Талдықорған: +22°C
$ 489.33
€ 566.30
₽ 6.74
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮЛТӨБЕ

Қарт құрлықтағы қайталанбас күндер

21.10.2024
КҮЛТӨБЕ
Қарт құрлықтағы қайталанбас күндер
WhatsAppTelegramFacebook

Тамыз айының соңы. Әдеттегідей жұмыстан оралғаным сол еді, табалдырықтан аттай бере қолтелефонымның қоңырауы қосылып, бақтағы бұлбұлдай сайрап ала жөнелді. Сақталған есімінен тани қойдым, нағашым Толқын екен. Қабылдау батырмасын басып құрылғыны құлағыма көтердім.

– Алло, ассалаумағалейкүм, – дедім алдын ала қарбанып.

   – Уағалейкүмассалам жиен, қалың қалай, ел-жұрт, ауыл-аймағың тегіс аман ба?

– Шүкір, нағашы, өзіңіз көргендей, өздеріңізде қалай, дін аманшылық па? – деймін елпілдей жауап қайырып.

– Біз де аман, күнделікті күйбеңмен өтіп жатқан өмір сол баяғы. Ее, жалпы аман болсаңдар болғаны, – деді ол.

    Аман-сәлем осылай қысқа қайырылды. Ол кісінің жайшылықта бұра тартарға мұршасы болмай жүретінін жақсы білем. Өзі білікті дәрігер, бірнеше облыстан ашқан жеке емханалары да бар. Басқаны айтпағанда, күнделікті алдына шыбын жанына шипа іздеп келіп-кетіп жататындардың қарасы да қалың. Мал мүліктен де құр алақан емес. Бірақ қолы ашық. Айтеке би бабамыздың «Бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген өсиетін берік ұстанған жан. Үнемі жығылғанға сүйеу, қамыққанға қамқор болып, тапқанын көппен бөлісе білетін атымтай жомарттың өзі. Сол үшін де Жаратушы иеміз пейіліне қарай берекет беріп, оны еш нәрседен кенде етпесе керек. Оның үстіне өзінің ақындығы мен сазгерлігі тағы бар. Белгілі емшілігіне қоса, рухани байлығы да жетерлік, тап-таза шығармашылықтың адамы. Сөгіс те жоқ күнделікті тірлікте бәріне бірдей уақыт таба бермейтіні де содан. Бірақ, қазір маған арнайы уақыт бөліп қоңырау шалып тұрғанына қарағанда бір маңызды шаруасының бары анық. Арасында оның сөзін біреулер бөліп кетті. Жұмыс жайында болса керек, телефонның арғы жағында әлде кімдерге қайыра жауап қатып, біраз тапсырмалар берді де сөзін қайта жалғады.

 – Тыңдап тұрсың ба, жиен?

– Иә, иә, тыңдап тұрмын – деймін жеделдете дауыстап.

– Тыңдап тұрсаң, менің саған айтайын дегенім мынау. Сен басқаны қой, осы қыркүйек айының басында жұмысыңнан сұранып, он күндік уақытыңды маған бөл. Екеуміз алыс сапарға бірге шығып қайтамыз, –деп бұйырды.

– Қайда?

– Еуропаға.

– Еуропаға? – дедім таңданып. Өйткені, Еуропа дегенді осыған дейін естігенім болмаса, жол түсері түсіме де кірмеген. Нағашым да нақ ойымдағыны таңданысымнан түсінгендей.

– Айлыққа қараған сен үшін жол қаражаттың өзі де қиынға соғатыны белгілі. Бірақ, сен еш қысылма, бәрі менің есебімнен болады, өзім табам», –деді. Айтарға болмаса іштей абдырап, сәл үнсіз кідіріп тұрып қалыппын.

– Қалай? Ойланып қалдың ғой, әлде барғың келмей ме? Бар, барғаның дұрыс, несі бар, ел көресің, жер көресің. Еуропа мәдениетінен шығармашылық шабыт алып қайтасың, – деп тақымдай түсті.

– Япырай, нағашы, барғым-ақ келеді. Бірақ, менің шетелге шығатын паспортымның да уақыты өтіп кетіп еді.., – деп айыпты баладай міңгірлей бердім. Нағашым мырс еткендей болды.

– Ой, сол да сөз болып па, паспорт алуға қазір еш кедергі жоқ қой. Барып суретке түссең болғаны. Талдықорғанды білмеймін. Бізде, Астанада жеделіне берсең бір-ақ күнде дайын болады. Сен енді айналма, қазірден қамдан. Уақытымыз тығыз. Алла сәтіне салса алдағы аптада жолға шығып кетеміз. Айтпақшы, жалпы сені қосқанда 4 адам барамыз, тағы екі сапарласымыз бар. Олар да өздерінше дайындалып жатыр.

