Кеңес одағы кезінде жерімізге ешқандай үлесі болмаған өзге ұлт өкілдерінің атауы көптеп беріліп, көңілімізге көлеңке түсіргені анық. Тәуелсіздік алғаннан кейін елді мекендердің байырғы атаулары қайта ауыстырылып, ұлт болып ұйысудың түп қазығына айналды. Сол қатарда қазақ айтыс өнерінің жарық жұлдызы болып өнер көгінде өзіндік еншісін алған Сара Тастанбекқызын әспеттейтін салиқалы істер жүрді. Бүгінде Талдықорған қаласында, аудан, қалаларда Ақын Сараның ескерткіші бой көтеріп, көше, мектеп, ауылдарға есімі беріліп, жерленген жеріне кесенесі тұрғызылған. Бұл тұрғыда кінә артуға тиісті емеспіз.
– Анау көрініп тұрған тоғанның арғы тұсында Сара апамыз туған екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ауыл біраз жыл Ақын Сара ауылы деп аталып, сол кезде туған балалардың құжатына «Ақын Сара ауылында туды» деп жазылып жүрді. Сол жылдары ақынын құрметтеген ел күрежолдың ауылға бұрылатын тұсына домбыра бейнесіндегі ескерткіш қойып, өнерпазға деген сүйіспеншілігін көрсетті. Алайда Ақын Сара ауылы заң жүзінде тіркелмегендіктен кейін келе ауылға «Көкжайдақ» деген ат берілді. Бүгінде ауыл Ақсу ауылдық округіне қарасты Көкжайдақ ауылы деп аталады. Бірақ жұрт тегіс Қосағаш деп айтуға әдеттеніп кеткен, – дейді ауыл ақсақалы Мүсәпір Қуанышбаев.
Әңгіменің әлқиссасын Қосағаштан бастағанымыздың да себебі бар. Өйткені «Әркімнің туған жері Мысыр шаһары» деген өткеннен қалған өнегені бағыт етіп, Сара апамыздың туған жерін айта кету болатын. Алайда адам өмірі үшін өскен жер, еңбек еткен ортасының да атқаратын рөлі зор. Оралхан Бөкеевтің: «Кім қай жерден өз бақытын тапса, ол – соның Отаны» деген сөзінің төркіні де осы.
Ақын Сара апамыз туған ауылдың азаматтарымен жүздесіп қайтқан соң Ескелді ауданының Ақын Сара ауылдық округіне ат басын бұрдық. Ақын Сара атындағы ауыл Кеңес одағы тұсында Қапал ауданының Целинный поселкелік кеңесі болып аталған. Целинный дегенді «Google» аудармаға салып көрсем «Тың» деген мағынада екен. Демек, тың жерге ауыл құрдық деген мақтаныштан туған атау болса керек. Бірақ олар елді мекеннің тарихы тым тереңде жатқанын түсінбеген, тіпті түсінгісі келмеген.
– Ертеден бүгінге жеткен қазақ айтыс өнері жауһарының бірі саналатын Біржан сал мен Ақын Сара айтысы бүгінгі Ескелді ауданының Ақын Сара ауылдық округіне қарасты Тоғызқұмалақ деп аталатын тарихи қоныста өткен. Ал ауылдық округке қарасты Ақешкі ауылының аумағында, Талдықорған – Өскемен күрежолының бойында ақынға арналған ескерткіш бой көтерген. Қысқасы, бұл өңірдің жазығы мен жота-жондары, әр тасында тарихтың табы қалған, – дейді Ақын Сара ауылдық округінің әкімі Шынарбек Қасымұлы.
