар үшін жауапты әрі табысты уақыттың бірі. Қазіргі таңда қала маңындағы шаруа қожалықтары мен жеке егіншілер екінші орымды белсенді түрде бастап кетті.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Сарқан қаласы бойынша биыл жоңышқа егістігінің көлемі былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай ұлғайған. Көктемгі жауын-шашын мен қолайлы ауа райы бірінші орымнан мол өнім алынуына сеп болған. Ал жазғы кезеңнің басым бөлігінде жүргізілген тыңайтқыш енгізу мен суару жұмыстарының нәтижесінде екінші орымнан да жоғары өнім күтілуде.
Жергілікті шаруа қожалықтарының айтуынша, екінші шабыс біріншіге қарағанда оңтайлы жағдайда өтуде. Қазіргі уақытта ауа райы қолайлы, шөп шабуға, жинауға және тасымалдауға еш кедергі жоқ. Осындай қолайлы жағдайды пайдаланып биылғы екінші орымда әр гектардан орта есеппен 50-60 центнерге дейін өнім алу жоспарланып отыр. Бұл – мал азығының қоры мен қысқы дайындықтың сенімділігін қамтамасыз етеді.
Сарқан қаласы бойынша жоңышқа егу, күтіп-баптау және шабу жұмыстары жылдан жылға жаңарып, технологиялық тұрғыда дамып келеді. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты әрі сапалы дамуына негіз болмақ.
Жақсылық ИГІМАН