Сол сол-ақ екен, мен де асығыс қимылдап, жол қамына кірісе бастадым. Дегенмен не сенерімді, не сенбесімді білмей, біраз қобалжығаным рас. Сапырылған сауал көп санамда. Бір ойым «қашан аттанып кеткенше ғайыптың ісі ғой, Алла біледі, өзгеріп қалуы да мүмкін» деп екіұдайлық танытса, енді бір ойым «жарайды, бәрі Алладан. Бұл сапар Алланың маңдайыма жазып тұрған бір нығыметі шығар» деп әуектеп қояды. Баяғыда бір әжеймен әңгімеде: «Әй, балам, адам баласы шыр етіп жерге түскенде жаратушы Алла оның маңдайына азды-көпті ырыздығын шашады екен. Тірісінде әр адам өзінше ел көріп, жер көріп, аралап жүрмін дейді. Бірақ олай емес. Маңдайына жазылған сол ырыздығын теріп жүреді. Шашылған ырыздығымыз жер шарының қай түкпіріне түскенін кім білсін? Бәлкім сенің ырыздығың мұхиттың арғы жағына да түсіп қалған шығар. Қайда түссе соны барып тересің» дегені бар еді. Аяқ астынан сол әңгіме ойыма орала кетіп, жаныма медеу болғаны. Қалай дегенмен де нағашым мені аттың жалы, түйенің қомында бір қарбаластыққа салғаны анық. Келесі күні таңғы астан кейін қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталығына барып, суретке түсіп, паспортымды жаңалатуға бердім. Мені қабылдаған қою қара қасты сұрша қыз жылы шыраймен иіліп, ізгілік тантты. Сәл жымиып күлгенде өзінің дөңгелек жүзі нұрланып, ашық-жарқын мінезіне сай өзгеше бір жарасым табады екен. Қыз көп кідірген жоқ. Алдындағы компьютерден көз алмай әріптерді тоқтаусыз тере отырып, айналасы бірнеше минутта деректерді өңдеп шығарған соң бір жапырақ қағазды қолыма ұстата беріп: «Аға, паспортыңыз 3 күнде дайын болады. Біздегі ең тезі осы. Дайын болысымен телефоныңызға хабарлама барады, күтесіз, енді» – деп ескертті. Қызға ризашылық білдіріп, рахмет, сау бол айтып кері қайттым. Нағашымның ойға алған ісі орындалмайынша тынышымайтын әдеті. Ара-тұра қоңырау шалып паспортымды, жұмыс жайымды сұрап, қузап тұрды. «Алла істің сәтін берсе, бай түсіп астындағы атын береді» деген. Сонымен бас аяғы үш күннің ішінде мен де дайындығымды пысықтап, Алматы әуежайы арқылы Астанаға аттандым. Самолет қиядағыны ілер қырандай жер бауырлай зулап барып биіктей берді. Ол барған сайын әуелеп, бірде көк жүзінде жел айдаған қағаздай қалықтай түсті. Бір кезде аспан әлемін торлаған ақ шарбы бұлт арасын жара самғаған ұшақ Жетісудың ойлы-қырлы өлкесімен айнадай жарқыраған Балқаш көлін артқа тастап Арқа кеңестігіне ілінгендей болды. Төменнен мұнартып көрінген Көкше өңірі Тәкен Әлімқұлдың:

«Көкшетау көк күмбездей төңкерілген,

Орманмен сексен көлі көмкерілген.

Аралы мұхит түздің теңдесі жоқ,

Ауысқан ертегіге ертегіден» деген жыр жолдарын еріксіз еске салды.

«Құс та қанатымен ұшып құйрығымен қонады» деген. Ұшақ көп өтпей айдынды көздеген аққудай айналып, айналып келіп Астана әуежайына қонды. Жаз шуақты Жетісудан келгендіктен бе, Астанада бой мұздатар күздің салқын лебі есіп тұр екен. Бірақ, алдымнан арқа-жарқа көңілмен қарсы ала шыққан Толқын нағашым мен ақ дастарханын жайып, алысқа аттанар сапарластарымның басын қосып ізгі тілегін жеткізген Ақбота жеңгемнің ақ пейілі жанымды жылы мейірге бөледі.

