Тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына, рухани кемелденуіне мемлекеттік қызметкерлердің қосар үлесі, сіңірер еңбегі ерен. «Елге қызмет – абыройлы міндет» екенін жан жүйесімен сезінетін мемлекеттік қызметтің сапында жүрген азаматтар қатарында нәзік иықты қыз-келіншектер де жетіп-артылады. Олар еліміздің өсіп-өркендеуінің негізі – мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы мен мақсат-міндеттердің орындалуына өзіндік үлестерін қосуда.
Айталық, халық саны 200 мыңға жуықтаған Талғар ауданында осы күні аудан әкімі Жолан Омаров бастаған 200 мемлекеттік қызметкер өңір экономикасының дамуына, әлеуметінің әлеуеті артуына соны серпін беріп келеді.
Солардың қатарында, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Жаният Шапиева да бар. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тамамдаған Жаният Молдахметқызы алғашқы еңбек жолын Талғар қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №9 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі боп бастаған. Білім шаңырағындағы сегізжылдық ұстаздық жолда ұрпақ тәрбиесіндегі тәжірибесі шыңдалып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін, көп ұзамай аудандық білім бөлімінің әдіскерлер кабинетінің әдіскері сынды жауапты міндеттерді атқарады. Көпшіліктің тілін, істің ығын таба білетін маман ширақ та табанды іс-әрекеті, тапсырылған міндеттерді атқарудағы тия- нақтылығымен танылып, 2008 жылы мемлекет алдындағы міндетін адал да абыройлы атқаруға ант қабылдап, аудандық әкімшіліктің сүбелі саласы – ішкі саясат бөліміне бас маман болып мемлекеттік қызметке қадам басқан. Осы жылдар ішінде баспасөз өкілдерімен де қоян-қолтық жұмыс істеген Жанияттың білікті маман, ұтқыр ұйымдастырушы ретіндегі жан-жақтылығын танығанымыз ақиқат. Әр сұраққа нақты жауап тауып, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға әр кез даяр тұратын жаны жайсаң жан көпшіл де кішіпейіл, елгезектігімен көп көңілінен шыға білді. Мемлекеттік маңызды істердің орындалуы мен мақсатқа жету жолында үнемі оқу мен іздену қажеттігін темірқазық еткен Жаният Молдахметқызының мойнына жүктелген жауапкершілік жүгін мойымай көтеріп, мінсіз қызмет етуге деген құлшынысы жылдар өткен сайын толысып, абырой биігіне көтеріп келеді.
– Аудандық ұйымдас- тыру бөлімінің басты міндеті – аудан әкімінің жылдық, айлық, апталық жоспарын, алқа-мәжілісін, іс-шаралардың күн тәртібін дайындау, есептік ақпараттарды жинақтау сынды маңызды істерді ұйымдастыру. Сондықтан, бөлімшенің жұмысы са- уаттылықты, қырағылықты, нақтылықты талап етеді. Қазіргі кезде мемлекеттік қызметкерге қойылар талап, жауапкершілік жоғары болғандықтан уақытпен санаспай қызмет етуге міндеттіміз. Сол себепті, қиындығы мен қызығы қатар жүреді, – деген Жаният Молдахметқызы ең алдымен ұл мен қыз өсіріп отырған ардақты ана.
Өмірінің мәні мен сәні, бүгінде жан серігіне, сүйенішіне айналған ұлы жоғары оқу орнын аяқтауға таяса, қызы мектепті Алтын белгіге тамамдап, ҰБТ тапсыруға дайындалуда. Қазанын қайната, баласын оқыта-тоқыта жүріп, мемлекеттік маңызды істердің жүзеге асырылуына өзіндік күш-жігер, білім-білігін жұмылдырып отырған әйелдердің көшбасынан көрінетін Жаният Шапиеваның қатарынан Гаухар Әменқызы, Дамира Серікқызы, Айман Мұратқызы, Гүлжан Дәуренбекқызының есімдері де ерекше аталары сөзсіз.
Олай болса, елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген мемлекеттік қыз- меткерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ел алдындағы абыройлары артып, халыққа қалтқысыз қызмет етулеріне тілектестігімізді білдіреміз.
Ұлбосын ИСАБЕК




