Кеңес өкіметі кезінде басшылар да, басқалар да «барлығымыздың ортақ игілігіміз үшін ғой» деп белсене, бел шеше жұмыс істеуші еді ғой. Содан кейін де шығар, бірқатар жауапты жұмыстарды атқарған әкесі, көпшілікке беделді партия қызметкері кей кездері үйге қатты шаршап, басы ауырып оралатын. Сондайда бала көңілі кәдімгідей алаңдайтын. Өскенде дәрігер болып, әкеме көмектесемін деген арманның жетегінде ержетті. Біз сөз еткелі отырған Алтай Достияровтың мектепті аяқтаған соң медицина саласына батыл бет бұруы дәл осындай ізгі ниет-тілектен туындаса керек.
Сыр бойында туып-өскен, бүгінде аудандық орталық аурухананың жарақат (травматология) бөлімшесінің меңгерушісі болып істейтін Алтай Достияров 1993 жылы Алматы медицина институтының (қазіргі С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті) педиатрия факультетін бітіріп шығады. Алайда, интернатурадан травматология бойынша өтіп, осы салаға басы бүтін беріліпті. Сол 1993 жылы Қарасай аудандық ауруханасының жарақат бөлімшесінде дәрігер-ординатор ретінде жұмысын бастаған Алтай Кенжеәліұлы 2003 жылдан бері бұл ұжымға жемісті жетекшілік етуде.
Адам өмірі үшін күресетін дәрігерлердің бәрінің де еңбегі ерекше деуге болады. Дегенмен, жарақатты емдеудің өзіндік бөлекше сипаты бар. Өйткені, бас-ми, аяқ-қол, омыртқа жарақаты, жазатайым күйіп, үсіп қалу, тіпті, ит қабу сияқты жарақаттан айығып шығу оңай емес. Ал, жарақат бөлімшесі, міне, негізінен нақ осындай ауру түрлерімен шұғыл «шұғылданады».
Бөлімшеде 40 төсек- орын бар екен. 7 травматолог-дәрігер (оның бесеуі жоғарғы санатты), бір медицина ғылымының кандидаты, бір күйік дәрігері, бір нейрохирург, 13 медбике, 8 кіші медицина қызметкері жұмыс істейді. Айтқандай, мұнда балалар да емделеді.
– Осы орайда айтатын бір жағдай, кішкентай балалардың көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетіп мертігуі жиі кездеседі, – дейді Алтекең үлкен жанашырлықпен. – Ит қапқан бүлдіршіндерді де алып келеді. Мұндай жай ата-аналарды қатты ойлантуы керек қой! Әйткенмен, олардың жақсылап қарамауының салдарынан балалар зардап шегіп жатады. Ал, 15-29 жастағылардың арасында көшеде алған жарақат басым. Өйткені, түннің бір уағына дейін далада көп ретте мақсатсыз сенделіп жүріп әртүрлі пәлекетке ұрынады…
Бөлімшеде, сонымен қатар, автокөлік апатына ұшырағандарға, Алматы – Бішкек, Алматы – Нұр-Сұлтан тасжолында зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіледі екен.
Тәжірибелі медицина қызметкері, білікті дәрігер Алтай Кенжеәліұлы емдеу ісіндегі осындай жұмыстардың бәрін ұтымды ұйымдастыруымен үнемі көзге түсіп жүр. Ол «Қазақстан денсаулық сақтау ісінің үздігі» атағының, «Денсаулық ісіне қосқан үлесі үшін» медалінің, «Алтын дәрігер» медалінің иегері, жоғары санатты дәрігер. Облыстан, ауданнан алған Грамота, Алғыс хаттарының өзі бір төбе.
Қызметінде әрдайым жақсы қырынан танылып жүрген Алтекең оңтүстік астанадағы халық шаруашылығы университетінде оқытушылық қызметте істейтін зайыбы Гауһар екеуі өзара сыйластықпен өмір сүруде. Бір ұл мен бір қыз өсірген олардың отбасында адамдық шынайы қарым-қатынас, береке-бірлік орныққан. Ұлдары Амантай да, қыздары Еркежан да Қазақ-Британ университетін қызыл дипломмен аяқтаған, екеуі де кезінде орта мектепті алтын медальмен бітіріпті. Қазір Амантай халықаралық компанияда қызмет істесе, Еркежан Қ. Сәтпаев атындағы техникалық университетте сабақ береді. Ал, Асылжан атты немерелері атасы мен әжесінің нағыз көзқуанышы.
– Аяулы әкем Кенжеәлі мен асыл анам Қарлығаш жас кезімнен маған әрдайым адамдықтың ақ жолын нұсқап, адалдық арнасына апарар ақыл-кеңесін құлағыма жалықпай құйып отыратын, – дейді Алтекең тағы да. – Бүгінде аз да болса жетістікке жетсем сол кісілердің тәлім-тәрбиесінің арқасы деп есептеймін. Осы жерде мынаны да айта кетсем артық болмас. Құдай қосқан қосағымның әкесі, қадірменді қария Қуандық Сабыров кезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа үш-төрт рет бата берген, бұл да үлкен құрмет қой деп ойлаймын.
Біздің байқауымызша, ол кісі өз мамандығының шынайы шебері болуымен қатар қазақтың ескі сөздері мен Абай, Шәкәрім, Мұхтар сияқты ғұлама, данышпандардың айтқан ғибраттарына да үнемі құлақ түріп жүреді екен. Керекті кезінде өзгелерге әдемілеп айтып та беретін көрінеді.
– Алты отбасы жақсы араласамыз, – дейді білгір дәрігер. – Ай сайын дерлік бас қосамыз, сондайда бәріміз бір тақырыпқа алдын ала арнайы дайындалып келеміз. Білгенімізді айтамыз, білмегенімізге ден қоямыз.
Бұл да өзгелер үлгі аларлық, басқалар үйренерлік үрдіс екен…
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қарасай ауданы