Дастархан басы. Бірнеше адамбыз. Бастапқыдағы бір-бірімізге тосырқай қарап отырған сәл үндіздікке Толқын нағашымның алғашқы сөзі жан бітірді. Ол орнынан тұрып: «Ал, ағайын! «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» демекші, Ақботаның бұл жайып отырған дастарханының мәні де, жөні де бөлек. Алдымен өзара таныстырып өткенім жөн сияқты. Осы отырған төртеуміз де енді бөтен емеспіз. «Кемедегінің жаны бір» деген. Ертең Еуоропаға бірге аттанғалы отырған сапарластармыз. Анау төрде отырған Байтақ деген ағамыз. Қарымды қаламгер Мағаз Раздан деген кісінің ұрпағы. Бәрімізден жасы үлкен. Білікті ұстаз, білім саласының үздігі, ардагер. Жанындағы ағамыздың жары, ол кісі де ұзақ жыл мұғалім болған. Қазір зейнеткер. Одан бергі отырған Кәдірхан Нұрсләмбай деген менің әріптесім, білікті дәрігер. Ал, мына жігіт менің жиенім, ақын, жазушы, журналист. Ақбота осы жиеніміздің келу құрметіне арнайы сіздердің бастарыңызды қосып, ақ жол тілеп, дәм татқызып отырған жайы бар. Қысылмай алдарыңыздағы астан ала отырыңыздар», –деді астау толы жал-жая, қазы-қартаны нұсқап.

«Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деуші еді, әжем марқұм. Алғашқы таныстық осылай басталып, бірімізден кейін біріміз тіпті, кішкенай нағашыларым Ержәнібек пен Әзғазыретке дейін ақ тілегімізді айтып, бара-бара тонның ішкі бауындай шүйіркелесіп кеттік. Басқосу өте көңілді өтті. Келесі күнгі таңсәріде төртеуміз Астана әуежайында тоғыстық. Арамызда бізді шығарып салуға келген жас жігіттер де жүр. Күту залында отырған әредіктегі бір әңгімеде мен: – «Біздің бұл сапар Еуропаға емес, «Батысқа сапар» болды ғой», – деп әзілдедім. Есіме Қытайдың «Батысқа сапар» деген фильмі орала кетіп. Онда да әр жерден құралған төрт сопы жолға шығады. Артынып, тартынып бара жатқан өзімізді дәл сол төртеуіне ұқсаттым. Көз алдына елестеп кетсе керек Кәдірхан аға: «Сонда фильмдегі «Кіші ағай» деп атайтын Жубажесі қайсымыз?» – дейді кеңкілдей күлді.

– «Жубаженің басқасына қарағанда қарны үлкен, тамақсау ғой жарықтық, кескін-келбетінің қайсымызға келетінін өзіңіз бағамдай беріңіз», – деп Толқын нағашым да қосыла бір күліп алды. Бұл әзіл әрине. Жалпы атам қазақ әлемнің төрт бұрышын, жылдың төрт мезгілін, жер, су, от пен ауаны меңзеп «Төрт құбылаң тең болсын!» десе, тұрақтылық пен беріктілікті, әділдік пен ауызбірлікке сай «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген екен. Киелі төрт санына қатысты ұлтымыздың ұлағатты ұғымы сол сәтте менің де санамда саф алтындай қайта жаңғырып, жанымды жадырата түскендей болды.

Жолаушыларды отырғызатын уақыт та болыпты. Хабарламадан кейін ел жапа тармағай есікке қарай ойысты. Біз де шығара келгендерге қош айтып, кедендік тексерулерден өтіп, орындарымызға барып жайғастық. Ұшақ ышқына дүрілдеп аз аялдады да, лық толы жолаушымен кеңістікке көтерілді. Астана аспанын айнала шарлап барған сайын биіктей түсіп батысқа қарай бет алды. Жер бетіндегі сары жазықтар мен бұйрат құмдар, орман тоғайлы таулар мен өзен, көлдер, шахматтың тасындай тізілген қалалар, шақпақ-шақпақ егіс алқаптары тулақтай сырылып, бұлдырап артта қалып барады. Ұшақ ішінде жұлдыздай жамыраған қалың жолаушы. Оларға біркелкі киінген күтуші қыздар ілтипатпен қызмет көрсетіп жүр. Бірде сусынын, бірде ыстық тамағы мен шайын таратып әбігер. Менің орным ұшақтың оң қанатының үстіндегі түйе көзіндей терезенің алдында екен. Жаныма Байтақ аға келіп отырды. Ал, Кәдірхан аға мен Толқын бізді желкемізден бағып, артқы орындарға келіп жайғасты. Мен алдымдағы экраннан барар бағытты бағамдап, аядай терезеден әлсін-әлсін жер бетіне қадала қарап қоям. Ара-тұра бір әңгіме бастар деген үмітпен Байтақ ағаны сөзге тартып, ананы-мынаны сұраған болам. Бірақ әр сауалға келте ғана жауап қайырған байсалды ағамыз бірден шешіліп кете қойған жоқ. Әредік сөзімізді бөліп, әзіл-қалжыңға айналдырып әкеткен артқы екеуінің алып-қашпа әңгімесімен біраз уақыт өтті.

