Меценат… Қазіргі нарық заманында жиі айтылатын бұл сөздің мағынасын қысқа да нұсқа түрде түсіндірер болсақ, ол руханият саласының дамуына өз еркімен және өтеусіз негізде материалдық көмек беріп, өзгелерге үлгі-өнеге көрсететін адам. Солардың қатарында Гүлбаршын Азимжанова да бар еді. Осыдан бір жыл бұрын өршіген пандемия кезінде қайырымды кәсіпкерді де өлімге қиған едік.
Гүлбаршын Азимжанова саналы ғұмырында айналасындағы жандарға қызмет етсем, еңбек қылсам, пайдам тисе деп өмір сүрді. Бірақ, жазмыштан озмыш жоқ емес пе? Қанша жерден жақындары, ағайын-туыстары қимағанымен өлім періштесі өз дегеніне жетеді. Гүлбаршын Ысқаққызы соңғы деміне дейін қайырымдылық жасауға тырысты. Балаларын да қайырымдылыққа баулып өсірді. Бүгінде қызы Айжан мен ұлы Сағадат асыл аналары салып кеткен ізгі жолмен келеді.
Гүлбаршын Ысқаққызы 1960 жылы бұрынғы Андреев ауданына қарасты Екпінді ауылында дүниеге келген. Ол Екпінді орта мектебіне 1967 жылы қабылданып, білім ұясынан 1977 жылы «үздік аттестатпен» түлеп шығады. Сол жылы білім іздеп үлкен қала Алматыға келеді. Сөйтіп, барлық құжаттарын реттестіріп, Ленин атындағы Қазақ ұлттық политехникалық институтына оқуға түседі. Оқу ордасын 1983 жылы «Автоматты системалық басқару» мамандығы бойынша бітіріп шығады.
Қолында дипломы бар жас маман туған ауданын түлетуді ойлайды. Осылайша алғашқы еңбек жолын Андреев аудандық статистика бөлімінде бас оператор ретінде бастайды. Ол жерде 1985 жылға дейін қызмет атқарып, облыстық сақтандыру бөліміне бас маман болып ауысады. Аталмыш қызметте еліміз тәуелсіздік алғанға дейін еңбек етті.
Оның қалауы айналасына шуақ шашып, жоғын түгендеп, көмек қолын созу еді. Қолындағы барын жағдайы төмен және жетім жандарға берді. «Өзімде жоқ болса да жетімді жетімсіретпейінші» деп өмір сүрді. Оларға тағы да қалай көмек қолын созсам болады деген ой жетегінде жүрді. Өйткені, тапқаны өзінің бала-шағасына да әзер жетіп жүрді. Айлықты да кешіктіріп беретін болды. Содан қолын бір сілтеп, кәсіппен айналысуды ойлайды.
Ол киім-кешек, азық-түлік, аяқкиім де сатып көрді. Жанына жақыны аяқкиімді сату болған соң сол іске бар ынтасымен кіріп кетті. Жағдайы оңалып, «ХХІ ғасыр» аяқкиімдер желісін ашты.
Оның отбасы 2020 жылды есіне алғысы келмейді. Себебі, пандемиядан бөлек, анасын өлім аузына табыстаған жыл еді. Соның өзінде коронавируспен ауырған жандарға дәрі-дәрмегін, оттегі концентраторын сатып алып берді. Көп уақыт өтпей екі жетінің ішінде өзі де ауырып, өлім құшты. Соңғы уақытында: «Мен дайынмын. Тек Алладан тілегім, қинамай алса екен. Менің жаныма батып отырғаны – балаларымның қиналғаны болып отыр. Түні бойы ұйықтамайды, әбден жүдеп кетті» деп, екі көзінен жас парлап бетін жуып кетті. Міне, нағыз ана махаббаты!
Гүлбаршын Ысқаққызы аяғын тік басып, мерейі көптен асып, жымия күліп, жағдайыңды қабағыңнан біліп, өмір қарекетін жадына түйіп жүретін еді. Реті келген жерде шешіле сөйлеп беретін, жүйрікше көсіліп беретін, дос сырын бөтенге айтпайтын, қиянат жолға баспайтын, өзі үшін, халқы үшін еш қиындықтан қашпайтын жан еді. Ол табиғатынан қарапайым, сабырлы, халыққа қадірлі, кішіпейіл, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін жанның бірі болатын. Бойындағы бар ізгі қасиеттерін екі баласына дарытып, сіңіріп кетті. Бүгінде сол қайырымды жанның орны бос қалды…
Еңлік АРЫҚБАЙ




