Қазақстаннан соғысқа 1 млн. 196 мың адам аттанған. Сол тұстағы Алматы облысынан (Жетісу облысын қоса есептегенде) майданға 120 мыңнан астам адам аттанып, олардың 57 мыңнан астамы ұрыс даласында ерлікпен қаза тапты.
Соғыс жылдары Мәскеудің 40, Украинаның 70, Белоруссия, Ленинград және басқа жерлерден Қазақстанға барлығы 220 фабрика, зауыттар мен артельдер, 14 қант өнеркәсібі кәсіпорындары көшіп келді. Осы келген жабдықтың негізінде Қарабұлақ қант зауыты салынды. Лозинск шеге-шайба жасау зауыты Лепсі стансысына, Мәскеу авиация институтының оқу шеберханалары Матай стансысына көшірілді. Әлемге аты әйгілі қару жасағыш – өнертапқыш М. Калашников өзінің автоматын осы Матай стансысының депо жұмысшыларымен бірге жасап шығарды.
Жеңіс үшін қазақстандық түрлі-түсті металлургия саласының маңызы да айрықша болды. Солардың қатарында 1942 жылы іске қосылған Текелі қорғасын-мырыш комбинатының да үлесі зор. Теміржол және су көлігі саласының қызметкерлері де тынбай еңбек етті. Сол жылдары Талдықорған – Текелі теміржол желілері Түрксиб және Қарағанды темір жолдарының қуатын күшейтті.
Соғыс кезінде Қазақстан 4 миллион 829 мың тонна астық, 1 миллион 193 мың тонна қант қызылшасын, 600 мың тонна ет берді. Еліміздің егістік жері 842 мың гектарға кеңейтілді, яғни ол бүкіл КСРО-дағы егіс алаңының 30 пайызын құрады. Мал шаруашылығын дамытқаны үшін Қазақ КСР-і 1943 жылдың сәуірінде Мемлекеттік Қорғаныс Комитетінің ауыспалы Қызыл туын алды. Бұл жетістіктің ішінде жетісулықтардың да үлесі мол.