Біраз уақыт бұрын Ақтау мен Атырудың аспанын жара самғап бара жатқан самолет бір қарасам Түркия кеңістігін ендей өтіп келеді екен. Сол баяғы таулы орманды өңірге ірге тепкен Түрік қалаларының ақ үйлері алыстан қойнау-қойнауға шашырай өрістеген қойдай ағараңдап көзге түседі. Ұшақ іші деген болмаса ұзақ сапар, отыра бергеннен белің талып, екі мықының ашиды. Қашанғы кірпік қақпай тесілесің? Бірде әркім отырған орнымызда қылжиып, қылжиып мызғып кетіппіз. Шамасы тағы біраз жолды еңсерген секілдіміз. «Ұшақ қонуға дайын, орындықтарыңызды көтеріп, сақтық белдіктеріңізді тағып отыруларыңызды ескертеміз», деген хабарламадан селт етіп оянып кеттім. Жолаушылар тегіс бастарын көтеріп, тізе жазысып, орнығып отырғандай болды. Ұшақ құлдилаған бойда Черногория мемелекетінің астанасы Подгорица әуежайын бетке алып, жер бауырлап келіп баяу тоқтады. Жерге түскен соң біз де қайтқан қаздай тізіліп кезек күткен сапарластарымызбен бірге біз де кедендік бақылаудан өттік. Зал толы ығы-жығы қалың адам. Келесі есіктен сыртқа шыққанымызда әр жолаушыны тағатсыздана күтіп тұрғандар бар екен, бірден көліктеріне қарай бастап ала жөнелді. Бізге де орта бойлы келте шашты сары әйел ие бола кетті. Бірде ағылшын тілінде, бірде орыс тілінде сөйлейді. Орысшасы да мәз емес, сол баяғы өзіміз секілді шолақ қайырым. Жетпеген жерін ежіктеп, ымдасып жүріп, екі сақау баладай бір бірімізге ұқтырамыз әйтеуір. Ол қолындағы тізімдікке қарап бір-бірден аты-жөнімізді атап шақырған соң, тағы біраз адамдармен бірге бізді жол шетіндегі көлденең тұрған шағын автобусқа бастады. Көлік бізді ғана күтіп тұрғандай, шыға салысымызбен есігін тарс жауып, жүрдек аттай зулап ала жөнелді. Қаладан шығып, тауы теңізбен тұтасып жатқан Черногорияның ең әсем шаһарларының бірі Будваны бетке алды. Негізі Черногория «Қаратау» деп аталатын шығыс Еуропадағы Балқан түбегіндегі Адриат теңізі жағалауына орналасқан шағын мемлекет. Шығысы Сербиямен, батысы Хорватия, Оңтүстігі Албания, солтүстігі Босния және Герцоговина мемлекеттерімен шектеседі екен. Автобус еш жерге аялдамастан тоқтаусыз зулап келеді. Ол бірде жыландай ирелеңдеген теп-тегіс жолмен сансыз тас қыраттардан асаса, енді бірде заңғары көк аспанмен тілдескен биіктерге жеткенде ұңғыма тунелдерге кіріп, тебендей түйреп өте шығады. Айнала киіздей тұтасқан орман-тоғайлы таулар, жазық жер көрінсеші. Тұмса табиғаттың бір шыбығын сындырмай тау-таудың етегінен құзар басына дейін салынған қалың қызыл төбел үйлер. Бөктердегі жұртты қойшы, тау басындағылардың етекке түсіп азық-түлігін алып шығуының өзі мұң-ау деп ойлайсың. Көлік сол жүргеннен мол жүріп, төрт-бес сағатта бізді теңіз жағалауындағы Будва қаласына жеткізді. Біз түскен бес жұлдызды қонақ үй тоғыз қабаттан тұрады екен. Орманды жалама жартасты тауға жапсарлай салыныпты. Іргесі теңізге тиіп тұр. Кірген бетте дөңгеленте қойылған жұмсақ орындарға барып жайғастық. Айналамыз айнадай жарқыраған терезе. Сол терезелердің бірінен ұшы иыры жоқ көз жеткісіз көсіліп жатқан көк теңіз анық көрініп тұр. Адам көп, қабылдаушылар жатын орнымызды белгілегенше біраз күтуге тура келді. Бір кезде құр қарап отырғаннан жалықты-ау деймін, жанымдағы үшеуі іздегендерін тапқандай: «Мұнда шөл басар бар екен, жүріңдер, кеттік», – деп бірін-бірі ертіп ала жөнелді. Сөмке, керек-жарақтарымызды күзетіп мен қалдым. Мені кейде олардан оқшау қалдыратын бес уақыттық сәждем бар. Сол үшін де олар маған ондай жерге жүр деуден именетін. Бір кезде қонақ үй қызметкері келіп: «Адамдарыңыз қайда? Жатын бөлмелеріңіз дайын», –деп тұрғанда олар да келді.

– «Ішкеніміз үш жүз грам сыра. Тіске басар ештеңе алғамыз жоқ, сонда да 80 еуро төледік. Біздің теңгеге шаққанда орта есеппен 40 мың теңгенің көлемінде, бір тоқтының құны екен, ә», – деп қояды өздері. Сонымен төртеуміз екі-екіден қонақ үйдің бірінші қабатындағы қатар екі бөлмеге барып жайғастық. Нағашым Толқын екеумізге 128-ші нөмірлі бөлме тиді де, Байтақ пен Кәдірхан ағалар 130-шы үйге орнықты.