– 2023 жылы әкім болып тағайындалғаннан кейін ақсақал, ақ жаулықты аналар, белсенді азаматтардың басын қосып, ауылды өркендетудің мәселелерін талқыладық. Сол жиында Мәдениет үйі мен клуб, жайылымдық және егістік жер, ауызсу секілді ұсыныстар айтылды. Кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев пен аудан әкімі Елдос Ахметовтың аудан тұрғындарымен кездесуінде көтерілген мәселелердің бірқатары бүгінде толық орындалды. Айталық, өткен бір жылдың ішінде Ақын Сара ауылында ауылдық округтің әкімшілік ғимараты, клуб, спорт алаңы, Ақешкі ауылында малдәрігерлік пункт бой көтерді. Ақешкі ауылындағы ауызсу мәселесі біраз жылдан бері шешілмей келе жатыр еді. Былтыр ауыл толығымен ауызсумен қамтамасыз етілді. Ақтұма ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жұмысы 95 пайызға орындалды. Қалғаны көктем шыға жер кеңігенде бітеді. Ақешкі ауылында арық суы бар. Ал Ақын Сара мен Ақтұма ауылдарында арық суы жоқ еді. Ауылдарға арық суын жеткізу бойынша 2015 жылы қаржы бөлініп, жобалау-сметалық құжаты дайындалып, жобаны жүзеге асыруға қомақты қаражат бөлінді. Енді Талдықорған – Өскемен күрежолынан Қапалға баратын жолдың сапасыздығын тұрғындар жиі айтып жүр еді. Биыл Қапал бұрылысынан Ақешкі өзеніне дейінгі жол жасалатын болды. Ауданда газдандыру жұмысы қауырт жүріп жатқанынан оқырмандар хабардар. Демек, Ақын Сара ауылына да көгілдір отын жететін күн алыс емес. Игерілмей жатқан 3135 гектар жер мемлекет меншігіне өтіп, конкурс арқылы ауыл тұрғындарына берілді. Алдағы уақытта тағы да 4200 гектар жер ел игілігіне қайтатын болады, – дейді ауыл әкімі.
Біз ауыл тұрғындары, ауылдық округ қызметкерлері, мектеп мұғалімдерімен пікірлесу барысында төмендегі ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізуді жөн көрдік.
1. Бүгінде Ақын Сара ауылының инфрақұрылымы жақсара түскен. Аудандық, облыстық шараларды атқаруға қауқарлы. Сондықтан «Біржанның інілері, Сараның сіңлілері» айдарымен өтетін айтыс ақындарының сөз сайысын дәстүрлі түрде Ақын Сара мен Біржан сал айтысқан Тоғызқұмалақ тарихи орнында өткізуді қолға алса ақын есімін ұлықтап, тарихқа тағзым етудің өнегесіне айналып, ауылдың рухани-мәдени өмірі өркендей түсер еді.
2. Журналист ретінде Ақын Сараны ұлықтауға арналған аудандық, облыстық, республикалық конференция, еске алу кештеріне жиі қатысып тұрамыз. Сол шараларда Ақын Сара ауылының тыныс-тіршілігі жайлы білмек болып іздесек те ауылдың бірде-бір өкілін таба алмай жатамыз. Сондықтан осындай шараларға ауыл әкімдігінің мамандары, мектеп ұжымының оқытушылары, ауыл ақсақалдары құрметті қонақ ретінде шақырылып, көпшілікке ақпарат беріп тұрса, тұлғаға деген құрметтің ең кереметі болар еді. Осыдан былай осы жағын да ескере жүрерміз деген ойдамын.
3. Жыл сайын жаңа оқу маусымы басталғанда облыстық білім басқармасы тарапынан мектептерде атқарылатын жұмыстардың жоспары бекітіледі. Осы жоспарға «Тарихи тұлғалардың есімі берілген елді мекендердегі мектептер сол тұлғаның өмірі мен өнегесін насихаттайтын тәрбиелік шаралар жоспарлы түрде жыл бойы өткізілсін» деген пункт енгізілсе, құба-құп болар ма еді?
4. Талдықорған – Өскемен күрежолының бойында орналасқан Ақын Сара кесенесі туралы жоғарыда айттық. Осы жазбаны дайындау барысында кесенеге барып тәу еттік. Өкінішке қарай, кесененің барлық құжаттары енгізілген QR код тозып, өшкіндеп кеткен. Ұялы телефонымызды қосып көрдік. Бірақ ешбір ақпаратты көрсетпейді. Демек, бұл кесенеге ары-бері өткен жүргіншілер жиі барып тұрады. Істемейтін QR код жетісулықтарға ұят болып тұр. Сол құрылғыны қайта жаңартып, орнатқан дұрыс-ау.Бұл ұсыныстарды тиісті мекемелерге жолдап, берілген ресми жауаптарды оқырмандарға қосымша жеткіземіз.
