Сарқандық Асылан Нұрдаулетов Астанада жауынгерлік самбодан мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен Азия чемпионатында топ жарды. Осыған орай Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Қанатұлы чемпионды жеке қабылдап, жарқын жеңісімен құттықтады.
– Дүбірлі додада ел абыройын асқақтатып, алтын тұғырдан көріндің. Соның арқасында байрақты бәсекелерде Көк туымыз желбіреп, Гимніміз шырқалады. Алпауыт мемлекеттердің спортшылары бақ сынасқан бәсекеде жеңімпаз атанғаның біз үшін зор мақтаныш. Бұл барша қазақ елінің жеңісі, – дей келе аудан әкімі балуанға естелік сый-сияпатын табыстады.
Өз кезегінде чемпион көрсетілген сый-құрметке ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.
Айта кетейік, Азия чемпионатында алтын тұғырдан көрінген Асылан енді Англияда өтетін әлем біріншілігінде ел намысын қорғайды.
Қанат БАЙДРАХМАНОВ,
Сарқан ауданы әкімінің баспасөз хатшысы