Аула ішінде суға түсетін хауыз, одан арғы үлкен қақпадан шамамен 10 метрдей жерде теңіз қайраңы. Жағажайға шықсаң қызықтың бәрі сонда. Су бетін тіле зулап жүрген моторлы қайықтар, шомылғуға барған қалың адам. Кейде үріккен жылқыдай дүркіреген ақжал толқындар асыр салып табаныңның астына келіп қайтады. Жағада да ине шаншар орын жоқ, борпылдақ құмға тігілген қол шатырдай қалың қалқайма. Әр қалқайманың астына теңіз суына сүңгіп шыққандар күнге қыздырынып демалуына арналған қос-қостан жиналмалы жеңіл төсектер қойылыпты.

Біз де сәл тізе жазып тыныққан соң көппен бірге теңізге барып суға шомылуға бет алдық. Теңіз суы тұзды, ащы болғанымен жанға жайлы екен. Түбіне түйме түсіп кетсе де көрінетіндей тұп-тынық. Әр күнгі демалысымыз көңілді, кештеріміз әзіл-қалжыңға толы қызықты әңгімелермен өтіп жатты. Кейде Еуропаға келгелі Черногориядан көрген-түйгенімізді айтып, едің жайын, жердің жайын сөз етеміз. Енді бірде заман ағымымен бірге аунап өзімізше проза және поэзия жайында орамды ой қозғап, күллі халық үлгі тұтқан Абайдың, Байронның, Лермонтов пен Пушкиннің шығармашылығы туралы талқы да болып өтеді армызда. Ондай да рухани тұрғыдан бір сергіп, серпіліп, ләззаттанып, жасарып, жайнап қалатынымыз бар. Мұндай талқылаулар мен көңіл сегітер басқосулар көбінде Кәдірхан мен Байтақ ағалардың бөлмесінде өтіп жүрді. Ондағы екеуінің де жасы бізден үлкен болғандықтан Толқын нағашым «Үлкен үй» деп ат қойып алған. Бір күні кешкі астан кейін нағашым маған: «Жүр, үлкен үйдегілерге барып біраз әңгімелесіп қайтайық», – деді. Мен де болмайды дегем жоқ, қосыла кеттім. Ауылдағы қыдырымпаз жандардай екі кештің арасында есік қағып кіріп бардық. Ағалармыз қонақ күтетіндей шағын үстелдің үстін жеміс-жидектер мен сусынға толтырып қойып әңгімелесіп отыр екен. – Ой, бәрекелді, келіңдер, төрлетіңдер, – деп қауқылдай қарсы алды. Әдеттегідей әзіл-қалжыңмен басталған әңгіме қыза-қыза әп-әдемі поэзия кешіне ұласты. Бәрі маған өлең оқы, өлең оқы деп қолқалай берген соң өзімнің бір-екі өлеңімді оқып бердім. Ынтыға тыңдап, қанбай қалғандай сыңай танытқан соң әйгілі Мұхтар Шаханның Естай мен Қорлан туралы жазылған «Ғашықтық ғаламаты» поэмасын оқымақ болдым. Шығарма тым ұзақ қой, бірақ үзінді оқып берейін деген оймен бастап кеттім. Бірақ Толқын нағашым да жатқа біледі екен. Орта жолдан аяқтата салуыма мұрса бермеді. Ақыры ұзақ поэманы толық оқып шықтым. «Бәрекелді, мүдірмей оқыдың, мынадай ұзақ шығарманы жатқа оқудың өзі үлкен алғырлық», – деп бәрі маған мақтау айтып, алқап жатыр. Бір кезде бағанадан басын төмен салып үнсіз ғана тыңдап отырған Байтақ аға:

 – Тамаша! Сонда Естай мен Қорлан көзінің тірсінде қосыла алмай өткен болды ғой, ә?

    – «Көл мен көлдей, тау мен теңдесе,

Белдесуге талап қылдым мен неше?

Елу бір жыл ғашық болдым Қорланға,

Елу бір жыл өмір сүрдім ендеше.

Әттең, тағдыр қоса алмадым сорым ба?

Заман — жылан.

Жатып алды — ау жолымда.

Бірақ менің бақытым да, барым да

 Қорлан берген алтын жүзік жарқырап,

Елу бір жыл сәуле шашты қолымда»,– дейді, не деген керемет теңеу, недеген керемет сөздер»,– деп басын шайқап таңдай қақты.

