Талдықорған қаласындағы Қадырғали Жалайри даңғылының бойындағы тағы бір көпқабатты үй пайдалануға берілді. Біраз жылдан бері үй кезегінде тұрып, көпжылдық арманы орындалғандардың қуанышына куә болдық. Салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт ИСАБАЕВ қатысып, пәтер кілтін табыстады.
– Өткен жылдың қорытындысы бойыша Талдықорғанда тұрғын үй кезегіндегілер саны 8,3 пайызға азайды. Бүгінгі 60 пәтерлі үйді қоса алғанда, жыл басынан бері 368 отбасы баспанаға қол жеткізді. Ал жыл соңына дейін қалада 1520-дан астам отбасы үйлі болады. Қазіргі қолданысқа беріліп отырған көпқабатты үйді «Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингі өз қаражатына салып берді. Олар 4 үй салды, тағы төртеуін салып жатыр. Сондықтан холдинг басшылығына сіздердің аттарыңыздан ризашылығымды білдіремін. Біз қалаға ерекше көп көңіл бөліп, Талдықорғанды қауіпсіз, сәулеті келісті, жайлы, жасыл қалаға айналдыру ісін жалғастырамыз, – деді облыс басшысы.
Әрине, әр тұрғын үшін баспаналы болу бір бақыт. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы, жағдайы төмен, жылдар бойы пәтер жалдап, қиналып жүрген отбасылар үшін жайлы да жаңа баспанаға ие болудың өзі зор қуаныш. Сондай шаттыққа толы жүздерді көріп, біз де марқайып қалдық.
Облыс әкімі пәтер кілтін үлестіріп болған соң үйлерді аралап көріп, қаланың ажарын ашатын жаңа үйдің сапасына оң баға берді. Заманауи үлгіде салынған нысан сәні мен салтанаты жарасып тұр. Сыртқы келбеті, ішкі безендірілуі де жанға жайлылық сыйлайды. Солардың бірі – Қанат Қанатхановтың үйіне ата-анасы, туыс-туғандары жиналып, жас жігіттің пәтерлі болғанын құттықтап жатыр екен.
– Ұлым Қанаттың ІІ топтағы мүгедектігі бар. 2010 жылы үй кезегіне тұрғанбыз. Араға 15 жыл салып барып, үш бөлмелі пәтерге ие болдық. Екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдім. Бұйыртса, босағамыз құтты болып, Қанаттың басын құрап, келін түсіріп, өсіп-өнеміз деген ойдамын. Бізге осындай мүмкіндіктер сыйлаған басшыларға алғысымыз мол, – дейді Қанаттың анасы Сәуле Байжұманова.
Жетісулықтардың қуанышы алдағы уақытта да жалғасады. Бұйыртса жыл соңына дейін тағы да көптеген жерлесіміз пәтерлі болып, еңсесін басқан қиындықтан арылады.
Қажет АНДАС