Арада 39 жыл өтсе де қатыгездік пен жан түршігерлік оқиға болған күндердің естелігін еске алудың өзі қиын. Бәрі 1986 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына Геннадий Колбиннің тағайындалуынан басталады. Бұл ақпаратты желтоқсанның 17-сі күні барлық республикалық, облыстық басылымдар бірінші бетке басыпты. Басшыны өзімізден қоймай, Мәскеуден адам алып келгенін оқыған жастар «Әр ұлтқа өз көсемі», – деп ұрандап алаңға шығады. Бірақ, бейбіт шеру ұйымдастырғандардың талап-тілегі орындалмай, аяусыз соққыға жығылады. Өкініштісі, солақай саясаттың салдарынан Желтоқсан көтерілісінің шындығы жайлы бірде-бір басылым жақ ашпапты. Ұлттық кітапханаға барып, табандап жүріп іздегенде тапқанымыз шағын ақпарат қана. Оның өзі жастарды даттау, қаралау мақсатында жазылыпты. Алғашқы хабар «Социалистік Қазақстан» газетінің 1986 жылғы 19 желтоқсан күнгі нөмірінде жарияланыпты. «Алматыдан хабар» деген тақырыппен берілген ТАСС заметкасында былай делінеді:
«Алматы. 18 декабрь. (ТАСС). Кеше кешкісін және бүгін күндіз Алматыда ұлтшыл элементтер арандатып салған оқушы жастар тобы көшелерге шығып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жуырда болған пленумының шешіміне наразылық білдірді. Бұл жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және қоғамға жат басқа да адамдар пайдаланып, право тәртібінің өкілдері жөнінде правоға қарсы әрекеттер жасады, сондай-ақ, бірі азық-түлік магазинін, жекеменшік автомобильдерді өртеді, қала азаматтарына қарсы намысты қорлайтын әрекеттер жасады». Сондай-ақ, жастардың іс-әрекеттерін айыптап, бұзақыларға батыл шаралар қолдану, қалада толық тәртіп орнату керектігі жазылған.
Жастардың тәртібі жөнінде мақала газеттерге әр нөмір сайын шығыпты. Ең сорақысы, жастар «азаттық» деп жар салып жүргенде облыстың бірқатар зиялы өкілдері көтеріліске шыққан жастарға қарсы хат жазыпты. Ел ағаларының қаралап жазған хатын оқығанда жаның ауырып, жүрегің сыздайды.
Осыдан кейін қудалау басталып, белсенді жастар жауапқа тартыла бастайды. 1987 жылы алаңға шыққан 5 азаматқа қатысты сот ісі қаралады. Желтоқсаншылардың сотта тұрған суретін облыстық басылым болса да «Jetisý» газеті №119 санына басып жіберіпті. Қиын заманда аймақтық газет болса да қорықпай фото шығарып жіберу нағыз ерлікпен пара-пар еді. Мақалада сот ісі терең зерттеліп жазылмаса да боздақтардың суреті, кімнің судья болғаны ашық көрсетілген. Жарты жылдан соң шыққан мақала жылымық орнатқандай болды. Бірақ, ата басылымды оқыған кеңестік билік «Jetisý» газетінің бас редакторы Мамадияр Жақыпты жұмыстан босатады. Газеттің келесі санына орынбасары қол қойған, кейін басқа бас редактор тағайындалған.
Сол кезде шідерленген дүние Тәуелсіздік алғаннан кейін ашық жазыла бастапты. Алғашқы «Егемен Қазақстан» газетінің 1991 жылғы 14 желтоқсаны күнгі санында Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін жауапқа тартылғандарды ақтау туралы Жарлық шығады. Сол нөмірде Тәуелсіздікті алдын ала сүйіншілеген ақпарат та жарық көреді. Осыдан көп ұзамай біз бабалар аңсаған Тәуелсіздікті де сүйіншіледік.
Біз Тәуелсіздігіміздің бастауы болған тарихи оқиғаны ұмытпауымыз керек. Себебі, қыршын жастарымыз азаттық жолында жан қиды, ауыр да азапты күндерді бастан өткізді. Олардың есімдері мен ерліктері жылдан жылға, ғасырдан ғасырға жаңғырып жете береді.
Айдар ҚАЛИЕВ