Осыдан кейін Кәдірхан аға: «Жә, біз де мұндай шығармаларды жатқа оқитын шама жоқ. Дегенмен әу, демейтін қазақ бар ма? Ән айтуға домбыра да болмады. Домбыра болғанда Черногория аспанын қазақтың әнімен бір тербетіп қайтатын едік», – деп қулана бір күліп алып келесі өлең оқу кезегі менің әріптесім Толқын ақында деді.

– «Отырысымыз енді қыза бастады-ау, деймін. Бірақ, ағаларымызға бой қыздыратын әлгі бір сусын кем болып тұрған секілді», – деп бір әзілдеп алып, рахмет, мен «Алтайым» деген бір өлеңімді оқып берейін деп тамағын бір қырнап алып бастап кетті.

     «Алтайдың

Тауына қарап қартайдым,

Суына қарап ортайдым.

Қазақтаң алтын Алтайы,

Енді өзің болдың зор қайғым.

Қатпар-қатпар сыр едің,

Құлпырып тұрған гүл едің.

Жеріңе қарап жүдедім,

Ауырып кетті жүрегім.

Қайда кеткен қыраның,

Кеткен бе ауып құланың?!

Сүркей шыңның басында,

Көрінбейді ұларың.

Көбейіп қою тұманың,

Сарқылыпты-ау бұлағың.

Иісі қайда жусанның,

Басатын көңіл құмарын.

Сарғайып алқап қурап тұр,

Тас атқан шаңыт қырат тұр.

Кесіліп жасыл орманы,

Алтайдың тауы жылап тұр.

Жоғалып қоңыр салқының,

Шаң басып жатыр алқымын.

Жайлағандай жеті жұрт,

Алтайым, қайран алтыным», – деген шумақтарға келгенде ентелей түскен Байтақ аға: «Әп, бәрекелді, жарайсың» дей беріп еді, Кәдірхан аға үндемеңіз, бар, әлі, тыңдайық дегендей қолымен ишарат етті. Толқын тоқталған жоқ.

«Асқар Алтай – жыр –әнім,

Құт мекен – ата тұрағым.

Бейнеңе қарап мен үнсіз,

Кемсеңдеп ұзақ жыладым.

Зілзала болып атылып,

Тастарың жатыр сатылып.

Алтайдың салқын аясы,

Шаң тозаң болған қапырық.

Жазығың тілім-тілім боп,

Халқыңда дінің-тілің жоқ.

Күннің де көзін бұлт басқан,

Шуағын төгер күлімдеп,

Алтайым – алтын бесігім,

Қалпыңа келер түрің жоқ.

Тауы, суы, жартасы,

Орман, тоғай, аршасы.

Қымбат еді алтыннан,

Қиыршықтай әр тасы.

Асқақ алтай қазақтың,

Еңсесі мен маркасы.

Аздығы ма шарамның,

Қайғысы ма заманның?!

Қаны тамған әкемнің,

Жасы тамған анамның.

Алтайым – ата мекенім,

Басы қалған бабамның.

Мекені едің бөкеннің,

Қолында қапсың бөтеннің.

Алтыны аңқау көкемнің,

Айырылып қалған екенмін,

 Айырылып қалған екенмін?!», –деп келіп тоқтады.

– «Па, шіркін, жаныңды қоярға жер таптырмай, жүрегіңді суырып әкететіндей тебінді өлең екен. Алтайдың қазіргі хәлін айнадан көріп тұрғандай болады екенсің. Қайран мекен кетті деші жат-жұрттың қолында», – деп зілді кейістікпен бір күрсініп қойды Кәдірхан.

 «Е, бұл қазақ ел мен жер үшін не көрмеді дейсің. Жер шарына тарыдай шашырап кеткені де содан еді ғой. Кешегі «Ағажай, Алтайдай жер қайда-ай» деп әндетіп Гималай асқан қазақтың көкірегінде сол Алтайдың мұңы мен мәгілік зары кеткен жоқ па еді» деген бір ой менің де көзіме жас іркіп, көкірегіме ащы запырандай бір шерменді шер болып байлана берді.

Сол өлеңнің әсерінен кейін күрт бұзылған ауа райындай отырғандардың көңіл-күйі де бірден өзгерді. Күздегі толассыз жауған жаңбырдың соңы қарға айналғаны секілді Алтайдың құсасы үш ағамның ішіп отырған сусынының соңын ащыға айналдырып жіберді. Олар сол ішкенен мол ішті. Әр күнгі кеш онсыз өтпейтін болды. Бір жақсысы мені құлшылығы бар деп әурелемейді. Өз жатағымда дара қала беретін болдым. Не көрсе де үшеуі көрші бөлмеде бірге көріп жатыр. Нағашым да таңертең сап-сау тұрып серуендеп теңізге түсіп, жуынып-шайынып тамақтанған соң, түс ауа үлкен үйіне қарай беттейтінді шығарды. Тіпті, сол кеткеннен күздің ұзақ сары таңы ағарып атқанда қайта оралып жүрді. Олар құсаланғалы екі күн өтті. Үшінші күні таңғы астан кейін шомылуға барайын деп жатыр едім. Кәдірхан аға келіп сөз арасында: – «Ой, бауырым, кешір! Біз алдыңғы күнгі Алтайдың қайғысымен екі күн қатты кетіп қалдық. Басқаларды білмеймін, мен өзім бүгіннен бастап ішкенді тоқтаттым. Енді елге барғанша сол құрғырды аузыма да алмайын деп тұрмын», – деп уәде етті. Теңіз жаққа барсам Байтақ ағалар әдеттегідей шомылуды бастап кетіпті. Толқын нағашым неге көп айналдың деген соң: «Шыққалы жатыр едім, Кәдірхан аға келіпті. Кетіп қалатын емес, әңгімелесіп біраз отырып қалдық», –дедім.

