Өңірде көкөніс және жеміс өнімдерін сақтайтын 84600 тонналық 8 қойма бар. Қыс маусымында базардағы көкөніс, жеміс-жидек саудасының бағасын тізгіндеуге осы қоймаларда сақталған өнімдер сеп болмақ. Диқандар биыл 23100 гектардан аса жерге «дала аруының» әртүрлі сұрпын өсірді. Тауарлы жүгері сорттарымен бірге елдің солтүстік, шығыс аймақтарын жүгері тұқымымен қамтамасыз ететін «дала аруының» элиталық тұқымдық түрлері де егілді. Жүгерішілер өсірген дақылдың ерте пісіп жетілетін сұрыптарын қыркүйек айының алғашқы күнінен бастап орып жинауға кіріскен.
– Жүгері жинау толық аяқталды. Қараша айының алғашқы күніне дейін өсірілген жүгері алқаптары түгел орылды. Былтыр жүгері дәнінің бағасы төмен болғандықтан біраз диқан басқа дақыл түрін өсіруге көшкен. Биыл қабылдау орындарындағы баға былтырғымен салыстырғанда әдәуір жоғары. Қазір әр келі жүгері дәні 100 теңгенің үстінде қабылдануда, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қуанышбек Есмұрат.
Әр гектардан жиналған дән орта есеппен 75 центнерден айналуда. Қараша айының алғашқы күніне дейін «Жаркент крахмал-сірне» зауытына 40920 тонна, «АзияАгроФуд» зауытына 10 мың тоннаға жуық жүгері дәні сатылды. Оның дәнін өңдеп, ұқсататын басқа да кәсіпорындар астық қабылдауға дайын.
«Айгерім» ШҚ басшысы Ұлан Сарпековтың айтуынша, олар егіс алқабына тамшылатып суару технологиясын енгізудің арқасында жүгері өнімділігін екі есе арттырған. Ол соңғы 2 жыл ішінде 156 гектар жерге ылғал сақтау технологиясын енгізіп, оған жалпы 270 млн. теңге инвестиция құйған. Бұған дейін жүгерінің әр гектарынан 70 центнерден өнім алса, тамшылатып суаруды қолданудың нәтижесінде әр гектардан 150 центнерге дейін өнім алуда. Ол жүгері өсірумен 11 жылдан бері айналысады.
Жалпы өңірде жүгері кептіру, сақтау, өткізу мәселесі өзекті. Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруалардың өтінішіне орай Пенжім ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жүгеріге арналған 2 қырман салынған. Олар бүгінде ел игілігіне жұмыс істейді. Бірінші қырманда бір ауысымда 1200 тонна, ал екіншісінде бір ауысымда 1500 тонна кептіріледі. Сол сияқты «Оразбаев Б.З.» ШҚ тәулігіне 800 тонна дән кептіретін, сыйымдылығы 10 мың тонналық жүгері кептіру және сақтау зауытын салған. Бұл нысан шаруашылықтар үшін тиімді болды. Басшысы Берік Оразбаев қоймада 2024 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақталғанын, биыл да жұмыс қарқынының бәсеңдемейтінін, зауытта қазір 25 адам жұмыс істейтінін айтты.
Аудан әкімі Марат Сағынбектің сөзінше, бүгінде 30 мың тоннадай өнім жүгері өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Шаруалар өнімдерін негізінен «Жаркент крахмал-сірне» зауытына тапсырады. Бұдан басқа, тағы 4 кәсіпорын жүгері дәнін кептіріп, сақтап, ұқсатумен шұғылданады. Жалпы ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысады.
– Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінде жүгері ылғалдық деңгейіне (18-20%) қарай 90-100 теңгеге бағалануда. Бұл өткен жылғы құнынан біраз жоғары, – дейді аудан әкімі Марат Сағымбек. Бұл ретте ол жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия беріліп отырғанын да атап өтті.
Жалпы биыл облыс көлемінде 57 мың гектарға жүгері тұқымы себілсе, соның жартысына жуығы Панфилов ауданының үлесінде. Бүгінде жетісулық шаруалар 32,3 мың гектарды жинап алды. Облыс көлемінде жүгерінің орташа шығымы 63,3 центнерді құраса, бұл көрсеткіш ауданда 75 центнерден айналуда. Аудандық әкімдіктің мәліметінше, биыл 180 мың тонна жүгері жиналған. Жүгері жинау жұмыстары техника күшімен атқарылды. Науқандық іске жүгері собығын алқапта бірден дәнінен уатып оратын жалпы 33 «Джон Дир» комбайны қатысты. Оларға дән тасымалдайтын 100 «КамАЗ» жүк көлігі тіркемесімен, ал алқаптан собықпен оратын 30 «Херсон-9» комбайндарына 65 трактор тіркемесімен көмектесіп, алынған дәнді қырмандар мен қабылдау орындарына жеткізді.
Сондай-ақ, диқандар 227 гектар жерге жаздық бидай өсіріп, әр гектарынан 16 центнерден дән жиналды. Сол сияқты 141 гектарға арпа өсіріліп, әр гектарынан 12,5 центнерден өнім алынды.
Өңірде жалпы 18787 гектардан астам алқапқа көпжылдық шөп өсіріліп, қыс маусымына 398,2 мың тонна жоңышқа, 19 мың тоннадан аса пішендеме, 18 мың тонна сүрлем дайындалған. Картоп, көкөніс, бақша, жеміс-жидектен де мол өнім жиналды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ





