Қоңырөлең ауылына жақын орналасқан Сарытөбе, Ынталы, Бөрібай би ауылдары бұрыннан бір орталыққа қарайды. Патша заманында Бурақожыр болысы, кейін Қоңырөлең ауылдық округі болып қайта құрылды. Осы ауылдарда емші, молдалар бұрындары көп болатын. Соның ішінде өзіміз көзін көрген Молдақұл молдаға ел-жұрт жан-жақтан көп келуші еді. Ол кісі жүйке ауруларымен ауырған науқастарды оқып жазатын. Бірде туыс ағамыз аяқ асты жүйке ауруымен ауырып қалды. Әжеміз бірден Молдақұл атаны ертіп келіп емдеткені есімде қалыпты. Ағамыз бір айдың ішінде ауруынан құлан-таза айығып кеткен еді.
Ал Жабан молда бұрындары болған кісі екен. Ол кісі туралы ел ішінде көп айтылады, бірақ нақты деректер аз. Қоңырөлең ауылының абыз ақсақалы, қажы, шежіреші, ақын Дауысқожа ағамыз: «Жабан ағамызды, молда деуге келмес. Себебі ол кісінің сиқырлығы басымдау» деген еді. Бірақ ел «Жабан молда» атап кеткен, соған қарағанда молдалығы ерекше болған-ау, сірә?!
1950 жылдары Жабан молда біздің жас күнімізде малды ауылға жиі келетін. Ол кезде Жабан молда орта жасқа келген, сақал-мұрты аппақ, зор денелі кісі болатын. Менің әкем жақсы араласқан. Сол кісіден естіген әңгімелерім еді», – деп естіген, көрген-білгендерін айтқан болатын.
Жабан молда жас кезінде жайлаудан өгізге мініп, Қарақолдың аузында көктемде сеуіп кеткен тарысын суғаруға келе жатып, жол бойынан алба-жұлба киініп, есекке мінген баланы кездестіреді. Жабан: «Ассалаумағалейкум» деп сәлем береді. Бала: «Уағалейкумассалам, шөкең» деп жауап қатады. Сонда Жабан: «Өй, мен шөкең емес, әкеңмін» депті. Сол мезетте әлгі бала көзден ғайып болып, тек есегінің екі-үш басқан ізі қалады. Бұл жолыққан қызыр екенін Жабан кейін біледі. «Қап, өркөкіректік танытпауым керек еді» деп өкінеді. Алайда болар іс болған соң, өкінгеннен пайда жоқ. Бұдан кейін Жабанның әйелі қайтыс болады, басынан талай қиыншылық өтеді.
Бірде Жабан көрші ауылдағы бір әйелге ұсыныс жасау үшін үйіне келеді. Дастархан басында айтқан әңгіме әйелге аса ұнай қоймаған болу керек, ұсынысын қабылдамайды. Бір кезде келіншек сыртқа шығып, үйге қайта кірсе, жерге төселген тулақ біресе ары, біресе бері сырғып «билеп» жүргенін көрген әйел шошып кетеді де: «Ойбай, мынауыңды тоқтат, тұрмысқа шығам саған» деп әрең құтылыпты.
Жабан молда Гвардия кеңшарының Шолақсудағы шабындығына күзетші болады. Күзде жайлаудан көшіп келген бір малшы шабындықтың маңына орналасып алыпты. Малшы күзетшінің айтқанына көнбей, шабындыққа малын жіберіп баға беріпті. Ертесінде Жабан молда үйінен келе жатып, бір жыланның інін көріп, иіскеп, іннің ішінде жылан бар екенін біледі. Жабан молда асықпай оқуын оқып, жыландарды шақырып, үйірімен соңынан ертіп алады. Малшыға келіп: «Көшесің бе, жоқ па?», – дейді Жабан. Малшы дұрыс жауап бермейді. Ыза болған ол жыландарға бұйрық бергенде, бәрі малшының үйіне қарай лап береді. Жаңа ғана: «Көшпеймін» деген малшы зәре-құты қалмай бала-шағасымен шырылдап: «Мына пәлекеттеріңді жоғалт, қазір көшеміз», – деп алды-артына қарамай, көшкен екен. «Жыланның тілін білген Жабан» деген осыдан шыққан болу керек.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шығып отырған абыз ақсақал, көпті көрген, көне көз қария, «Октябрь» кеңшарының директоры болған Өкен Әбілмәжінов ағамыз ел аузында әлі күнге дейін ұмытылмай айтылып келе жатқан осы бір оқиғаның бел ортасында болған Мәжит Жәмшитовтың өз аузынан естігенін айтқан еді.
– Бір топ адам Керімағаш санаторийінен келе жатқанбыз. Ішімізде көп жыл Үшарал ұжымшарында, Басши кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы болып қызмет еткен Нұрсадық Жазылбеков ағамыз бар еді. Көктал ауылындағы бір үйге ас-су дайындап қойған екен, бәріміз сол жерге келіп, түстендік.
Бәріміз дастархан басында әңгіме-дүкен құрып отырғанбыз. Төрде отырған Нұрсадық аға:
– Мәжит аға, Жабан молданың жаңбыр жауғызғаны үшін абақтыға жатқаны рас па? – деді. Еркін ағамыз бір жөткерініп алып:
– Ой, сендер де айтасыңдар-ау, жаңбырды жауғызғаны үшін емес, тоқтата алмағаны үшін қамады дегеніміз дұрыс шығар, – деді.