– Өзі қайда?

– Қазір келеді.

– Сау ма? – дейді өзінің оған түк қатысы жоқтай.

– Сау, бүгіннен бастап ішпеймін, қойдым деп ант су ішіп отыр ғой, –деп күлдім.

– Әй, онда ол саған уәдесін тым ертерек беріп қойыпты. Кешке қарай көреміз қаншаға шыдарын, – деп Толқын кеңкілдеп бір күліп алып теңізге секіріп түсіп, құлаштай сермеп жүзе жөнелді.

Жағажайдағы қызық думан серуенмен сыр етіп ол күн де өтті. Черногорияның аспанын ал қызыл алауға малып тағы бір күн батты. Ақшам намазын оқып болып, ағаларымнан тырс еткен дыбыс естілмей қалған соң көрші бөлмеге кірсем таңертеңгі уәде жайында қалып үшеуі тағы біраз жерге барып қалыпты.

– Бауырым, кешір бізді, тағы да болмай қалды, уәде де тұра алмадық – деп қояды түске дейін уәдеге берік кісіше жүрген Кәдірхан ағам.

– Әй, бағана мен айттым ғой, кешке қарай көреміз деп, айтқаным айдай келді ме? – дейді Толқын нағашым өзінің көріпкелдігін дәлелдегендей болып.

– Болды, болды енді, дауласпаңдар, ондай, ондай болып тұрады, – деп шыбындаған жылқыдай басын шұлғып Байтақ аға отыр.

Олардың мұндай басқосулары тағы бір күнге созылып барып жынын алған бақсыдай сап тиылды. Қайтатын мезгіл де жақындаған. Әдеттегідей ұйқымыз қанғанда тұрып, жуынып-шайынып, түске дейін Будва қаласындағы 2500 жылдық тарихы бар ескі шаһарды аралап қайттық. Түрлі мұражайларға толы орта ғасырлық қабырғалы қалада көне бір мешіт бар екен деген соң арнайы барып болмағанда екі рәкат сәлем намазын оқып қайтам ғой деп ойлап жүр едім, сәті түспеді. Ертең күн жұма. Черногорияның басқа да әсем орындарына саяхаттап, сенбіге демалып, жексенбі күні елге қайтатын болдық. Бәрі де кесте бойынша жүріп жатыр. Жұма күні таңсәріде жол бастаушы бізді 15 адамдық шағын көлікке отарғызып алып жолға шықты. Сапарластарымыздың бәрінің қолында азық-түлік салынған бір-бір қағаз қалта. Бізге де қонақ үй қызметкерлері таңғы асымызды алдын ала дайындап қойыпты. Дәл сондай қағаз қалталарға салып шығарда қолымызға ұстатқан. Көлік тағы да сол жап-жасыл орманды өңірде құз-қиялардан асып, небір тар қысаңдардағы ұңғымалармен тау мен тауды тұтастырып салынған зәулім көпірлерден өтіп зулап келеді. Жол бастаушы құлақ қабын киіп, дауыс ұлғайтқыш микрофонын ұстап, ел жайын, жер жайын жағы сембей таныстырып келеді.

Черногория – Жерорта теңізі қатпарлы белдеуінің ішінде орналасқан. Халық саны 600 мыңнан асады. Бокситтер, мыс-қорғасын-мырыш күміс кендері, қоңыр көмір, мәрмәр, табиғи құрылыс материалдары сынды пайдалы қазбалары, Адриатика теңізінің қайранында мұнай және газ кен орындары бар. Ел аумағының 70 пайызға жуығы орманды. Мұнда негізінен ақ шырша мен еуропалық шыршадан тұратын қылқан жапырақты ормандар биік-биік құздарға жайылып өседі. Жері таулы, өзенді, теңізге тұтасады. Қысы жылы, ылғалды, жазы ыстық, құрғақ қоңыржай белдеулік климатқа жатады. Сүт қоректілердің 65, мемлекет қорғауында жануарлардың 250 түрі бар. Негізгі ауыл шаруашылығы дақылдары кортоп, темекі, жүзім және цитрус жемістері, зәйтүн, інжір. Басты өнеркәсіп көзі темекі, тұз, алюминий өндіру деп сыдыртып отыр.

