Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егістік көлемі 510,7 мың гектарды құрады. Осынша алқапқа дәнді және майлы дақылдар, күнбағыс, қант қызылшасы, мал азығы, көпжылдық және біржылдық шөп, сүрлем себілді. Қазіргі таңда егін орағы жоспарлы түрде жалғасуда. 22 шілдедегі ақпарат бойынша 240,3 мың гектар масақты дәнді дақылдардың 47,4 мың гектары орылып, 74,7 мың тонна астық жиналып, орташа гектар өнімділігі 15,8 центнерді құрады. Сонымен қатар, картоп пен бақша дақылдарын жинау жұмыстары басталып, картоптан гектарынан 209, бақша дақылдарынан 274 центнерден өнім жиналуда. Егін орағы мен дақылдарды жинау жұмысы әлі жалғасып жатыр. Мұндай көрсеткішке қарағанда жетісулық диқандар биылғы науқанды сапалы әрі жоғары көрсеткішпен аяқтайды деген сенімдеміз.
Алдағы қыстан аман-есен шығу үшін биыл облыс бойынша 2,8 млн. тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Бүгінде жемшөп дайындау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Айта кетерлігі, өткен жылдан қор ретінде қалған 653,4 тонна мал азығымен қоса тағы да 2 млн. 236 мың тонна жемшөп дайындалса, қыстан қысылмай шығуға болады. Таратып айтар болсақ, 1 млн. 268 мың тонна шөп, 341 мың тонна сабан, 117 мың тонна пішендеме, 203 мың тонна сүрлем, 307 мың тонна жемдік астық қамбалануы тиіс.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, аймақтағы мал азығын дайындауға арналған дақылдар егістігі жалпы 92,5 мың гектарды құрайды. Осы алқаптың 82,8 мың гектарына көпжылдық шөп, 7 мың гектарына біржылдық шөп, 2,6 мың гектарына сүрлемдік жүгері себілген. Қосымша 152 мың гектар табиғи шабындық бар. Оның ішінде шаруашылықтардың пайдалануындағы жер 126,4 мың, орман қорындағы жер 13,1 мың, мемлекеттік табиғи парктер аумағы 1,1 мың, елді мекендер шегіндегі жер 11,3 мың гектарды құрайды.
Жылдағыдай көпжылдық шөп үш рет шабылады. Осы меже бойынша есептегенде жалпы 867,2 мың тонна көлемінде өнім алынады. Яғни, бірінші шабындықтан 279,4 мың, екінші шабындықтан 289,8 мың, үшінші шабындықтан 298,1 мың тонна мал азығы жиналуы керек. Сонымен қоса, біржылдық шөптен 17,5 мың, табиғи шабындықтан 375 мың, 117 мың тонна пішендеме бастыру көзделген.
22 шілдедегі жағдай бойынша 82,8 мың гектар көпжылдық шөптің бірінші шабындығы, 7 мың гектар біржылдық шөп, 107 мың гектар табиғи шөп шабылған. Сонымен қатар, 76 мың тонна сабан, 15 мың тонна жем жиналыпты. Жалпы дайындалған шөп көлемі 786 мың тонна. Бұдан бөлек, 117 мың тонна пішендеме дайындалған. Бұл жылдық жоспардың 44,5 пайызын құрайды.
Осыншама санды нақтылап көрсетудің жөні бөлек. Себебі, көктем жайлы басталғанымен жаз шыға аптап ыстық айналаны қуырып әкетті. Жер қуарып, шөп күйіп кетті. Жұрттың көңілінде: «Биыл шөптен таршылық көреміз бе?» деген күдіктің орын алғаны жасырын емес. Алайда, дәл бүгінгі күнгі көрсеткіш мал азығын дайындауда алаңдаудың реті жоқтығын көрсетіп тұр. Өйткені өткен жылы да дәл осы уақытта осындай жемшөп жиналған болатын. Қазір ойдағы ел шөбін шауып, сабанын жинап, сүрлемін бастырып алғанымен таудағы елдің шабындығына енді шалғы түсіп жатыр. Дегенмен де өткен жылдың ұқсас мезгілімен салыстырғанда шөптің нарықтағы сатылым бағасы былтырғыдан сәл жоғарылау. Атап айтар болсақ, бірінші шабындық шөбінің 1 орамы орта есеппен 900 теңге, екінші шабындық шөбінің 1 орамы 1200 теңге, орама шөптің бір данасы 10-12 мың теңге аралығында сатылып жатыр. Бағаның осылай құбылуы шөптің аздығынан емес, биыл барлық тауарда көрініс тапқан бағаның қымбаттауынан туындаған қалыпты жағдай.
Қысқасы, мал азығынан алаңдайтын дәнеңе жоқ. Күзге дейін еңбекшіл ел қолындағы малын алдағы қыстан аман-есен шығаратын мал азығын толығымен жинап, қамбалап алады.
Қажет АНДАС