– Құдайдың жауынын Жабан қалай тоқтатсын, – деді дастархан басындағылар.
Бұл оқиға соғысқа дейін 1938 жылдары болған екен. Сарытөбе өз алдына жеке ұжымшар болып құрылған кез. Сол жылы қуаңшылық қатты қысып, ала жаздай жаңбыр бір тамбай қойыпты. Азын-аулақ еккен егін күйіп кетеді. Шөп те сарғайып, өспей қалады. Ауыл белсенділері не істерлерін білмей, Жабан молдаға келеді. Келген адамдардың ішінде Мәжит Жәмшитов те бар еді.
Жабан молда ол кезде жап-жас жігіт, ұжымшардың малын бағады екен. Елең-алаңда бір топ адам сау етіп кіріп келгенде, не істерін білмей сасып қалады. Кейін өз ауылдастары екеніне көз жеткен соң барып, амандық-саулық сұраса бастайды.
– Ия, Жабан, біз саған келдік, – дейді ішіндегі ең үлкені.
– Көріп тұрмын маған келгендеріңді, топтанғандарыңа қарағанда жәй жүрмеген сияқтысыңдар, не бұйымтайларың бар еді? – деді Жабан.
– Мына жаппа үйіңе сыя қоймаспыз, бәріміз түгелдей ауылға түсейік. Кімнің үйі ыңғайлы, сол үйге барамыз, – деп бәрі ауылға қайтты. Жабан да асығыс атына мініп, солардың соңынан ілесті. Біршама жүргеннен кейін олар ауылдың шетіндегі жесір әйел Оразханның үйіне тоқтады. Жаяу-жалпысы бар, атқа мінгендері бар – бәрі Оразханның үйіне беттеді. Екі бөлмелі қоржын тамның ауызғы бөлмесі лық толды. Ештеңенің байыбына жетпей отырған Жабан жер шұқып отыра берер ме еді? Бір кезде бағана топ бастап жүрген ақсақал:
– Ал, Жабан, мына жұрт сабылып, ас-су сұрап келген жоқ. Елдің қамы. Биыл көріп отырсың, жаңбыр жоқ, егіс түгел күйіп кетті. Қыстан қалай шығатынымызды бір құдайдың өзі білсін?! Сен бар күшіңді салып, Алладан жаңбыр сұрап, дұға оқып бер. Ол сенің ғана қолыңнан келеді, – деді бағанағы сөз бастаған үлкендердің бірі.
Бәрі Жабан молдаға не дейді екен дегендей, тесіле қарады. Жан-жақтан қараған көздер шамның жарығымен дәл бір қорқау қасқырдың көздері сияқты жылт-жылт етеді. Сансыз көздер Жабанның өңменінен өтіп барады. Бірден: «Иә, жарайды, айтқандарыңды істеймін» деп, ертең бір тамшы жауын жаумаса, ел бетіне қайтып қарамақ?
– Ия, сөйт қарағым!
– Ел-жұрт қырылып қалмасын десең, бір нәрсе істе!
– «Алладан сұрағанның екі бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады» деген емес пе?!
Сөйтіп бәрі шулап, қолпаштай кетті. Жабан амалсыз келісті.
Оразханның үйінде үлкендер қалды да, қалғандары үйді- үйіне тарасты.
Жабан жазған аятын сенімді біреуге тапсырмақ болып:
– Мына оқылған аятты таудың биіктеу жеріне қойып келу керек, – деді.
– Әкеліңіз, мен апарып қойып келейін, – деп отырғандардың ішінде жастау біреуі орнынан қарғып тұрды.
– Тек биік жерге қой, түсіп кетіп жүрмесін, – деп Жабан аятты жігіттің қолына ұстатты. Сөйтіп келген кісілер үйді-үйіне тарайды. Көп уақыт өтпей-ақ нөсер құя бастады. Жауған жаңбыр бір апта күні-түні жауады. Жесір әйел Оразханның үйінің төбесінен су өтіп, опырылып түседі. Ел «енді не істейміз?» деп үрейлене бастайды. Оразхан ауданға сотқа арызданады. Тауға апарып қойған аятты тауып, қайтарайын десе, жазылған аят жоқ. Жаңбыр ағызып кетіпті. Осындай аласапыран кезді пайдаланып, Елтай Қайназаров деген біреу Жабанға барған адамдардың тізімін жазып, ауданға жібереді. Сөйтіп қатысқандарды шетінен ұстап әкетеді. Жабан да қамалады. Күнде кешке түрмеге құлпы салып кетсе, ертең ерте ашық тұрады екен. Аудандық милиция бөлімі бастығының шешесі баласына: «Жабанды босатып жіберіңдер, ол кісі бекер адам емес» деп босатқызыпты.
Ия, Жабан молданың аңызға бергісіз әңгімелері көп. Бірақ көзін көргендер жоқтың қасы. Сарытөбе ауылынан туыстары көшіп, Көктал ауылында тұрады дегенді құлағымыз шалып қалып еді. Егер алыс-жақын туыстары бар болып, ол кісі туралы естігендерін жазып беріп жатса, нұр үстіне нұр болар еді.
Роза Ыстай,
Жаркент қаласы.
Фото: zebra-tv.ru