Будва қаласынан шамамен 10 шақырымдай шыққанда патшайым жағажайы және әулие Стефан арал қонақүйі бірден көзге түседі. Заманында Италия королі, Нидерланды ханшайымдары қона түнеп, сайран салған қонақжайдың көркі шынымен де көз сүріндірерлік. Сол баяғы көк теңізбен қоршалған аралдағы сәнді де зәулім бір шоғыр әсем ғимарат алыстан мен мұндалап өткен-кеткенді еріксіз баурайды. Әр жерге сәл аялдап, суретке түсіп, бой жазып қайта шығамыз. Көлік, бірде, терең бір шатқалдағы шапқан жолмен тартып отырып Подгорицаның батысындағы ат шаптырым қашықтықтағы таудың ішіндегі Острог шіркеуіне барып тұмсығын тіреді. 17-ші ғасырда Осман империясының шабуылынан қорған ретінде жартасты ойып салынған монастырь қазір христиандардың негізгі қажылық орны саналады екен. Арамыздағы христиан дінінің біраз өкілдері де бар еді, олар көліктен түсіп, өз құлшылықтарын орындап шықты. Одан ары тағы да сол тұмса табиғаттың талай әсем көрністеріне көз мейірін қандырып, Тара шатқалын бойлап даңқы жер жүзіне әйгілі Джурджевич көпіріне де келіп жеттік. Тара өзенінің Црквин өткелінде орналасқан бұл көпірдің биіктігі 172 метр, ұзындығы 365 метрге жуық. Көпір Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін итальяндықтардың шабуылы кезінде жарылып, кейін қайта салыныпты. Шөп сонысын жүре шалып, су тұнығын жүзе жұтқан жылқыдай бірден бірге өтіп айналамыздан көз алмай келеміз. Келесі бағытымыз Тара және Лим өзендерінің ортасында орналасқан адам аяғы баспаған ну орманды Биоградска Гора деп аталатын Черногорияның ұлттық паркі мен Будва қаласына іргесі тиіп жатқан Оңтүстік Еуропадағы ең үлкен Скадар көлі болды. Екі мыңнан аса өсімдік, 150-ден астам құс түрі бар қорықты 70-ке жуық жабайы жануар мекендейді екен. Ал, сирек кездесетін құстардың ордасына айналған Скадар көлінде лала гүлі шешек атып түр. «Мың естігеннен бір көрген артық» деген даналар тұжырымында. Алла тағала жер әлемді, тамылжыған табиғаттың сұлулығын пендесінің көріп көз айдын болуы үшін жаратқан. Көркемдікті көз қыдыртқан сайын көз аямыз кеңіп, ой өреміз, дүние танымыздың айқындала түсетіні анық. Көзбен көргенді сөзбен жеткізу лазым. Сапарлас төртеуміз қайтар қайтқанша он күндік саяхатымызда қаймағы бұзылмаған қарт құрлықтан алған әсерімізді айтып тауыса алсақшы. Кейде оларды өз жеріміздегі әсемдіктің айнасы саналған Көлсай, Көкшетау, шығыстағы Марқакөл, Шарын мен Каспий, Балқаш пен Алакөлдерімен салыстыра отырып бағалаймыз. Бізде Черногорияны он орайтын киелі ел, асты-үсті мұнай мен алтынға толы ұлан-ғайыр жеріміздің бары да ақиқат. Бірақ ұқсата алмай қормыз. «Әттең, өзім де қолдың қысқалығыннан келіп тұрған талай несібеден қағылған едім. Жері байдың – елі бай. Егер ел жетпіс жыл бодандықта, отыз жыл ұры-қарының уысына болмағанда әлемдегі ең бай елдердің қатарда болар ма еді, кім білсін? Онда ел де, мен де өзгелерден оқ бойы алда болатын едік қой» деймін іштей. Йә, көз арбаған өзгенің жауһары мен жаһұтына қанша қызықсақ та біз үшін өз еліміздің әр түйір тасы, халқымыздың дарқан да дара пейілі алтыннан да ардақты.

Айдын КӘЛІМХАН,

Қазақстан Жазушылар Одағының және Журналистер одағының мүшесі

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қатысты жаңалықтар

Байланыс аясынан тыс жерде

Байланыс аясынан тыс жерде

14.06.2026
Тіл – ұлттың жаны

Жарнама – тіл тазалығының көрінісі

14.06.2026
Бангкоктың ғажайып келбеті

Бангкоктың ғажайып келбеті

14.06.2026
Жайлы тұрмыстың негізі

Жайлы тұрмыстың негізі

14.06.2026
Гидротехникалық  құрылыс

Гидротехникалық құрылыс

14.06.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.