Елімізде коронавирусқа байланысты төтенше жағдай жарияланғалы оқушыларына қашықтан дәріс беріп, нәтижелі жұмыс жүргізіп жатқан ұстаздар аз емес. Солардың қатарында Кеген ауданына қарасты Ақсай орта мектебінің технология пәнінің мұғалімдері, ерлі-зайыпты Жұмағали Теңгебаев пен Айман Көнекбаева да бар.
Жұмағали Алматы индустриялды-педагогикалық академиясын еңбек технологиясы және кәсіпкерлік пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген. Ал Айман Алматы қаласындағы қыздар педагогикалық институтын сәндік қолданбалы өнерге мамандандырылған еңбек пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған. Жұмағали мен Айманның жүректері мен тілектерін табыстырып, шаңырақ көтергендеріне биыл 27 жыл болыпты. Жас жұбайлар дәл осынау жып-жылы Ақсайдай шағын ауыл- да отау құрған. Міне, содан бері зымырап айлар, жылжып жылдар өтіп жатыр. Мынау жарық өмірде таңдаған мамандықтары бір қос ғашық Ақсай орта мектебінде шәкірттеріне тағылымды тәрбие, сапалы білім беріп келеді.
Ел басына түскен қиын шақ қос ұстаздың да жанын ауыртты. Ел-жұртымен тілек-ниеттерінің ортақ екенін шынайы білдіріп жатты. Қашықтан оқытудың қыры мен сырына қанық жандар төтенше жағдай жарияланған күннен бастап әлеуметтік желілер арқылы шәкірттеріне дәріс берді. Тиісті тапсырманы жүктеп, оның нәтижесін де назарларына алып отырды. Оның сыртында он саусағы өнерге толы қос ұстаз биыл өтіп жатқан республикалық «Бақытты отбасы» байқауының облыстық кезеңіне онлайн түрде қатысуда. Олар «Біздің отбасымызда барлығы шебер», «Менің отбасым шығармашылық және өнер әлемінде» атты номинациялар бойынша жұмыстарын өткізіп те қойды.
Айман Көнекбаева жо- ғары санатты технология пәнінің мұғалімі. Сәндік қолданбалы өнердің шынайы шебері. Жұмыстан тыс уақытында ұлттық киім, заманауи терезе, есік перде тігумен, сәнді бұйымдар жасаумен айналысады. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҮІІ халықаралық экономикалық форумға делегат ретінде қатысқан. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығының белді мүшесі. Аружан Тілепбай секілді бірнеше шәкірті республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, І дәрежелі дипломға ие болған. Айманның шығармашылық жұмысы облыстық, республикалық түрлі басылымдарда жарық көріп, іс-тәжірибелері таратылып жүр.
Жары Жұмағали Теңгебаев та ұлағатты ұстаз, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері. Дарынды оқушылармен жұмыс істеудегі ерекше еңбегі үшін ҚР Кіші ғылым академиясы Президентінің грамотасын иеленген. Облыстық, республикалық түрлі байқауда жүзін жарқыратқан шәкірті көп.
Өзінің шығармашылық еңбегі арқылы да жеткен жетістігі, алған биіктері аз емес. Қос ұстаз оқушыларға сапалы білім беру мақсатында үлгілі ашық сабақтар, сабақтан тыс шаралар ұйымдастырып дәріс жүргізіп келеді. Еткен еңбек, маңдай тері өтеусіз емес. Жұмағали мен Айманның «Көркем еңбек сабақтарында оқушылардың қолөнер шығармашылығын дамыту» атты авторлық бағдарламасы қорғалып, өз алдына кітап болып шықты. Республикалық «Ең үздік авторлық бағдарлама» байқауында Жұмағали мен Айманның дәл осы авторлық бағдарламасы І орынды иеленді.
«Алтын алқалы» ана, тыл ардагері Тұрдымхан Елікбаевадай аналарының мейіріміне шомылып, ақылын тыңдай өскен ерлі-зайыпты жандар дүниеге екі ұл, екі қыз әкелді. Ерасылдай үлкен ұлы мен Мөлдір келіндерінің қолында Әлихан атты немерелері өсіп келеді. Қыздары Назерке өздерінің жолын қуған. Талғар ауданында технология пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде. Ұлдары Елдос та болашақ ұстаз. Кенже қыздары Жанерке 7-сыныпта оқып жүр.
Айман Көнекбаева қазіргі уақытта «Ютуб» каналы арқылы «Көркем еңбек» пәнінен әртүрлі сыныптарға 5 бейнесабағын жариялады. Иә, төтенше жағдай кезінде қашықтан дәріс жүргізіп, «Бақытты отбасы» байқауына да қатысып жүрген отбасы иелеріне сәттілік тілейміз!
Қанат БІРЖАНСАЛ