– Ауылдық округтің бастамасымен Ақын Сара апамыздың есімін ұлықтау мақсатында жыл сайын Ақын Сара мен Біржан салдың айтысы өткен Тоғызқұмалақ тарихи орнына саяхат жасап, Ақын Сара кесенесіне сенбілік ұйымдастырамыз. Қаражатымыз бен қауқарымыз жеткенше қолдан келген шараларды жасап келеміз, – дейді ол.
Әрине, өскелең ұрпақтың бойына елге, жерге, тұлғаға деген сүйіспеншілікті ұялататын мектеп екендігі белгілі. Сондықтан Ақын Сара ауылындағы Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің директоры Ақмарал Байбосыноваға жолығып, атқарылып жатқан жұмыстар жайын сұрадық:
– Білім шаңырағында ақын апамыздың есімін ұлықтау мақсатында мәдени-рухани шаралар жиі өтіп тұрады. Туған жер, өлкетану бағдарламасы аясында мектеп оқушылары Ешкіөлмес тауы баурайындағы Ақын Сара мен Біржан салдың айтысы өткен «Тоғызқұмалақ» тарихи жеріне саяхаттап, оқушылар аудандық өлкетанулық ғылыми-тәжірибелік бағыттағы конференцияға, конкурстарға қатысып, жүлделі болып жүр. Айталық, мектеп оқушысы Әйгерім Жақай жергілікті жердің топонимикасы мен ономастикасы тақырыбы бойынша «Ақын Сараның шығармаларындағы жер атауларының шығу тарихы» тақырыбында зерттеу жұмысын қорғап, аудандық конференцияда ІІ орынды иеленді. Аяла Тұрысбек «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар» бағыты бойынша Ақын Сараның мемориалдық музейіне, «Қарашоқы» қорымына, Ақын Сара кесенесіне барып ақпараттар жинастырды. Оның жобасы облыстық кезеңге жолдама алып, «Дарын» орталығының Алғыс хатын иеленді. Былтыр республикалық «Менің шағын Отаным» интеллектуалдық конкурсына Аяла Тұрысбек пен Күншуақ Мақсатбек бірлескен жоба жұмысын орындап, аудандық сайыста І, облыстық кезеңде ІІ орынды иеленді. Ғылыми-зерттеу жұмысы барысында Күншуақ Мақсатбектің әкесі Мақсатбек Рақымжанұлынан сұхбат алып, сол кісінің қолындағы Жүсіпбек қожа Шайқысламұлынан қалған қолжазба, яғни «Ақын Сара мен Біржан сал айтысының» түпнұсқасымен танысты. «Туған өлкенің табиғаты» виртуалды саяхат бағыты бойынша мектеп оқушысы Толғанай Айтқазы «Сара Тастанбекқызы – дара тұлға» тақырыбында «Тоғызқұмалақ» тарихи орнына саяхаттап, Ақсу ауданының Абай ауылында орналасқан ақын ескерткішіне тағзым етіп, ақсақалдардан деректер жинап, Қапал ауылы мұражайындағы ақын апамыздың қолданған заттарымен, балалық шағындағы естеліктерімен танысты. Зерттеу жұмыстары аясында жинақталған материалдар бойынша мектеп оқушыларына 3D форматта саяхат, таныстырылым жасады, – дейді ол.
Әрине, білім шаңырағы оқушыларға туған ауылының тарихын, Сара Тастанбекқызының өнегелі өмірін насихаттау үшін қолдан келгенше еңбектеніп жатқанын білдік. Алайда, ауыл тұрғындарынан сауалнама жүргізіп көргенде олар Ақын Сара туралы білгенімен көбі ақын есімін ұлықтауға қатысты атқарылып жатқан жұмыстардан хабарсыз болып шықты. Бұл үшін ауыл тұрғындарын, әкімдік қызметкерлерін, мектеп ұжымын кінәламақшы емеспіз. Өйткені, олар мүмкіндігінше қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр. «Жоқтық жомарттың қолын байлайды» дегендей, шынайы қолдау болса, мұнан да ауқымды шаралар ұйымдастыруға ынталы.
Қажет АНДАС
Ақын Сара ауылы,
Ескелді ауданы